Жаңалықтар

V.Үмбетей жырау

Қос толғаудың мазмұнынан аңдалатындай, Ақтамберді мен Үмбетей елінің арасында құн дауы шығады.
31.03.2014 08:55 6962

Қос толғаудың мазмұнынан аңдалатындай, Ақтамберді мен Үмбетей елінің арасында құн дауы шығады. Ақтамбердінің:

«Жендетті көрсет көзіме, Желіккен басты кім кеспес!» –

деп қаһарлана сөйлеуіне қарағанда, құныкер – Үмбетей жағы. Азаматының құнын даулап, адуын мінез танытқан Ақтамберді мен Қабанбайға жауап қайырған Үмбетейдің сөздерінен кінәні іштей мойындағанымен, тайсақтай қоймағаны байқалады. Тіпті құн даулаушылардың өздерінің әлдебір кінәларын ишаралай алға тарта келіп:

«Елімді иесіз деймісің,

Ерімді киесіз деймісің,

Алты арысқа білдірмей,

Басып жеймін деймісің?!

Батпан, батпан мінің бар,

Қабынбай бітім қылыңдар!» – деп, сөз түйінінде өткенді қаузай бермей, ел іргесін ажыратпау үшін тіл табысуға шақырады.

Жоғарыда сөз болған толғаулардың қай-қайсынан да Үмбетей жыраудың адалдық пен әділдікті жақтаған азаматтық жаратылысы, ел ішінде береке мен бірлікті, тыныштық пен татулықты сақтауға ұмтылған өмірлік ұстанымы анық танылады. Осы сипаттарға қарағанда, жыраудың бұл толғаулары сыртқы жаулардың шапқыны толастап, ел тірлігі бейбіт өмірге бет түзей бастаған тұста айтылғаны сезіледі.

Жалпы, Үмбетей жырау толғауларынан жоңғар шапқынынан кейінгі ел өміріндегі әртүрлі жағдайлар мен адам мінездерінде пайда бола бастаған өзгерістердің көріністерін аңғаруға болады. Жыраудың сондай шығармаларының бірі – «Бекболатбиге» арналған толғауы. Бұл толғауға түсінік берген әдебиетзерттеуші М.Мағауин: «Қаз дауысты Қазыбек бидің ұлы Бекболат биді Абылай алдына жығып беру үшін айтылған сөз», – деп жазады. Ғалымның мұндай ой түюіне ел аузында айтылып жүрген түсініктер негіз болса керек.

Ал толғаудың өз мәтінінен Абылай мен Бекболат қарым-қатынасына байланысты әлдебір жағдайды аңғартатын ешқандай белгі аңдалмайды. Егер бұл арнауды өз мәтініне сүйене отырып қарастырар болсақ, онда оны толғау жанрының ерекшеліктеріне толыққанды жауап беретін шығарма ретінде бағалау орынды. Себебі бұл арнауда алдыңғы арнаулардағыдай сөз арналған объекті де, себеп яки жағдай да ашық көрінбейді. Жырау өз ойын:

«...Бай болмаған бай болса, – Жайламаған сай қоймас; Би болмаған би болса, – Айтылмаған сөз қоймас; Хан болмаған хан болса, – Қанамаған ел қоймас...» –

деген үлгідегі дидактикалық сарында жалпылама ұсынады. Сондай-ақ, ой түйіні де тыңдаушының бәріне арналған тағылымды ой ретінде тиянақталады. Үмбетей жыраудың дәстүрлі дидактикалық толғаулар шығаруға да аса қабілетті адам болғанын осы арнауы айғақтайды.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға