Жәнібек Әлімханұлына жаңа сынақ: қарсылас ретінде WBO чемпионы аталды

Жәнібек Әлімханұлына жаңа сынақ: қарсылас ретінде WBO чемпионы аталды
Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

Қазақстандық бұрынғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының жаңа салмақтағы ықтимал қарсыласы WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтың чемпионы Хамза Шираз болуы мүмкін.

Бірқатар танымал бокс сарапшылары мен шолушылары жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы дәл Хамза Шираз болады деген пікірде.

Британдық бокс сарапшысы әрі Championship Rounds подкастының авторларының бірі Tokkerū бұл жекпе-жек биыл өтеді деп болжайды.

Болжам: биыл Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираздың жекпе-жегін көреміз, – деп жазды Tokkerū.

Испаниялық бокс шолушысы Джулиус Джулианис те мұндай кездесуді ұйымдастыруды жақсы идея деп санайды.

Меніңше, Шираз бен Жәнібек арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыру – өте жақсы шешім, – дейді Джулианис.

Ал HamedBoxing лақап атымен танымал британдық сарапшы орта салмақтағы кездесуде фаворит ретінде Әлімханұлын көреді.

Орта салмақтағы жекпе-жекте мен Хамза Ширазға қарағанда Жәнібек Әлімханұлына басымдық берер едім, – деп жазды ол.

Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly
Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

Шираз жекпе-жекке келісім берген

Еске салсақ, 2024 жылы Әлімханұлы мен Шираз баспасөз мәслихатында кездескен. Кейін Жәнібек өзінің менеджері Эгис Климаспен бірге Хамза Шираз және оның промоутері Фрэнк Уорренмен сөйлесіп тұрған сәттің бейнежазбасын жариялады.

Бейнежазбада екі боксшы қол алысып, Шираз Карлос Адаместі жеңгеннен кейін Әлімханұлымен чемпиондық белбеулерді біріктіру үшін жекпе-жек өткізуге дайын екенін айтқан. Алайда арада көп өтпей берген сұхбатында ол басқа қарсыласты – сол кездегі IBO чемпионы Крис Юбенк-кішіні таңдауға ниетті екенін мәлімдеді.

Құдай қаласа, өз жұмысымды атқарамын, содан кейін не істейтінімізді көреміз. Не Жәнібекпен титулдарды біріктіремін, не Крис Юбенк-кішімен жұдырықтасамын. Танымалдық тұрғысынан бұл әлдеқайда үлкен кездесу, – деген еді Шираз.

Кейін Шираздың Карлос Адамеспен жекпе-жегі тең аяқталды. Содан соң ол салмақ дәрежесін ауыстырып, екінші орта салмақта Германия өкілі Алем Бегичті жеңіп, бос тұрған WBO чемпиондық белбеуін иеленді. Одан кейін ол бұл титулын Саймон Захенхуберге қарсы кездесуде сәтті қорғады.

 

Жәнібек неге чемпиондық белбеуінен бас тартты?

Еске салсақ, 33 жастағы қазақстандық боксшының қанынан тыйым салынған зат анықталғандықтан, ол уақытша жарыстардан шеттетілді.

Оқиғаға дейін Жәнібектің орта салмақта IBF және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атақтары болған. Допинг фактісі расталғаннан кейін IBF оның белбеуін қайтарып алды, ал WBO чемпиондық атақты сақтап қалды.

Жаза мерзімі желтоқсанда аяқталуына жарты жыл қалғанда, Әлімханұлының командасы екінші орта салмаққа ертерек ауысу үшін орта салмақтағы WBO титулынан өз еркімен бас тарту туралы шешім қабылдады.

Qazaq Style командасының менеджері Берік Сұлтанның айтуынша, Жәнібек басқа салмақта әлем чемпионы болғандықтан, жаңа дивизионда бірден чемпиондық жекпе-жекке шығуы мүмкін. Сонымен қатар екінші орта салмақта Хамза Шираз бастаған көптеген атақты қарсыластар бар.

Біз бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы салмағын ауыстырғаны туралы жан-жақты жазған едік.

Оқи отырыңыз