Жетісайда өткен тойда айтылған пікір әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Көпшілік алдына тілек айту үшін шыққан қарияның уағыз айтып, әншілерді «шайтанның азаншысы» деп атауы, сондай-ақ әйелдерді «ұрғашылар» деуі қоғамда түрлі пікір туғызды. Осы мәселеге қатысты ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Карин пікір білдірді.
Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адам қазіргі таңда тойларда арақ қойылмайтынын оң өзгеріс ретінде бағалайды. Сонымен қатар ол тойларда музыканы алып тастап, әйелдер мен ерлерді бөлек отырғызу қажет екенін айтады. Бұдан бөлек, тойға келген әншілерді «шайтанның азаншысы» деп атап, әйелдерге қатысты қолданған сөздері де қоғамның сынына ұшырады. Желі қолданушылары мұндай пікірлердің орынсыз екенін айтып, той – адамдарға өз көзқарасын таңатын немесе уағыз айтатын орын емес, екі жасқа ақжарма тілек білдіретін қуанышты күн екенін жазды.
Осы оқиғаға қатысты Ерлан Карин әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдіріп, видеода айтылған көзқарастардың қазақ қоғамының болмысына және ұлттық таным-түсінігіне сай келмейтінін айтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Тойда тілекке шығып, ерсі уағыз айтып кеткен ер адамның видеосын желіден көріп қалдым. Шын мәнінде, оның әйелдерді кемсітуі, әншілерге, музыка өнеріне қатысты теріс пікір білдіруі болмысымызға мүлдем жат. Ұлттық таным-түсінікке сәйкес келмейді. Өйткені Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады, – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол өнер мен мәдениетті дінге қарсы қоюды асыра сілтеушілік деп бағалап, Қазақстанның даму бағыты білім, ғылым, өнер мен мәдениетке негізделгенін атап өтті.
Сол секілді, өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою да – асыра сілтеушілік. Мемлекетіміз таңдаған жол бұл емес. Керісінше, еліміз білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке басымдық беріп келеді, – деді Ерлан Карин.
Сонымен қатар көпшілік алдында адамдарды алалау мен өз пікірін өзгелерге қасақана таңу әдептілікке жатпайтынын айтты.
Көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды. Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан. Сол себепті ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қоюымыз қажет, – деп түйіндеді ол.
Еске салайық, Жетісайда өткен тойда түсірілген видео әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Видеодағы қария тойларда музыканы алып тастап, әйелдер мен ерлерді бөлек отырғызуды ұсынып, әншілерді «шайтанның азаншысы» деп атаған. Сонымен қатар оның әйелдерді «ұрғашылар» деп атауы да қоғамда қызу талқыға түсті.