«Домбыра – барлық аспаптың ханшайымы»: қазақ өнеріне ғашық болған шетелдіктер

«Домбыра – барлық аспаптың ханшайымы»: қазақ өнеріне ғашық болған шетелдіктер
Фото: коллаж El.kz

Димаш Құдайбергеннің орындаған бір күйі чилилік мұғалімнің өмірін өзгертті. Ал YouTube-тегі қысқа ғана бейне америкалық музыкантты Қазақстанға жетеледі. Екеуін де тоғыстырған – қазақтың қара домбырасы. Ұлттық домбыра күні қарсаңында El.kz тілшісі Мария Муньос пен Джефф Гершпен сұхбаттасып, қазақтың қос ішекті аспабының әлем жұртшылығын несімен таңғалдырғанын сұрады.  

«Домбыраны маған алғаш танытқан – Димаш Құдайберген»

Чилидің Сантьяго қаласында тұратын Мария Муньостің мамандығы – мұғалім. Музыка оның өмірінің ажырамас бөлігі болғанымен, осыдан екі жыл бұрын қазақтың домбырасы оның тағдырын мүлде басқа арнаға бұрған.

Марияның айтуынша, бәрі 2023 жылы YouTube-тен Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Адай» күйін тыңдаған сәттен басталған.

Небәрі екі ішегі бар сондай нәзік аспаптан осыншалық қуатты үн шығатынына сене алмадым. Күйді тыңдап отырып, көз алдыма қазақтың ұлан-ғайыр даласы келді. Үш жүз аттың дүбірін, батырлардың шауып келе жатқанын сезгендей болдым. Ол мен үшін ерекше әсер қалдырған сәт еді. Қазақтың осы ғажайып аспабын маған алғаш танытқан – Димаш Құдайберген, – дейді Мария.

Осындай әсер алғаннан кейін ол домбыраны өз бетімен үйренуге бел буды.

Домбыраны өз бетімен меңгерді

Мария кәсіби музыкант емес. Ол күнделікті мектепте сабақ береді. Сондықтан домбыраға тек жұмыстан кейін немесе демалыс күндері ғана уақыт бөле алады.

Домбыраны ешкімнің көмегінсіз меңгерген. YouTube-тегі сабақтарды қарап, қазақстандық Жақсылық Нәдірбеков әзірлеген DombyraSoft бағдарламасын пайдаланған. Музыкалық нотаны оқи алмайтындықтан, күйлерді цифрлық таңбалау жүйесі арқылы үйренеді.

Алайда ең қиын нәрсе – техниканы меңгеру болған.

Мен солақаймын, бірақ домбыраны бәрі сияқты оң қолмен тартамын. Сондықтан оң қолыммен еркін қозғалып, жылдам ойнау оңайға соқпады. Қазір де соны жетілдіруге тырысып жүрмін. Домбыра тартып жүргеніме екі жыл болды. Уақытым көп емес, бірақ әр бос сәттімді пайдаланып, осы аспапқа арнаймын, – дейді ол.

Репертуарында оннан астам қазақ күйі бар

Екі жылдың ішінде Мария бірнеше күйді меңгеріп үлгерген. Бүгінде оның репертуарында «Алатау», «Әке толғауы», «Ата толғауы», «Ерке сылқым», «Адай», «Нәр ағашы», «Келіншек», «Кеңес», «Қос алқа», «Тепеңкөк», «Көроғлы», «Алаш аманаты», «Көңіл толқыны», «Кербез сұлу» күйлері бар. Қазір ол «Аққу» күйін үйреніп жүр. Сонымен қатар оң қолының техникасын шыңдау үшін «Адай» мен «Ерке сылқымды» қайта-қайта орындайды.  

Әр күйдің өзіндік тарихы бар екенін айтқан Мария Муньос үшін ерекше орын алатын шығарма – «Ата толғауы».

Бұл – үйренген алғашқы күйлерімнің бірі. Бір күні осы шығарманы орындағанымда өзімді киіз үйдің ішінде отырғандай сезіндім. Терезеден қазақтың кең жайлауы көрініп тұрғандай болды. Бұл бірнеше секундқа ғана созылды. Бірақ мен сол сәтте шынымен қазақ даласында жүргендей әсер алдым. Мұндай сезімді ешбір музыка сыйлаған емес, – дейді ол.

«Домбыра – барлық аспаптың ханшайымы»

Мария тек домбырада ғана емес, фортепиано, гитара, баян және флейтада да ойнайды. Соған қарамастан олардың ешқайсысын домбырамен салыстыра алмайтынын айтады.

Домбыра – таңғажайып аспап. Екі ішекпен кейде тұтас оркестр ойнап тұрғандай әсер қалдырады. Кейде желмен тербелген гүлдің нәзіктігін жеткізеді. Гитарада ойнау техникасы мүлде басқа. Домбыраның қағысы да, саусақтың жұмысы да өзгеше. Қарапайым көрінгенімен, оны шебер меңгеру үшін ұзақ жылдар бойы еңбек ету керек. Мен үшін домбыра – барлық музыкалық аспаптардың ханшайымы, – дейді ол.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от María Argentina (@mariargentina_1978)

Қазақ тілін меңгеруді армандайды

Марияның айтуынша, қазақ тілін жүйелі түрде оқуға әзірге уақыты жетпейді. Соған қарамастан, қазақша ән айту арқылы сөздерді дұрыс дыбыстауды және тілдің дыбыстық ерекшеліктерін біртіндеп меңгеріп келеді.

Өкінішке қарай, жұмыстан қолым босай бермейді. Сондықтан қазақ тілін жүйелі түрде оқуға мүмкіндік болмай жүр. Бірақ қазақша ән айту арқылы әріптердің дыбысталуын, сөздердің айтылуын үйреніп келемін. Бір күні қазақ тілін еркін меңгерсем деп армандаймын, – дейді ол.

«Чилиліктер домбыраны көргенде таңғалады»

Мария Муньос домбырасын түрлі кездесулер мен іс-шараларға жиі алып барады. Оның айтуынша, қазақтың ұлттық аспабы адамдардың назарын бірден аударады.

Әріптестерім, студенттерім мен достарым домбыраны көргенде ең алдымен оның қандай аспап екенін сұрайды. Кейін күй тыңдауға қызығушылық танытады. Әңгіме арасында Қазақстанның қайда орналасқанын, оның тарихы мен мәдениетін сұрай бастайды. Тіпті қазақтармен қалай танысқаныма дейін қызығады. Осындай сәттерде мен Қазақстан туралы білгенімді қуана бөлісемін, – дейді Мария.  

Оның сөзінше, домбыраның арқасында адамдар Қазақстанға қызығушылық танытып, қазақ мәдениеті туралы көбірек біле бастайды.

Қазақстанға келуді армандайды

Мария үшін Қазақстан – бұрыннан қызығушылық танытып жүрген ел. Ол қазақтың тарихын, батырлары туралы аңыздарды, ұлттық тағамдарын, салт-дәстүрін және мәдениетін үздіксіз зерттеп келеді. Әсіресе домбырамен бірге орындалатын көне Ортеке өнері ерекше әсер қалдырған.

Қазақстанға келсе, ең алдымен Алматыны көргісі келеді.

Қазақстанның бұрынғы астанасы – Алматыны көргім келеді. Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейіне, Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар мұражайына баруды армандаймын. Кейін Атыраудағы достарыммен кездескім келеді. Одан соң тарихи орындарды, кесенелерді аралағым келеді. Әрине, Көлсай, Шарын шатқалы, Алтын-Емел сияқты табиғаты ерекше жерлерді де көргім келеді. Ал Алматыдағы үлкен базарларды аралау – мен үшін қызық болмақ, – дейді ол.

Қазақстанға келудегі тағы бір үлкен арманы – домбыраның қалай жасалатынын өз көзімен көру.

Домбыра жасау процесі мен үшін ерекше. Шебер бір аспапты жасауға кейде бірнеше айын, тіпті бір жылын арнайды. Домбыраны қолыңа алған кезде тек ағашты емес, сол шебердің өмірінің бір бөлігін де ұстап тұрғандай боласың. Әкем ағаш ұстасы еді. Ол маған ағашты, қолөнерді және қолдан жасалған музыкалық аспаптарды құрметтеуді үйретті. Сондықтан домбыраның жасалу жолын өз көзіммен көргім келеді, – дейді Мария Муньос.

«Домбыра – Қазақстанның мәдени елшісі»

Марияның пікірінше, бүгінде домбыра Қазақстанды әлемге танытатын ең маңызды символдардың біріне айналған.

Домбыра мен күй – Қазақстанды әлемге танытып жүрген баға жетпес қазына. Бұл жай ғана музыкалық аспап емес. Домбыра – ағаштың тектілігі мен қазақ халқының жанының бір бөлшегін бойына сақтаған мәдени елші, – дейді ол.

«Қазақ елі мың жасасын!»

Ұлттық домбыра күніне орай Мария Муньос қазақ халқына ақжарма тілегін жолдады.

Қадірлі қазақ халқы! Мен сіздерді шын жүректен жақсы көремін. Сіздер – қайсар, дарынды әрі кеңпейіл халықсыздар. Салт-дәстүрлеріңізді, домбыраңызды, отбасы құндылықтарыңызды әрдайым қастерлеп жүріңіздер. Қасиетті қара домбыраның үні ешқашан үзілмесін! Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Қазақ елі мың жасасын!, – дейді ол.

«YouTube-тегі бір бейне мені Қазақстанға жетеледі»

Чилилік Мария Муньос сияқты америкалық музыкант Джефф Герштің де домбырамен танысуы күтпеген жерден басталған. Кәсіби гитарист әрі әлем халықтарының ішекті аспаптарын зерттеп, орындайтын музыканттың өмірін осыдан он жыл бұрын YouTube-тен көрген қысқа ғана бейне өзгерткен.

Джеффтің айтуынша, домбыраның үнін алғаш естіген сәтте-ақ бұл аспаптың өзгеше екенін сезген.

Алғаш рет домбыраны тыңдағанда таңданысымды сөзбен жеткізу қиын болды. Бар болғаны екі ішектен осыншалық бай, қуатты әрі әсерлі үн шығатынына сене алмадым. Әсіресе орындаушылардың оң және сол қолды қатар үйлестіре қолданатын шеберлігі ерекше әсер қалдырды. Сол сәттен бастап бұл аспапты міндетті түрде тауып, үйренемін деп өзіме уәде бердім, – дейді ол.

Алайда бұл арман бірден орындала қойған жоқ. Домбыраны қолына алып, жүйелі түрде үйренуге ол тек 2022 жылы кіріскен.

Содан бері қазақтың күй өнері Джеффтің өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.

«Домбыраның техникасы мені әлі күнге дейін таңғалдырады»

Джефф Герш әлем халықтарының музыкасы мен дәстүрлі ішекті аспаптарына ерекше қызығушылық танытады. Гитара мен домбырадан бөлек, ол жапонның шамисен аспабын 26 жылдан астам уақыт бойы ойнап келеді. Сонымен қатар гректің багламасы мен цурасын, сондай-ақ Гананың сепрева атты ұлттық аспабын да меңгерген.

Соған қарамастан, оның айтуынша, осы аспаптардың ішінде домбыраның орны ерекше. Себебі домбырада қолданылатын көптеген әдістердің гитарада тікелей баламасы жоқ.

Гитарада көбіне медиатормен ойнаймын, ал домбырада барлық дыбыс саусақпен орындалады. Домбыраның шерту техникасы өте күрделі әрі өзіндік ерекшелікке ие. Сол қолдың жұмысы да мүлде бөлек. Мысалы, бас бармақты мойынның үстінен асырып пайдалану немесе дыбысты әрлеуге арналған әдістерді орындау гитарадан өзгеше. Домбыраны үйреніп жүргеніме төрт жыл болса да, кейбір әдістерді әлі де жетілдіріп келемін. Бірақ дәл осы күрделілігі оны үйренуді одан сайын қызықты етеді, – дейді америкалық музыкант.

Жиырмадан астам қазақ күйін орындайды

Қазір Джеффтің репертуарында жиырмадан астам қазақ күйі бар. Олардың әрқайсысының тарихы мен табиғаты бөлек болғандықтан, бір ғана сүйікті күйімді атау қиын.

Соған қарамастан соңғы кезде «Өмір жайлау» күйін ерекше ықыласпен орындап жүр. Сондай-ақ «Жұмыр қылыш», «Көңіл толқыны», «Адай» және «Көроғлы» күйлері де оған өте жақын.

Әр күйдің өз тарихы, болмысы бар. Күйдің шығу тарихын тереңірек білген сайын оны орындауға деген көзқарасым да өзгереді. Музыкамен бірге сол халықтың тарихын, дүниетанымын сезіне бастайсың, – дейді ол.

«Музыка адамдарды жақындастыра алады»

Джефф Герш үшін домбыраның ең үлкен ерекшелігі – оның адам жүрегіне жол таба білуінде. Музыканттың айтуынша, ол кез келген шығарманы тыңдағанда ең алдымен оның қандай сезім сыйлайтынына мән береді. Егер музыка көңілге әсер етпесе, қаншалықты шебер орындалса да, оны қызықтыра қоймайды.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от QAZAQ AMERICAN QAGANAT (@qazaq_american_qaganat)

Домбыраны алғаш тыңдағанда көз алдыма бұрын ешқашан көрмеген қазақ даласы келді. Шексіз кеңістік, еркіндік, табиғат... Домбыраның үні мені сол әлемге жетелегендей болды. 2023 жылдың соңында Қазақстанға алғаш келгенімде домбыраның үнін жанды орындауда тыңдау мен үшін ұмытылмас сәттердің бірі болды. Неге екенін нақты түсіндіре алмаймын, бірақ бұл аспаппен және оның музыкасымен ерекше рухани байланыс сезінемін. Тіпті мәдениетіміз мүлде бөлек болса да, домбыра маған бөтен емес, қайта өте жақын сезіледі, – дейді ол.

Джеффтің айтуынша, осының бәрі музыканың адамдарды бір-біріне жақындататын ерекше күш екеніне деген сенімін одан әрі нығайтқан.

Біз әртүрлі елде, әртүрлі мәдениетте өстік. Бірақ музыка адамдарды жақындастыра алады. Кейде ол сөзбен айтып жеткізу қиын сезімдерді де ұғындырып, бір-бірімізді жақынырақ тануға мүмкіндік береді, – дейді америкалық музыкант.

Қазақтың күй мұрасын әлемге танытатын сайт жасайды

Домбыраға деген қызығушылығы Джефф Гершті ғылыми жобаға жетеледі. Ол АҚШ-тың ең беделді халықаралық бағдарламаларының бірі – Fulbright грантын жеңіп алып, Қазақстанға арнайы зерттеу жүргізуге келген.

Алдағы бірнеше айда музыкант еліміздің әр өңірін аралап, домбырашылармен кездеседі. Әр өңірдің күйшілік дәстүрімен танысып, орындаушылардың репертуарын жазып алады, сұхбат жүргізіп, олардың шығармашылығы туралы деректер жинайды. Кейін барлық материалды ағылшын тіліне аударып, қазақтың дәстүрлі музыкасына арналған ашық онлайн платформаға орналастырмақ.

Домбыраны үйрене бастағанда ағылшын тіліндегі материалдардың өте аз екенін байқадым. Қазақ және орыс тілінде ақпарат жеткілікті болғанымен, автоматты аудармалар олардың мазмұны мен мәдени ерекшелігін толық жеткізе бермейді. Сондықтан жоба аяқталған соң барлық жазбаны жинақтап, сұхбаттарды ағылшын тіліне аударамын. Кейін әлемнің кез келген тұрғыны қазақтың дәстүрлі музыкасын тыңдап, таныса алатын арнайы сайт жасауды жоспарлап отырмын. Осы арқылы Қазақстанның бай музыкалық мұрасын әлемге кеңірек танытқым келеді, – дейді Джефф.

«Америкалықтар домбыраның үніне таңғалады»

Джефф АҚШ-та жиі өнер көрсетеді. Оның айтуынша, америкалықтардың басым бөлігі домбыраны бұрын-соңды көрмеген. Сондықтан алғашқы әсерлері де ерекше болады.

Көпшілігі алдымен мұны гитараға немесе мандолинаға ұқсайды деп ойлайды. Бірақ ойнай бастаған сәтте таңғалып қалады. Бар болғаны екі ішектен соншалық күрделі әрі бай музыка шығатынына сенбейді. Кейбір күйлерді тыңдап отырып, бірнеше адам бірге орындап тұрған шығар деп ойлайды. Домбыраның ырғақтық қуаты мен орындау техникасы оларды қатты таңғалдырады, – дейді ол.

Музыканттың сөзінше, адамдар күйдің тарихын түсінбесе де, музыкадағы қуанышты, мұңды немесе еркіндік сезімін жүрегімен қабылдай алады.

«Қазақстандықтардың кеңпейілдігі мені тәнті етті»

Джефф Герш осы уақытқа дейін Астана мен Алматыда болып, Алматы облысындағы табиғаты көркем жерлерді де аралап үлгерген. Оның айтуынша, Қазақстаннан алған ең күшті әсерлерінің бірі – жергілікті халықтың қонақжайлығы мен кеңпейілдігі.

Қазақстанда өте мейірімді, әрдайым қол ұшын созуға дайын жандарды кездестірдім. Әлемнің әртүрлі елдерінде болғанмын, бірақ дәл мұндай кеңпейілдікті сирек көрдім. Қазақ халқының қонақжайлығы мен жомарттығы жадымда ұзақ сақталатыны анық, – дейді ол.

Алдағы уақытта музыкант Қазақстанның өзге өңірлерін де аралап, әр аймаққа тән күйшілік дәстүрмен жақынырақ танысуды жоспарлап отыр.

«Қазақтар мені өз мәдениетінің бір бөлшегі ретінде қабылдады»

Ұлттық домбыра күні қарсаңында Джефф қазақстандықтарға жүрекжарды лебізін білдіріп, өзіне қолдау көрсеткен барша жанға алғыс айтты.

Маған қолдау көрсеткен Қазақстандағы және Америкадағы барлық қазаққа шын жүректен алғыс айтамын. Көшеде кездескен адамдардың жылы лебізі, әлеуметтік желідегі музыканттардың қолдауы, бірге күй орындаған өнерпаздардың ықыласы маған әрдайым күш береді. Ең бастысы, мені өз мәдениеттеріңіздің бір бөлшегі ретінде қабылдағандарыңыз үшін ризамын. Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!, – дейді Джефф Герш.

Оқи отырыңыз