Жаңалықтар

V.Ақтамберді жырау

Ақтамберді жыраудың бұл топтағы жыр-толғауларын елдік мұрат пен туған елі үшін шыбындай жанын шүберекке түйген ерлердің қаһармандық болмысын бейнелеген туындылар ретінде бағалаған абзал.
31.03.2014 06:49 7603

Ақтамберді жыраудың бұл топтағы жыр-толғауларын елдік мұрат пен туған елі үшін шыбындай жанын шүберекке түйген ерлердің қаһармандық болмысын бейнелеген туындылар ретінде бағалаған абзал. Себебі – бұлардың қай-қайсында да ел мен ер бейнелері бірімен-бірі ұштаса, бірін-бірі толықтыра көрініп отырады.

«Арудан асқан жар бар ма, Жылқыдан асқан мал бар ма!» ­– деп, нағыз ер жігіттің бұл өмірден алашақ еншісін айқындап алған жырау бұл мақсатқа жету жолын да:

...Жол болмасқа немене, Тарығып шын жыласа; Мал бітпеске немене, Жігіт жанды бұласа! – деп таңбалай алға тартады.

Демек, ер жігіт көксеген арманына жету үшін, әуелі, хақтан адалынан тілек етуі керек екен, тілеп қана қоймай, жан сала тірлік етуі қажет екен. Бейбіт күнде ер жігіттің парызына баланған бұл әрекеттер бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпағаны анық.

Алайда, Ақтамберді жырау өмір сүрген дәуір бейбіт күннің мамыражай күйін толғап отыратын уақыт болмағаны мәлім. Бұл дәуір – Қазақ даласының әр қиырынан анталай ұмтылған жаудың бетін қайтарып, ел-жұртқа қорған болу әр жігіттің ел алдындағы парызына айналған дәуір. Жырау толғауларында батырлық болмыс сипаттары, жүректілік белгілері жиі жырлануының сыры да сондықтан. Ер жігіттің сипаттарын жырлау барысында Ақтамберді өзінен бұрынғы жыраулар шығармашылығында кеңінен қолданылған салыстыра бағалау тәсілін пайдаланады. Мәселен:

Балпаң, балпаң кім баспас,

Басарға балтыр шыдамас;

Батырмын деп кім айтпас,

Барарға жүрек шыдамас, –

деп жырлаған тұсқа назар аударсақ, жыраудың сөзге бар да, ерлік әрекетке жоқ бөспе жігіттің сатиралық келбетін мысқылдай көрсеткені аңғарылады.

Балпаң, балпаң басқан кезінде балтырын жарып жіберердей шіренген «батырсымақты» сатиралық кейіпте көрсеткен кезде жыраудың діттегені – жеңіл әжуа, арзан күлкі емес, қазақ баласының бойына абзал қасиеттерді дарыту. Осы толғаудың келесі бөлігінде ер жігіт бойынан табылуға тиісті қастерлі қасиеттердің бірі елге қорған болу екенін меңзей келе:

...Жалтара шапсаң жау қашпас,

Жауды аяған бет таппас;

Уа, жігіттер, жандарың

Жаудан аяй көрмеңіз,

Ғазірейіл тура келмей жан алмас! – деп айтар ойын ашық жеткізуі сондықтан.

Ел шетіне тиген жауға жан аямай шапқан кезде ер жігіттің қорғағаны қандай өмір, ер жігіттің бейбіт күнде орнықтырғысы келгені қандай өмір? Ақтамберді жырларынан бұл сұрақтың жауабы да табылады. Жай ғана жауап емес, ер жігіттің көңілінде мәңгі байырқалап қалатын әсерлі де, бейнелі жауап. Ең маңыздысы сол, бұл жауап – ер жігіттің ғана көксеген өмірі емес, көшпелі қазақ баласының әрқайсысы аңсаған арман өмір.

Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екеміз; Күдеріден бау тағып, Қамқапты киер ме екеміз?! – деп басталып, риторикалық сауал үлгісінде бір деммен айтылып шығатын бұл толғауда қазақ өмірінің алуан түрлі көріністері, қазақ баласының асыл армандары айшықтала жырланған. Риторикалық сауалмен түйінделіп отыратын әр шумақта қазақтың бірегей жаратылысы жатыр.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға