«Жауынгерлердің рухы бар»: жапон музыканты қазақтың домбырасына қалай ғашық болды

«Жауынгерлердің рухы бар»: жапон музыканты қазақтың домбырасына қалай ғашық болды
Фото: El.kz коллажы

Жапонияда дүниеге келіп, Түркияда домбырамен танылған Акира Такегучиді бүгінде қазақтар да жақсы таниды. Кәсіби музыкант түрлі ішекті аспаптарды меңгергенімен, жүрегіне ең жақын болғаны – қазақтың қара домбырасы. Кездейсоқ басталған қызығушылық уақыт өте келе оның шығармашылығының ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде ол қазақтың күйлерін әлемнің әр түкпірінде орындап, ұлттық өнерді насихаттап жүр. Біз жапон музыкантымен сұхбаттасып, домбыраға деген қызығушылығы қалай басталғанын, қазақ музыкасының несімен баурағанын және бүгінгі шығармашылық жолы туралы әңгімелестік.

Домбырамен табысқан сәт

Акира Такегучи Жапонияның Канагава префектурасында тұрады. Бұл – Токиоға жақын орналасқан өңір. Айтуынша, елінде жүргенде Токио көшелерінде жиі өнер көрсетеді.

Музыкант домбыра туралы алғаш рет мектепте оқып жүрген кезінде естіген. Ал қазақтың ұлттық аспабымен 2016 жылы Түркияға барған сапарында танысады. Сол кезде ол Анкарада түркі мәдениетін зерттеуші Ақдениз Ербаштың үйінде қонақ болып, қабырғада ілулі тұрған домбыраны көреді. Үй иесі оған күй орындап береді. Осы кездесу Акираның қазақтың ұлттық аспабына деген қызығушылығын оятады.

Домбыра туралы алғаш рет мектепте оқып жүргенде естідім. Бірақ оны алғаш рет 2016 жылы Түркияда өз көзіммен көрдім. Ақдениз Ербаш маған домбырада күй орындап берді. Кейін 2017 жылдан 2021 жылдың соңына дейін Ыстамбұлда тұрдым. Сол жылдары домбырада ойнауды үйреніп, көшеде жиі өнер көрсеттім, – дейді ол.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от 公式ディマシュジャパンファンクラブ(DJFC) (@official_dimashjapanfc)

Неге дәл домбыраны таңдады?

Акира – кәсіби музыкант. Ол 12 жасында электр гитарасында ойнай бастаған. Кейін фламенко және классикалық гитараны меңгерді. Ұзақ жылдар бойы түріктің уд аспабында ойнап, кейін кеманеге ауысқан.

Қазір оның негізгі аспаптары – домбыра мен түрік скрипкасы.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Akira Takeguchi (@akira_dombyrist)

Музыканттың айтуынша, домбыраның ерекшелігі – қарапайым көрінгенімен, мүмкіндігінің шексіздігінде.

Домбыра – тұтас бір философия. Екі ғана ішегі болса да, оның үні өте бай. Домбыра арқылы табиғаттың үнін де, адамның жан дүниесін де жеткізуге болады. Желдің гуілін, судың сылдырын, найзағайдың күркірегенін, қуаныш пен мұңды күймен бейнелеуге болады, – дейді ол.

«Сарыарқа» – ерекше жақсы көретін күйім

Бүгінде Акираның репертуарында қазақтың көптеген танымал күйлері бар. Ол «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Көңіл толқыны», «Ерке сылқым», «Ақжауын» сияқты күрделі шығармаларды еркін орындайды.

Музыканттың ең сүйікті күйі – Құрманғазының «Сарыарқасы».

Ең жақсы орындайтын күйім – «Сарыарқа». Бұл күй өте жылдам орындалады. Соған қарамастан қолыма өте ыңғайлы, сондықтан ерекше сүйіп орындаймын, – дейді Акира.

Ол Ыстамбұлдағы Таксим алаңында өнер көрсеткен жылдары осы күйлерді тыңдау үшін ондаған адамның арнайы тоқтап, тыңдайтынын айтады.

Халықаралық байқауда топ жарды

Домбырада ойнауды меңгерген Акира халықаралық байқауда да бақ сынап, жеңімпаз атанды. 2021 жылы ол The 3rd International Zhas Tolkyn Competition of Performance of Ethnic Instruments халықаралық онлайн байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды.

Бұл мен қатысқан алғашқы әрі әзірге жалғыз байқау. Жеңімпаз атану мен үшін үлкен қуаныш болды. Ең бастысы, домбыраны дұрыс бағытта меңгеріп келе жатқанымды сезіндім, – дейді музыкант.

Қазақ өнерпаздарынан алған шабыт

Акира шығармашылық жолында қазақтың белгілі күйшісі Секен Тұрысбековпен және әнші, композитор Арсланбек Сұлтанбековпен кездесіп, бірге өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Оның айтуынша, бұл кездесулер шығармашылық жолында ерекше орын алады.

Музыкант алғаш рет Қазақстанға келгенде Алматының Арбатында қазақ күйлерін орындап, жергілікті жұртшылықтың ықыласына бөленген. Сол сапардағы ең үлкен арманының бірі – көптен бері сырттай үлгі тұтып жүрген Секен Тұрысбековпен жүздесу еді. Бұл арман көп ұзамай орындалып, екеуі бірге күй орындаған.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Akira Takeguchi (@akira_dombyrist)

Секен Тұрысбековтің орындауын жақыннан көру мен үшін ұмытылмас әсер қалдырды. Сол кездесуден кейін оның күйлерін орындауға қызығушылығым артты, – дейді Акира.

Музыканттың айтуынша, сол кездесуде Секен Тұрысбеков оған домбыра орындау техникасына қатысты бірқатар кеңес берген. Сондай-ақ Акира «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің орындауын тыңдап, қазақтың кәсіби күйшілік өнерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алған.

Қазақстан туралы әсерімен бөліскен ол болашақта қазақ тілін үйренгісі келетінін де жасырмады.

Қазақстан маған өте ұнайды. Қазақтың дәстүрі мен мәдениетін тереңірек түсіну үшін қазақ тілін үйренгім келеді. Секен Тұрысбеков – нағыз кәсіби музыкант. Бұған дейін түрік музыкасын скрипкада орындадым. Бірақ домбыраның үні бәрінен ерекше әсер етті. Екі ішектің мүмкіндігі шексіз, – дейді ол.

Арсланбек Сұлтанбековтің шығармашылығын да Акира ерекше бағалайды.

Арсланбек Сұлтанбековтің орындау мәнері өзгеше. Дауысы өте қуатты. Оның әндерінен ежелгі түркі жауынгерлерінің рухы сезіледі. Ол домбыра өнеріне өзіндік жаңа өрнек әкелген музыкант, – дейді Акира.

«Домбыра мені көпшілікке танытты»

2017-2021 жылдары Акира Ыстамбұлда тұрып, Таксим алаңында жиі өнер көрсетті. Оның сөзінше, сол кезде көше музыканттарының арасында домбырада ойнайтын адам болмаған.

Домбыра мені өзгелерден ерекшелендірді. Көпшілік бұл аспапқа қызығушылық танытып, тоқтап тыңдайтын, – дейді ол.

Пандемия кезінде қоғамдық орындар жабылып, көшеде өнер көрсетуге мүмкіндік болмағандықтан, Акира уақытша такси жүргізушісі болып жұмыс істеген.

Пандемия кезінде табысымнан айырылдым. Домбырада ойнай алмадым. Бірақ адамдарға музыка арқылы қуаныш сыйлауды қатты сағындым. Домбырада ойнау мен үшін жай ғана жұмыс емес, жан дүниеме күш беретін өнер, – дейді музыкант.

Жапондар домбыраны қалай қабылдайды?

Қазір Акира туған елінде де домбыраны насихаттап жүр. Ол Токио көшелерінде жиі өнер көрсетеді.

Айтуынша, жапондардың көбі домбыраны алғаш рет көреді.

Жапондар домбыраға қызығушылық танытады. Әсіресе жасы үлкен адамдар тоқтап, бұл қандай аспап екенін сұрап жатады, – дейді ол.

Соңғы жылдары музыкант қазақ мәдениетін Жапонияда таныстыру бағытындағы түрлі жобаларға қатысып келеді. Биыл ол достарымен бірге қазақ мәдениетіне арналған арнайы бейнеролик те түсірген.

Домбыраның үні әлемге кеңінен таныла берсін

Акира үшін домбыра – музыкалық аспап қана емес, түрлі халықты жақындастыратын ортақ тіл. Сөз соңында ол қазақ халқына ақжарма тілегін жеткізді.

Қазақтың домбыра өнері мәңгі жасасын. Бұл – бүкіл әлемге танытуға лайық ерекше мәдени мұра. Қазақ халқы осы өнерді көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізе береді деп сенемін, – дейді Акира Такегучи.

Айта кетейік, бұған дейін қазақ өнеріне ғашық болған шетелдіктер жайлы жазған едік. 

Оқи отырыңыз