Жаңалықтар

«Қашанғы Дубай, Еуропаға барып шалқып жүреді». Еділ Жаңбыршин ҚТЖ басшысын сынға алды

«Қашанғы Дубай, Еуропаға барып шалқып жүреді». Еділ Жаңбыршин ҚТЖ басшысын сынға алды
Фото: Коллаж El.kz 12.06.2024 17:20 544

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ҚТЖ басшысын сынға алып, ескерту жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, ҚТЖ-ның жұмысында кемшілік көп.

Жоғары аудиторлық палата төрағасының берген есебін қарасақ, бұл жер әбден жемқорлыққа батқан. Көлік саласы тек қана жол емес, авиация, өзен-теңіз арқылы тасымалдауды да айтпай қалдық. Шекарадағы жемқорлық, өтіп келе жатқан көліктердің барлығын «пара» бермесең өткізбейді деген мәселені де көтермедік. Жалпы бұл салада жүйелі дамуға алып баратын құжат көріп тұрған жоқпыз. Көлік министрлігі бірінші кезекте көлікті дамыту жөніндегі орта және көп жылдыққа арналған құжат керек сияқты. Оның ішінде барлығы көрсетілуі керек, - деді мәжілісмен.

Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, ҚТЖ басшысы Мәжілістің бірде-бір отырысына келіп қатыспаған.

Парламентте 3 жылдан бері жұмыс істеймін, осы мәселе көтерілген сайын Сауранбаев келмейді. Кім ол өзі? Не қылған адам? Өмір бойы жемқорлықтың барлығы былығып жатыр. Ол болса келіп жауап бермейді. Біз «QazaqGaz-ды», «Самұрық Қазынаны» талқылаған кезде басшылары келді. Ал неге ҚТЖ-ның басшысы келмейді? Кім ол соншама?, - деп Мәжіліс отырысына өз орнына орынбасарын жіберген ҚТЖ басшысы Нұрлан Сауранбаевты сынады.

Сөзінше, темір жолшылардың жай-күйі де мүшкіл. Жұмысшылар ХІХ ғасырдағы буткілерде тұрады. Ал ҚТЖ-ның басшысы бір рет те елмен барып кездеспеген. Жұмысшылардың ереуілдерін басуға да бармаған.

Көрші Ресейдің көлік, транзит саласындағы әлеуеті бізден артық, инфрақұрылымы да үлкен. 2023 жылы олардың көрсеткіштері 737 млрд рубль, теңгеге шаққанда 3,7 трлн теңгеге шыққан. Амортизация, салық басқаларын алып тастамағанда осындай кіріс кіріп отыр.  ҚТЖ-да 3 трлн теңге қарызы бар, ал Ресейдің РЖД-да 3,7 трлн  теңге кірісі бар. Таза пайдасы 592 млрд теңге. Енді Қазақстан қайда жүр? 139 елдің логистикалық тиімділік рейтингісін жасаған дүниежүзілік банк сарапшыларының мәліметі бар. Онда Қазақстан 79-шы ел болып, соңында салпақтап жүрміз. Еліміздің әлеуеті өте үлкен. Шығыс Азия, Қытайдағы тауардың бәрін біз арқылы Қиыр Шығысқа, Еуропаға жіберуге болады. Әлеуетіміз өте үлкен. Қазіргі геосаяси жағдайда біздің мүмкіндігіміз өте жоғары. Соны пайдаланып, осындай шаруаларды жасаудың орнына біз қайдағы жоқ, ұсақ шаруалармен айналысып жүрміз. Әсіресе, ҚТЖ, - деді ол.

Депутат бұл мәселені майшаммен қарауды ұсынды. Тіпті, орнын босату керегін жеткізді.

Мына жерге «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясын, «ҚазАтомпромды» шақырайық.  Енді болды ғой. Конституция бойынша елдің байлығы халықтікі емес пе? Халықтың өкілдері осында отырған жоқ па? Бәрін шақырайық, тыңдайық. Ақшаның бәрін қайда кетіп жатыр? Бұл олардың ақшасы емес қой. Әрқайсысының бонусы, жалақысы, үйлері, көліктері қандай? Ол елдің ақшасы ғой. Күздегі сессияда ҚТЖ Парламентке дұрыстап дайындалып келсін. Мәселесін дұрыстап қарайық. Әрбір ұлттық компанияны бір қарауымыз керек. Болды енді. Қашанғы олар мемлекеттің, халықтың байлығын қалталарына басып, шетелге, Дубайға, Еуропаға барып, коттедж, үй алып, шалқып жүреді. Біз халықтың жағдайын қашан ойлаймыз? Олардың айтқан өтірігіне сеніп, осылай отыра береміз бе? Олай болмайды, - деді Жаңбыршин.

Мәжілісмен Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтан барлық кемшіл тұстарды дұрыс тексеруін сұрады.

Бармақ басты, көз қысты әрекеттің керегі жоқ. Жетеді енді. Елдің бетіне қалай қарайсыңдар? Ұят емес пе? Қандай Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз? Президент «Әділ Қазақстан, дұрыс жұмыс істейік» деп айтты ғой. Ал біздің істеп жатқан ісіміз бұған келіңкіремейді. Сондықтан бүгінгі жиналыстың ұсынымына Парламентке ұлттық компаниялардың, трансұлттық компаниялардың бәрін шақырып, олардың мәселесін қарауымыз керек. Қажет болса, Парламенттен комиссия шығарыңдар, - деді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға