Жаңалықтар

VI.Ақтамберді жырау

Жыраудың ендігі арманы – қалың елді ата жұртына қоныстандырып, бейбіт тірліктің қызығына кенелту, ел ішінде телі мен тентектің басбұзарлығы бел алып кетпеуі үшін әділдікке жүгіне төрелік айтар билікке тізгін ұстату.
31.03.2014 08:09 6262

Жыраудың ендігі арманы – қалың елді ата жұртына қоныстандырып, бейбіт тірліктің қызығына кенелту, ел ішінде телі мен тентектің басбұзарлығы бел алып кетпеуі үшін әділдікке жүгіне төрелік айтар билікке тізгін ұстату. Осы жағдайларға қол жетсе, жырау аңсаған басқа армандар да өз кезегімен орындала бермек. Бұл ретте жырау мына өмірде адам баласы қызығына тоймайтын жақсылықтардың көркем бейнесін рет-ретімен алға тарта келіп, ой түйінін:

...Бала берсе тезінен,

Пірлердің бітсе демінен,

Шілтеннің тиіп шылауы,

Артылып туса өзімнен!

Осындай берген дәулетті

Көтеріп тұра алар ма екеміз! – деп, қайтадан риторикалық сауал тастай тиянақтайды. Толғаудың риторикалық сауалмен басталып, риторикалық сауалмен түйінделуі де поэтикалық міндет атқарып, сан алуан көрініс-суреттер мен динамикаға толы толғаудың компо­зициялық тұрғыдан тұтаса әсер етуіне қызмет етіп тұр. Сондай-ақ, толғау түйінінің балаға қатысты арманмен аяқталуында үлкен мән бар. Яғни, жыраудың өзі көксеген өмірді ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын армандайтынын аңдатады. Мұндай асқақ армандар өз өмірін елдік мұраттарға арнаған біртуар тұлғаларға ғана тән. Ал қалың елдің қамы үшін «Тобылғы сапты қамшы алып, Тұмар мойын ат мініп, Қоныс қарауды» арман еткен Ақтамберді жыраудың бірегей тұлға екені анық.

Жыраушығармаларыныңкелесібірлегікөптікөріп,көңіліне көп түйген көнекөздің аманат тілегі, өсиет-ғақлиясы іспетті әсер ететін дидактикалық мазмұндағы толғаулардан түзіледі. Ақтамберді жыраудың өз өмірінде бастан өткерген тапшылығы да, жақсылығы да аз болмағанын назарда ұстасақ, жыраудың бұл қатардағы толғауларында ұсынатын ой түйіндерінің өмірмен өзектесіп жатқанын, оның өз тәжірибесінен өрістеп жатқанын танимыз. Мәселен, «Ей, азаматтар, шоралар...» деп басталатын толғауындағы:

...Киім кисең, қаттау ки, Суық келсе панаң-ды, Найза тисе қалаң-ды, Тобылғының беректей. Мекені іздеп нетесің, Мекеге қашан жетесің, Әзір Меке алдыңда, Пейіліңмен сыйласаң Атаң менен анаңды! – деген ойларға зер салсақ, осы тармақтарда айтылған кеңестердің қай-қайсы да жыраудың өмірден түйгендері екені даусыз. Ата-ананың қадірін бала кезінен жетімдік зардабын бастан кешкен жаннан артық кім білмек? «Мекені іздегенше, ата-анаңды сыйлап өт», – деп өсиет етсе, қарт жырау құдай жолына күпір сөз айтып отырған жоқ, керісінше, мақтан қуған шораларға құр мақтан үшін қылған істен ата-ананы ардақтаудың абзалдығын алға тартып отыр.

Ақтамберді жыраудың дидактикалық толғауларынан:

 «Білімді туған жақсылар Аз да болса, көппен тең»;

 «Білімді туған жақсыға Залал қылмас мың қарға»;

 «Әділ туған жақсыға Екі даугер жүгінсе,

Тізесін қисық бұрмаса, Асылдығы білінер»;

 «Құяр жауын аспаннан Қара бұлт торласа; Пәлекет елде көбейер, Жігітті жігіт қорласа» – деген үлгідегі мәңгілік мәнін жоймайтын ойларды молынан ұшырастырамыз.

Ғасырға жуық ғұмыр жасап, ел тарихындағы ұлы оқиғалардың қалың ортасында жүрген, ел тағдырына тікелей әсері тиген әрекеттерге өзі де бел шеше араласқан Ақтамберді жыраудың жыр-толғаулары тарихи өмір шындығына қанықтығымен, шынайылығымен, сондай-ақ, романтикалық серпінділігімен дараланады. Оның жырларының кейінгі дәуірлерде де мән-маңызын жоймастан, ел жадында ұдайы жаңғырып, ұрпақты рухтандырып келе жатқандығының сыры сонда.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

 

1. Зерттеулер мен өз толғауларына сүйене отырып, жыраудың өміріне шолу жаса.

  1. Жырау шығармаларында Дәуір бейнесінің суреттелу ерекшеліктері қандай?
  2. Жырау толғауларынан танылатын Елдік мұраттар мен жыраудың оптимистік көзқарасы арасында сабақтастық бар ма? Себебін түсіндір.
  3. Ақтамберді жыраудың жыр-толғауларындағы роман­тикалық және реалистік сипаттарды талдай түсіндір.
  4. Жырау толғауларындағы дидактиканың ерекшеліктерін айқында.

 Әдебиеттер:

  1. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. – Алматы, 1986.
  2. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. Хрестоматия. – Алматы, 1993.
  3. Мағауин М. Ғасырлар бедері. – Алматы, 1991.
  4. Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі. – Алматы, 1993.
  5. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы,2006.
  6. Қасқабасов С. Шығармалары. 1-том. Жаназық. – Астана: Фолиант, 2011. 

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға