Жаңалықтар

Жасөспірімдер суицидке неге жақын? Психолог маманның жауабы

Жасөспірімдер суицидке неге жақын? Психолог маманның жауабы
Фото: коллаж El.kz 12.06.2024 17:30 886

Былтыр елімізде суицид жасаған жасөспірімдер саны шамамен 3-4 %-ға артқан. Қайтыс болғандардың арасында 10 адамның үшеуі 14 жас аралығында балалар болса, қалған 10 адамның жетеуі - 15-17 жас аралығындағы жеткіншектер. Жас балалар о дүниеге неге асығады? Бұл мәселеге тереңірек үңілу үшін  El.kz тілшісі педагог-психолог Ұлболсын Абдраимовамен тілдесіп қайтты.

Мамандардың айтуынша, қыздардың ұлдарға қарағанда өз-өзіне қол жұмсау әрекеті жоғары болады. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, соңғы жылдары 221 қыз және 77 ер бала өз-өзіне қол жұмсаған екен.

El.kz: Сәлеметсіз бе?! Қазір біздің қоғамда психологтың көмегіне жүгінетіндер қатары көбейіп келеді. Алайда тәжірибелі мамандардың аздығы байқалады. Бұл салада сіздің қанша жылдық тәжірибеңіз бар?

Ұлболсын Абдраимова: Дұрыс айтасыз. Қай салада да тәжірибелі маманға деген сұраныс әркез жоғары болады. Менің де бұл салада 40 жылдық жұмыс өтілім бар. Педагог ретінде 20 жыл қызмет атқарсам, қалған 20 жылымды осы психология саласына арнадым. 40 жыл бойы балалардың психологиясын жіті бақылап келемін.

El.kz: Менің ойымша, үлкен адамдарға қарағанда балалардың, әсіресе жасөспірімдердің психологиясын түсіну өте күрделі секілді. Осындай күрделі жобаны бастауыңыза не себеп болды?

Ұлболсын Абдраимова: Білім беру департаменті, денсаулық сақтау департаменті және Шымкент қаласының прокуратурасымен бірігіп, психолог ретінде арнайы жоба жасадым. Жоба барысында суицидтен аман қалған балалармен, олардың ата-аналарымен, педагогтармен тығыз жұмыс жасалды. Осындай іс-әрекетке неліктен барғанын анықтап, оларға кеңес бердім. 2018 жылы Астанаға көшіп келіп, шұғыл қызмет көрсету бөлімінде жұмыс істедім. «111 жедел қызмет» байланыс орталығында тәулік бойы телефон арқылы көмек көрсеттім. Сол кездері күніне 1-2 бала көмек сұрап, хабарласатын еді. Өз тарапымнан оларға кеңес бере отырып, райынан қайтаруға қолымнан келгенді жасадым.

El.kz: Жасөспірімдер мұндай әрекетке неліктен барады? Сыртқы факторлардың әсері бар деп ойлайсыз ба?

Ұлболсын Абдраимова: Себептер әртүрлі. Солардың бірі ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушіліктер дер едім. Кей кездері балаға шектен тыс жүк артылады. Оны балалардың психологиясы көтермеуі мүмкін. Сезімге берілуі – тағы бір себеп. Жауапсыз махаббаттың өзі суицидке итермелейді.

El.kz: Тәжірибеңізде жаға ұстатқан жағдайлар болды ма?

Ұлболсын Абдраимова: Данияр есімді 7-сынып оқушысының оқиғасы есіме түсіп отыр. Ол - төрт баланың үлкені, анасының үміт артқан тұңғышы.  Анасы – педагог, әкесі қара жұмыс істейді. Данияр кішкентайынан пысық болып өскен. 7-сыныпқа дейін оқу озаты болған баланың үлгерімі төмендегенін естіген анасы баласына ашу үстінде ауыр сөз айтады.

«Сендей баланың болғанынан, болмағаны жақсы. Саған сеніп жүрсек, істегенің мынау» деген анасының сөздері оқушының жүрегіне түрпідей тиеді. Сабағының нашарлауына себеп бар. Оқушы сыныптасына ғашық болып, сезімінің жауапсыздығынан күйзеліске түседі. Данияр достарына хат қалдырады. «Мен әкемнен қатты қысыламын. Бізді асырау қамымен таңнан кешке дейін тыным таппайды. Ата-анам маған үміт артып отыр. Сол себепті өзімді кінәлі сезінемін. Анамның айтқаны дұрыс. Өмір сүргім келмейді». Бұл – оқушының соңғы сөзі. Сондықтан балаға өзі көтере алмайтындай артық жүк артпау керек. Керісінше, баламен еркін сөйлесіп, ойын ашық айта алатындай деңгейде тәрбиелеу керек. Сонда ғана бала ішінен булықпай өседі.

El.kz: Мектептегі психологтардың жұмысын қалай бағалайсыз?

Ұлболсын Абдраимова: Мектептегі психологтардың балалармен лайықты деңгейде жұмыс істемейтіні рас. Біріншіден, психологтарға берілетін жалақы мөлшері көңіл көншітпейді. Екіншіден, психология - энергиямен жұмыс. Ол энергия беруді талап етеді. Сондай-ақ, мектепте бала көп, ал психологтар аз.

El.kz: Суицидпен күресудің тиімді жолдары бар ма? Болса қандай?

Ұлболсын Абдраимова: Ауылды жерде ата-аналар баласының психологиясын түсінуге тырыспайды. Олармен қалай тіл табысу керектігін, жасына қарай баланың бойында қандай өзгерістер болатынын аңғармай жатады. Осы мәселе төңірегінде ата-аналар мен педагогтарды жинап,  баланың психологиялық дамуы, бойындағы өзгерістер туралы тренингтер мен конференциялар өткіздім. Жедел қызмет көрсету орталығында жүргенімде, осы бағытты қарқынды дамыту қажеттігін түсіндім. Себебі конфликт кезінде баланың тілін табу қиындығын айтып хабарласатындар көп болды. Түсінгенім, бұл мәселеде балалармен емес, ата-аналармен тығыз байланыста болған жөн.

El.kz: Елімізде балалардың құқығы қаншалықты қорғалған?

Ұлболсын Абдраимова: Меніңше, балалардың құқығы толық қорғалмаған секілді. Айтатыным, педагогтар баланың бойындағы өзгерістерге салғырт қарамауы керек.

El.kz: Жаман ойда жүрген адамды райынан қайтару үшін не істеуге болады?

Ұлболсын Абдраимова: Өз-өзін таппаған, өмірлік құндылықтарын білмейтін адам суицидке барады. Ал психологтар бұл мәселені оңтайлы шешуге көмектеседі. Мақсаты бар адам өзіне қол жұмсауға ешқашан бармайды.

El.kz: Осындай әрекетке баратын жасөспірімдердің санын азайту үшін ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

Ұлболсын Абдраимова: Ең әуелі, білімдерін арттыруға кеңес берер едім. Баламен дұрыс қарым-қатынас жасау қажеттігі тағы бар. Кей ата-аналар ажырасқан жағдайда баланы қару ретінде қолданады.  Бұл - дұрыс емес. Мұндай манипуляцияны баланың психологиясы көтере алмауы мүмкін. Себебі бала үшін ана да, әке де - ең жақын адамдар.

El.kz:Сұхбатыңызға рақмет!

Қарақат Сұлтанмахмұтқызы,

ЕҰУ- дың 2- курс студенті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға