Жаңалықтар

ЖАСТАРДЫҢ ОҚУ-ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫ ТҮЗЕЛМЕЙ, ЖҰРТ ІСІ ТҮЗЕЛМЕЙДІ

ЖАСТАРДЫҢ ОҚУ-ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫ ТҮЗЕЛМЕЙ, ЖҰРТ ІСІ ТҮЗЕЛМЕЙДІ
27.08.2014 11:43 6209

«Ұлт ұстазы» аталып, қазақ қоғамы мен мәдениетінің іл- герілей дамуына орасан зор үлес қосқан көсемдеріміздің бірі Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуы үшін көп еңбек сіңірген қайраткер. Ол өзінің 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі... Қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқу ісімен түзеледі», – деп жазып, оқудың қоғамды өзгертуші күш екендігін, әділетсіздіктің көбі білімсіздіктен туындап отырғандығын тап басып, дұрыс көрсетеді. Ол осы мақсатта «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914), «Әліпби» (1914), «Жаңа әліппе» (1926-1928), «Баяншы» (1926) атты тұңғыш оқулықтар, Т.Шонанұлымен бірге «Оқу құралы» (1926-1927) деп аталатын әдістемелік оқу құралдарын жазды. Бұл басылымдар бастауыш мектепте оқытылатын қазақ тілінде оқу, жазу, ұлт тілі, ділі, ұлт тарихы, жағырапия, шаруа- кәсіп, жаратылыс, т.б. ғылым салалары жайынан көп мазмұнды мағлұматтар беріп, балаларды оқыту ісі барысында маңызды рөл атқарды. Т.Шонанұлының методикалық еңбектері А.Байтұрсынұлының «Баяншы», «Әліппе астары», «Нұсқаушы» сияқты еңбек- терінің жалғасы іспетті. Т.Шонанұлы «Жаңалыққа жетекші», «Диаграмдар – графиктер қандай болады» деген кітаптар мен, «Орыстарға қазақ тілін үйрету әдісі жайында», «Ересектерді сауаттандыру әдісі», «Дауыстап оқытудың әдісі» атты бірнеше ғылыми еңбектердің авторы. Телжан Шонанұлы – тіл маманы, әдебиетші, тарихшы, дарынды педагог, әдіскер ғалым. Ол 1894 жылдың 17 желтоқ- санында Торғай облысы, Ырғыз оязы, Аманкөл болысы, 4- ауылда (қазіргі Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ұ.Құлымбетов атындағы кеңшар, Аманкөл ауылы) дүниеге келген. 1922-1937 жылдар аралығында Т.Шонанұлының бастау- ыш сыныптар мен жаңа сауат ашып жүрген ересектерге, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқи бастаған өзге ұлт өкілдеріне арналған кітаптары бірнеше рет қайта басылған. Бұл еңбектерінде Шонанұлы тіл дамыту, емле, хрестоматия, қазақ тілін оқыту методикасы секілді салаларды қамтыған. 1927 жылы Ахмет Байтұрсынұлымен бірігіп, 412 беттік «Оқу құралы» атты оқулық шығарады.

XX ғасырдың бас кезінде жарық көрген «Оқу құралы» (1926- 1927 жж. Қызылорда) – сол кезде қазаққа жөн сілтеп, жастардың сауатын, дүниетанымын кеңейтуге әсер еткен құнды басылым. Авторлар да бұл кітаптың оқушыға қажеттілігін жете түсініп, тілін қарапайым, мазмұнын шұрайлы беруге тырысқан.

«Оқу құралының» ғылыми құндылығы:

1) ана тілінде сауат аштыру; 2) оқушылардың көркемдік талғамын, дүниетанымын қалыптастырып, жетілдіру; 3) табиғат құбылысы мен адам тұрмысының әр қырын салыстыра оты- рып, жасөспірімге қажетті танымдық-тәжірибелік білім беру;

4) оқушыны оқыта отырып тәрбиелеу, рухани тазалық пен жауапкершілікке баулу екені анық.

Мәселе білім беруде ғана емес, оны қабылдауға ыңғайлы етіп жүйелеуде. Бұл әрекеттер оқушының ойлау қабілетін жетілдіруге бағышталған. Өйткені Алаш ғалымдары айтқандай басты мақсат – оқушыны білімді ақылмен қабылдауға, оны санасымен қорыта білуге үйрету болып табылады.

Кінәсіз репрессияға ұшыраған «Оқу құралының» ендігі екінші тағдыры қалай болар екен? Бүгінгі ұстаздар, әдіскерлер, жас ұрпаққа бағыт-бағдар, білім беретін зиялы қауым А.Байтұрсынұлы мен Т.Шонанұлы жазған «Оқу құралының» әдістемелік ұстанымдарын меңгерсе, оқушыны жалықтыратын жансыз оқулықтардан арылар едік. «Оқу құралы» – қазақ елінің сауатты, отансүйгіш ұрпақ өсіруіне әбден лайық басылым екені айқын. А.Байтұрсынұлының: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек», – деген ойын алға тартатын кез келді деп санаймыз.

"Ел-шежіре"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға