Жаңалықтар

V.Тәтіқара ақын

Бас-аяғы үш шумақтан ғана тұратын осы үзіндінің өзінен Тәтіқараның өз кейіпкерін дәл бейнелейтін, шындық аясынан ауытқымайтын реалист ақын екендігі танылады.
31.03.2014 08:28 6214

«Ағашта биікті айтсаң, қарағайды айт,

Жігіттік, ерлікті айтсаң,

Бөгембайды айт.

Найзасының ұшына жау мінгізген

Еменәлі Керейде Ер Жабайды айт», – деген жолдар Бөгембай батырдың бөлекше жаратылысын, ерлігімен қоса мәрт мінезді батыр болғанын да танытары анық. Ер Жабайдың басты батырлық қасиеті найзагерлігі екені даусыз. «Найзасының ұшына жау мінгізген» қимылына қарасақ, оның аса қарулы батыр болғанын түсінеміз.

Бас-аяғы үш шумақтан ғана тұратын осы үзіндінің өзінен Тәтіқараның өз кейіпкерін дәл бейнелейтін, шындық аясынан ауытқымайтын реалист ақын екендігі танылады. Тәтіқараны жыраулық дәстүрден үлгі ала отырып, жаңа тұрпатты ақындық поэзияның тууына ықпал еткен ізашар тұлға ретінде бағалауға мүмкіндік беретін жағдай да оның өмір шындығын бейнелеуде мейлінше реалист болуында жатыр.

Ауқымды жырдың үзіндісі сияқты әсер ететін мәтіннің бірі – «Кебеже қарын, кең құрсақ...» деп басталатын өлең жолдары. Үзіндіде суреттелетін жағдайларға қарай отырып, мәтіннің бастапқы бөлігінде қазақ қолының ел шетіне тиген жаумен арадағы ұрыстарының бірі жырланатынын бағамдауға болады және бұл ұрыс кезінде дұшпан күшінің қазақтардан басым түскенін, сол себепті олардың қаша ұрыс салуына тура келгенін аңғарамыз. Жау тықсырған кездегі қазақ ерлерінің қимылдарын ақын асыра бағалап, әсірелей жырлай бермейді. Сол сәттегі қазақ жасағы арасындағы жағдайды да, ерлердің іс-әрекеттерін де шынайы бейнелейді.

Бұл мәтіннің үзінді екенін ескерсек, үзінді бастауындағы:

«...Кебеже қарын, кең құрсақ, Артық туған Абылай, Көтере көр бұл істі.

Көп қытайдың жылқысы Тұрымтайдай құнысты...» –

деп келетін жолдарды бізге беймәлім көлемді жырдағы әлдебір кейіпкердің қолбасы Абылайға арнап айтқан сөздері ретінде де тануға болады. Ал осы тармақтардан кейінгі:

«Жау жағадан алғанда,

Ит етектен алғанда,

Ер Абылай қорыққан жоқ,

Әншейін еңкейе бере жылысты» – деген жолдардан ұрыс кезіндегі жалпы жағдай және Абылайдың әрекеті көрініс береді. Нақтылай түссек, жау әске­ріқыспаққа алған кезде қазақ жасағының арасында бірауыздылық болмаған сыңайлы. Ақынның «Ит етектен алғанда...» деген кезде айтпағы әскер ішінде жасқаншақтыққа бой алдырғандар болса керек.

Бір ескерер жәйт – осы жолдардан Тәтіқара ақынның шыншылдығымен қатар, сыншылдығы да байқалады. Бұл сипат Абылай әрекетін әр тармаққа қарама-қайшы мән бере суреттеу тәсілінен аңдалады. Сондай-ақ, осы жолдарға зер сала отырып, бұл жырды оқиға болғаннан кейінгі уақытта шыққан деп болжам жасауға да болар еді.

«Ақыл қалмас қашқанда, Дегбір қалмас сасқанда...» – деп келетін жолдарға қарасақ, сол бір сәтте әскер арасында абыржу, қожырау сияқты әрекеттердің бел алғанын көреміз. Осындай қысталаң жағдайда қысылған қолға дем беріп, қайраттандырғандар қазақ батырлары болғанын танимыз. Олардың арасынан бәсентиін Сырымбет мергендігімен дараланса, Баян батыр найзагерлігімен ерекшеленеді. Егер көлемді жыр қазірге дейін толыққанды жеткен болса, басқа батырлардың да ерлік қимылдарын көретініміз анық еді. Өкінішке орай, бүгінге жеткені – шағын ғана үзінді. Десек те, сол үзіндінің өзінен Тәтіқараның суреткерлік шыншылдығы қапысыз танылады.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға