Бокстан орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы, Жәнібек Әлімханұлы жоғары салмақ дәрежесіне ауысты. Бұл туралы боксшының менеджері Берік Сұлтан Tengri Sport басылымына берген сұхбатында хабарлады.
Жаңа деңгейге өтетін уақыт келді
Берік Сұлтанның айтуынша, қазақстандық спортшы үшін мансабында жаңа қадам жасайтын уақыт келді. Жәнібек Әлімханұлының орта салмақтан екінші орта салмаққа ауысатыны туралы алдымен WBO басшысы Густаво Оливьери хабарлады. Әттеген-айы, боксшы басқа салмақ дәрежесінде өнер көрсету үшін осы ұйымның чемпионы лауазымынан бас тартуға мәжбүр болды.
Егер біздің мансабымызды мұқият бақылап жүрсеңіздер, Жәнібектің әрқашан үш немесе төрт салмақ дәрежесінде әлем чемпионы болғысы келетінін жанкүйерлердің бәрі біледі. Ол мұны мансабының басында айтқан болатын, бұл жай ғана арман емес - бұл біздің мақсатымыз.
Біз орта салмақта чемпион болдық, онда екі титулды жеңіп алдық, төртеуін де иеленуге тырыстық, бірақ сәті түспеді. Енді арманымызды орындап, екі салмақ дәрежесінде чемпион атануды ұйғардық. Кейін, мүмкіндік болса - үш және төрт салмақта. Уақыт келді! - деді Берік Сұлтан Tengri Sport-қа берген сұхбатында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Менеджердің айтуынша, бұл шешім Жәнібектің америкалық промоутерлерімен бірлесіп қабылданған және орта салмақта айтулы қарсыластардың қалмауымен тікелей байланысты.
Бізде орта салмақта екі титул болды, бірақ, өкінішке қарай, танымал қарсыластар кездеспеді. Олар не орта салмақта қалмады, не Жәнібекпен жұдырықтасқысы келмеді. Енді екінші орта салмақта көптеген мықты есімдер, танымал боксшылар бар. Онда Канело да, Калеб Плант та, Эдгар Берланга да, Шираз да бар, Хайме Мунгия да осы салмақта. Біз үшін атақты боксшылармен жекпе-жекке шығу - басымдық. Қазір осының бәрін ұйымдастыруға тырысамыз, - деді менеджер.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әлімханұлының көздегені Канеломен жекпе-жек өткізу ме?
Қазір Жәнібектің екінші орта салмаққа ауысу егжей-тегжейлері пысықталып жатыр. Менеджердің сөзінше, оған жаңа белбеу үшін жекпе-жекті ұзақ күтудің қажеті болмауы мүмкін.
WBO-ға келетін болсақ, нақты мәліметтерді жариялай алмаймын, бірақ егер сен орта салмақта чемпион болып, жаңа салмаққа ауыссаң, міндетті түрде чемпиондық титулға үміткер атанасың. Бұл - жақсы нұсқа. Біз бәрін басынан бастамаймыз. WBO Жәнібекті міндетті үміткер ретінде тағайындауы мүмкін деп ойлаймын. Қазірше олардан жаңалық күтіп отырмыз, барлық хаттар жіберілді, адвокаттар жұмыс істеп жатыр, - деп атап өтті Берік Сұлтан.
Айта кетейік, WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы қазіргі әлем чемпионы - британдық Хамза Шираз.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Біраз жылдан бері Әлімханұлының Сауль Канело Альвареспен жекпе-жек өткізгісі келіп жүргенін білеміз. Қазір мексикалық боксшы кейінгі кездесулерін 76,2 келіге дейінгі салмақта өткізіп жүр. Бұл салмақ Әлімханұлының салмағынан бес келіге ауыр.
Қазақстанның Кәсіпқой бокс федерациясының басшысы Рақымжан Ерденбековтің пікірінше, мұндай шешім Әлімханұлына жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік беруі мүмкін.
Менің ойымша, оның көздегені Канело. Бұл - менің жеке пікірім. Онымен әлі сөйлескен жоқпын. Бірақ бұл командалық шешім болды деп ойлаймын, - деді Ерденбеков Tengri Sport-қа берген сұхбатында.
Жәнібек Әлімханұлы кім?
Жәнібек Әлімханұлы - бокстан екі дүркін әлем чемпионы. 2018 жылдың қазан айынан бастап Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. Алдымен Дигнамды нокаутқа түсіріп, уақытша белбеуді иеленді, кейін ресми чемпион мәртебесін алды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
2024 жылдың қазан айында Әлімханұлы германиялық Винченцо Гуальтьериді жеңіп, IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды.
2025 жылдың соңында қазақстандық боксшы үш дүркін чемпион атануы мүмкін еді, бірақ кубалық Эрисланди Ларамен жекпе-жегі өтпей қалды.
Қазір Әлімханұлы мансабында уақытша үзіліс алды. Өйткені қанынан допинг табылды. Жалпы, кәсіпқой рингте 17 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. 12 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.