Қазақстанда қызметтік міндетін атқару кезінде шабуылға ұшыраған медицина қызметкерлерін сақтандыру жүйесі енгізілмек.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрігерлер мен өзге де медицина мамандары денсаулығына зиян келген жағдайда сақтандыру төлемін ала алады. Ал қызметкер қаза тапса, оның жақындарына шамамен 13 миллион теңге өтемақы қарастырылған.
Елімізде медицина қызметкерлеріне күш көрсету мәселесі әлі де өзекті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019-2025 жылдар аралығында кәсіби міндетін орындап жүрген медицина мамандарына шабуыл жасаудың 300-ге жуық дерегі тіркелген.
Науқастарға көмек көрсетуге барған дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлерінің өздері зардап шегетін жағдайлар да кездеседі. Осыған байланысты медицина мамандарының өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған жаңа сақтандыру тетігі ұсынылды.
Кімдер сақтандырылады?
Жаңа жүйе мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың қызметкерлерін қамтиды. Олардың қатарында дәрігерлер, фельдшерлер, мейіргерлер, санитарлар мен жедел жәрдем көліктерінің жүргізушілері бар.
Алайда сақтандыру тек қызметтік міндетін атқару кезінде болған оқиғаларға қолданылады. Мысалы, медицина қызметкері жұмыс уақытында науқастың немесе оның туыстарының шабуылынан жарақат алса, өтемақы төлеуге негіз туындайды.
Оқи отырыңыз:
- АПВ-ға қарсы вакцина жүктілікке қалай әсер етеді? Ғалымдар зерттеу нәтижесін жариялады
- Қорылдаудың қандай қаупі бар? Дәрігер түсіндірді
Ал жұмыстан тыс уақытта болған жанжалдар бұл сақтандыру түріне жатпайды.
Өтемақы мөлшері қанша?
Сақтандыру төлемі шабуылдың салдарына қарай белгіленеді.
Уақытша еңбекке жарамсыздық: нақты шығындар өтеледі, бірақ төлем 300 АЕК-тен, яғни 1 297 500 теңгеден аспайды.
III топтағы мүгедектік: 500 АЕК – 2 162 500 теңге.
II топтағы мүгедектік: 600 АЕК – 2 595 000 теңге.
I топтағы мүгедектік: 800 АЕК – 3 460 000 теңге.
Медицина қызметкері қаза тапқан жағдайда: 3 000 АЕК – 12 975 000 теңге.
Бұл сомалар 2026 жылғы айлық есептік көрсеткіш негізінде есептелген. Сақтандыру төлемі белгіленген ақшалай өтемақы ретінде беріледі. Емделу немесе оңалту шығындары осы сомадан бөлек қосымша төленбейді.
Қандай жағдайда ақша төленбейді?
Науқастың дәрігерге тіл тигізуі, қорқытуы немесе жанжал шығаруы өздігінен сақтандыру жағдайы болып есептелмейді. Өтемақы алу үшін шабуыл салдарынан медицина қызметкерінің денсаулығына немесе өміріне зиян келгені құжатпен расталуы қажет.
Ол үшін құқық қорғау органдарының материалдары, медициналық анықтамалар, еңбекке жарамсыздық парағы немесе мүгедектікті растайтын қорытынды талап етілуі мүмкін.
Медицина қызметкері қаза тапқан жағдайда сақтандыру төлеміне оның жақын туыстары жүгіне алады.
Өтінішті бірыңғай сақтандыру пулы арқылы, соның ішінде Medpul.kz сайтында электрондық цифрлық қолтаңбамен рәсімдеу қарастырылған.
Дәрігерлерге шабуыл жасағандарға қандай жаза бар?
Қазақстанда медицина қызметкерлеріне кәсіби міндетін атқаруына байланысты қоқан-лоқы көрсету немесе күш қолдану үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Қорқытқаны үшін 200-500 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе қоғамдық және түзеу жұмыстары тағайындалуы мүмкін.
Ал өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданғандарға 500–1000 АЕК айыппұл салынып, жекелеген жағдайларда үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Егер шабуыл адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, кінәлі адам бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қазақстанда дәрігерлерге шабуыл жасау деректері тіркелген
Мұндай оқиғалар еліміздің бірнеше өңірінде болған.
2026 жылдың сәуірінде Павлодар облысының Екібастұз қаласында аурухананың жарақат пунктінде дәрігер мен мейіргерге шабуыл жасалды. Алдын ала мәлімет бойынша, медициналық көмек алуға келген ер адаммен бірге жүрген екі мас адам дәрігердің ескертуіне агрессия танытып, оған қол көтерген. Жанжалды тоқтатпақ болған мейіргер де жарақат алған.
Зардап шеккен екі медицина қызметкері ауруханаға жатқызылды. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер ұсталды.
2025 жылы Қарағандыда да медицина қызметкерлеріне шабуыл жасалған. Оқиға салдарынан зардап шеккендер миы шайқалып, мұрын сүйегі сынып, түрлі дене жарақаттарын алған. Олар облыстық ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлердің қауіпсіздігі қалай күшейтіледі?
Медицина қызметкерлерін қорғау үшін ауруханалар мен емханаларда полиция бекеттері, дабыл түймелері және бейнебақылау жүйелері орнатылып жатыр.
Жедел жәрдем қызметкерлеріне бейнежетондар да берілуде. Қазір мұндай құрылғылардың шамамен 2 мыңы таратылған, ал алдағы уақытта олардың санын 3 800-ге жеткізу жоспарланған.
Айта кетейік, Қазақстанда 2024 жылдың қазанынан бастап медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Бірақ оның мақсаты басқа: медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өміріне немесе денсаулығына зиян келген жағдайда өтемақы төлеу.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, соңғы екі жылда осы жүйе аясында пациенттер мен олардың отбасыларына 502,6 миллион теңге төленген. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 178 296 медицина қызметкері кәсіби жауапкершілікті сақтандырумен қамтылған.
Ал 2027 жылдан бастап енгізілуі жоспарланған жаңа сақтандыру түрі тікелей медицина қызметкерлерінің өздерін қорғауға бағытталады. Яғни қызмет барысында шабуылдан зардап шеккен мамандарға немесе олардың отбасыларына қаржылай өтемақы төлеуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін елімізде әлеуметтік жәрдемақы қайта қаралатыны туралы жазғанбыз. Сонымен қатар педиатр баланы неге бесікке бөлеуге болмайтынын түсіндірді.