2026 жылдың 19 қыркүйегінде қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов кәсіби мансабындағы ең маңызды жекпе-жегіне шығады. Орта салмақтағы (Middleweight) WBC тұжырымының уақытша чемпионы америкалық Хесус Рамоспен болатын кездесу Қазақстан боксы үшін ғана емес, әлемдік дивизиондағы күштердің арақатынасына да әсер етуі мүмкін.
Үш жылға жуық үзілістен кейінгі үлкен мүмкіндік
Бұл – Қазақстан үшін 2026 жылғы алғашқы чемпиондық айқас. Жекпе-жек АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласындағы Pechanga Arena кешенінде өтеді. Кештің басты жекпе-жегінде мексикалық Исаак «Питбуль» Крус пен пуэрто-риколық Нестор Браво қолғап түйістіреді.
32 жастағы Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой бокста әлі жеңіліп көрмеген спортшылардың бірі. Оның еншісінде 20 жеңіс бар, оның 11-і мерзімінен бұрын аяқталған.
Алайда қазақстандық боксшы соңғы рет 2023 жылдың қарашасында шаршы алаңға шыққан. Үш жылға жуық үзіліс кез келген спортшы үшін үлкен сынақ саналады. Мұндай ұзақ паузадан кейін бірден чемпиондық деңгейдегі қарсыласпен кездесу – жоғары тәуекелді шешім.
Соған қарамастан, Нұрсұлтанов бұл мүмкіндікке ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде дайындалғанын айтады.
Осы сәтті көптен күттім. Бұл деңгейге жету үшін шыдамдылық пен үлкен еңбек қажет болды. Артық сөз айтқым келмейді. Бар назарым – жекпе-жекте. Жеңіс үшін бар күшімді саламын, – деді қазақстандық боксшы.
Хесус Рамос – тәжірибелі әрі қауіпті қарсылас
Америкалық Хесус Рамос кәсіпқой рингте 24 жеңіске жетіп, бір ғана рет жеңілген. Оның 19 қарсыласын нокаутпен ұтуы соққысының өте ауыр екенін көрсетеді.
Уақытша чемпион қарсыласына құрметпен қарайтынын айтып, Нұрсұлтановтың көптен күткен мүмкіндігін жақсы түсінетінін жеткізді.
Мен алғашқы титулдық қорғанысымды өткізетініме қуаныштымын. Нұрсұлтанов – тәжірибелі, жеңіске өте ынталы әрі қауіпті боксшы. Сондықтан 19 қыркүйекте оның ең үздік нұсқасын көреміз деп ойлаймын, – деді Рамос.
Бұл жекпе-жектің басты маңызы неде?
Бұл кездесудің құндылығы тек уақытша чемпиондық белбеуде емес. WBC президенті Маурисио Сулейманның мәлімдеуінше, Рамос-Нұрсұлтанов жекпе-жегінің жеңімпазы ұйымның толыққанды әлем чемпионы Карлос Адамеспен міндетті чемпиондық кездесу өткізу құқығына ие болады.
Сонымен қатар соңғы уақытта Адаместің жоғары салмақ дәрежесіне ауысуы мүмкін екені жиі талқыланып жүр. Егер бұл жүзеге асса, уақытша чемпион толыққанды чемпион мәртебесін жекпе-жексіз де алуы ықтимал. Сондықтан 19 қыркүйектегі айқастың тарихи маңызы бұрынғыдан да арта түсті.
Соңғы жылдары Қазақстан кәсіпқой боксында әлем чемпионы атағына таласатын спортшылар саны азайғаны байқалды. Геннадий Головкин дәуірінен кейін орта салмақтағы қазақстандықтардың халықаралық ықпалы төмендей бастаған еді.
Осындай жағдайда Мейірім Нұрсұлтановтың чемпиондық жекпе-жегі ел боксы үшін жаңа буынның қалыптасып келе жатқанын көрсететін маңызды оқиғаға айналуы мүмкін. Жеңіс оның жеке мансабын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, Қазақстанның әлемдік кәсіпқой бокстағы беделін күшейтуге де ықпал етеді.
19 қыркүйекте өтетін Нұрсұлтанов-Рамос кездесуі 2026 жылғы қазақстандық кәсіпқой бокстың басты оқиғаларының бірі болмақ. Ұзақ үзілістен кейін рингке оралатын Мейірім Нұрсұлтановты мансабындағы ең ауыр сынақ күтіп тұр. Егер ол осы мүмкіндікті тиімді пайдалана алса, әлем чемпионы атағына бір қадам жақындап қана қоймай, Қазақстан боксының жаңа жеңісті кезеңінің басталуына жол ашуы әбден мүмкін.
Бұған дейін біз Жәнібек Әлімханұлының Канелоға қарсы жекпе-жек өткізу мүмкіндігі туралы жазған едік.