Электронды темекінің буы өкпе жасушаларын небәрі бес күн ішінде зақымдап, ағзаның вирустарға қарсы қорғанысын әлсіретуі мүмкін.
АҚШ ғалымдарының жаңа зерттеуі вейптің зиянды әсері оны қолдануды тоқтатқаннан кейін де сақталатынын көрсетті.
Электронды темекіні кәдімгі шылымға қарағанда қауіпсіз деп есептейтіндер аз емес. Алайда кейінгі ғылыми зерттеулер мұндай құрылғылардың тыныс алу жүйесіне елеулі зиян келтіруі мүмкін екенін көрсетіп отыр.
АҚШ-тағы National Jewish Health медициналық және ғылыми зерттеу орталығының мамандары электронды темекі буының адам өкпесіне әсерін зерттеген. Ғылыми жұмыстың нәтижелері JCI Insight журналында жарияланды.
Өкпе жасушалары алғашқы тәулікте-ақ зақымданған
Зерттеушілер адам өкпесінің ең терең бөліктерінен алынған жасушалар мен тін үлгілеріне тәжірибе жүргізген. Бұл – өкпеде оттегі қанға өтетін, газ алмасу жүзеге асатын аса нәзік аймақ.
Тәжірибе барысында электронды темекінің буы алғашқы 24 сағаттың өзінде жасушалардың қорғаныш қабатын зақымдап, олардың қалыпты жұмысын бұзғаны анықталды.
Оқи отырыңыз:
- Дәрігерлерді қорғаудың жаңа жолы: Қазақстанда кімдерге 13 млн теңге төленеді
- Семіздік індеті: 2035 жылға қарай әлемді не күтіп тұр?
Сонымен қатар жасушаларда күйзеліс белгілері күшейіп, зақымданған құрылымдарды қалпына келтіру үдерісі баяулаған. Кейбір жасушалар тіршілігін тоқтатқан. Ғалымдар зиянды әсер ұзақ сақталды деп алаңдап отыр.
Тін үлгілеріне бес күн бойы электронды темекі буы әсер еткеннен кейін тәжірибе тоқтатылған. Алайда жасушалардағы өзгерістер мен иммундық жүйе қызметінің бұзылу белгілері одан кейінгі он күн ішінде де байқалған.
Вейп вирустарға қарсы қорғанысты әлсіретуі мүмкін
Зерттеу электронды темекі буының өкпені зақымдаумен ғана шектелмейтінін көрсетті. Мамандар оның вирустарға қарсы қорғанысқа қатысатын бірқатар ген белсенділігін төмендететінін анықтаған. Соның салдарынан инфекциямен күресуге жауапты жасушалардың жұмысы әлсіреген.
Кейін тін үлгілеріне вирус әсер еткенде, электронды темекі буына ұшыраған жасушаларда вирустық жүктеме жоғары болған, яғни олардың инфекцияны тежеу қабілеті төмендеген.
Ғалымдар пікірінше, мұндай өзгерістер тыныс жолдарының вирустық инфекциялары кезінде асқыну қаупін арттыруы мүмкін. Дегенмен зерттеу адам ағзасында емес, зертханалық жағдайда алынған жасушалар мен тін үлгілерінде жүргізілген. Сондықтан бес күндік әсердің адам өкпесінде дәл осындай деңгейде зақым туғызатынын кесіп айтуға болмайды. Бұл нәтижелерді клиникалық зерттеулер арқылы нақтылау қажет.
Электронды темекінің басқа қандай зияны бар?
Вейп қолдану кезінде адам ағзасына никотинмен қатар қыздырылған сұйықтық құрамындағы түрлі химиялық қосылыстар түседі. Олардың мөлшері мен құрамы құрылғының түріне, сұйықтыққа және пайдалану жағдайына байланысты өзгеруі мүмкін.
Ең алдымен тыныс алу жүйесі зардап шегеді. Электронды темекі аэрозолі тыныс жолдарын тітіркендіріп, жөтел, ентігу және қабыну белгілерін туғызуы ықтимал.
Вейпке байланысты жиі айтылатын аурулардың бірі – облитерациялық бронхиолит. Оны кейде «попкорн өкпесі» деп атайды.
Бұл атау алғашында попкорн өндіретін кәсіпорындарда диацетил атты химиялық заттың әсеріне ұшыраған жұмысшылар арасында өкпе аурулары анықталуымен байланысты пайда болған.
Облитерациялық бронхиолит кезінде өкпедегі ұсақ тыныс жолдары зақымданып, тарылуы мүмкін. Ауру ентігу, құрғақ жөтел және тыныс алудың қиындауымен сипатталады. Алайда бұл аурудың электронды темекі қолданушылар арасында кең таралғаны дәлелденбеген. Сондықтан оны вейптің ең жиі кездесетін асқынуы деп атау дұрыс емес.
Жүрек пен қан тамырларына да әсер етеді
Электронды темекінің зияны өкпемен шектелмейді. Құрамында никотин бар құрылғылар жүрек соғысын жиілетіп, қан қысымын көтеруі және қан тамырларының жұмысына кері әсер етуі мүмкін. Әсіресе жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар үшін мұндай әсер қауіпті.
Никотин тәуелділік туғызады. Сондай-ақ ол жасөспірімдердің дамып келе жатқан жүйке жүйесіне кері әсер етіп, зейін қою, есте сақтау және көңіл күйді реттеу үдерістеріне ықпал етуі мүмкін.
Электронды темекінің аэрозолінен кейбір зерттеулерде қорғасын, кадмий, никель және басқа да металдар анықталған. Бұл заттардың бірқатары ағзаға түскен мөлшері мен әсер ету ұзақтығына қарай жүйке жүйесіне, бүйрекке және өзге мүшелерге зиян келтіруі ықтимал. Дегенмен барлық вейптің құрамында бұл заттар бірдей мөлшерде болады деуге негіз жоқ.
Қазақстанда вейпке тыйым салынған
Қазақстанда 2024 жылғы 20 маусымнан бастап электронды темекілерді, вейптерді, оларға арналған сұйықтықтар мен хош иістендіргіштерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға заң жүзінде тыйым салынған. Шектеу никотині бар құрылғыларға ғана емес, никотинсіз өнімдерге де қатысты.
Заң талаптарын бұзғандарға Қылмыстық кодекстің 301-1-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, электронды темекілерді сату және тарату үшін 200 АЕК-ке дейін, яғни 2026 жылғы есеппен 865 мың теңгеге дейін айыппұл немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасы қолданылуы мүмкін. Ал вейптерді заңсыз әкелу немесе өндіру үшін 2 000 АЕК-ке дейін айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген.
Қылмыс ауырлататын мән-жайларда жасалса, жаза бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін қатаңдатылуы мүмкін.
Ғалымдар қандай қорытындыға келді?
Зерттеу авторлары электронды темекінің буы өкпенің ең нәзік бөліктеріндегі жасушаларға қысқа мерзімнің өзінде әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Әсіресе жасушалардың қалпына келу қабілетінің төмендеуі мен вирустарға қарсы қорғаныс тетіктерінің әлсіреуі алаңдатады.
Ғалымдардың пікірінше, электронды темекі аэрозолінің қайталанатын әсері өкпе тіндерінің қалыпты қызметіне ұзақ мерзімді қауіп төндіруі ықтимал.
Мұның алдында ғалымдар вейптің адам ДНҚ-сын өзгертетіні туралы мәлімдеген. Сонымен қатар жасөспірімдерді темекіге әуес етуі мүмкін екені де анықталған.