Әлімханұлы Канелоға қарсы: WBO қазақстандық боксшыны рейтингке қосты

Әлімханұлы Канелоға қарсы: WBO қазақстандық боксшыны рейтингке қосты
Фото: Instagram/janibek_alimkhanuly, Instagram/canelo

Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) екінші орта салмақтағы жаңартылған рейтингін жариялады. Онда қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы әйгілі мексикалық Сауль «Канело» Альварестен кейінгі 2-орынға жайғасты.

Бұған дейін WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақта әлем чемпионы болған Әлімханұлы енді екінші орта салмақта өнер көрсетеді. Ұйымның рейтингіне сәйкес, қазақстандық боксшы жақын арада ірі жекпе-жек өткізуі мүмкін.

Қазіргі таңда бұл салмақтағы WBO чемпионы – Ұлыбритания өкілі Хамза Шираз. Бірнеше жыл бұрын Әлімханұлы мен Шираз арасындағы жекпе-жек туралы келіссөздер жүргізілген болатын.

Ал рейтингтің бірінші сатысында Канело тұр. Мексикалық боксшы соңғы рет Теренс Кроуфордтан жеңілгеннен кейін рингке шыққан жоқ.

Әлімханұлы қазіргі дисквалификациясына қарамастан бірден рейтингтің екінші орнына көтерілді. Оның жарыстарға қатысуға салынған тыйымы биылғы желтоқсанда аяқталады.

Фото: wboboxing.com
Фото: wboboxing.com

Әлімханұлы неге чемпиондық белбеуден бас тартты?

Еске салсақ, Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан бас тартып, екінші орта салмаққа ауысу туралы шешім қабылдаған еді. Оның менеджері Берік Сұлтанның айтуынша, бұған басты себеп – мықты әрі танымал қарсыластармен жұдырықтасуға мүмкіндік алу.

Орта салмақта екі чемпиондық белбеуіміз болды. Бірақ өкінішке қарай, атақты қарсыластармен кездесе алмадық. Олар не бұл салмақтан кетіп қалды, не Жәнібекпен жұдырықтасқысы келмеді. Ал екінші орта салмақта Канело, Калеб Плант, Эдгар Берланга, Хамза Шираз, Хайме Мунгия сияқты мықты боксшылар бар. Біз үшін ең басты мақсат – осындай танымал қарсыластармен жекпе-жек өткізу, – деген еді менеджер.

Осылайша, WBO жаңа рейтингті жариялағаннан кейін Жәнібек Әлімханұлының Канелоға қарсы жекпе-жек өткізу мүмкіндігі арта түсті. Қазақстандық боксшы бұл кездесуді өткен жылдан бері армандап жүргенін бірнеше рет айтқан.

Жәнібек – Канело! Бұл жекпе-жек – менің басты мақсатым. Екінші орта салмаққа көтерілуге дайынмын. Жанкүйерлер де осы айқасты көргісі келетініне сенімдімін, – деп жазған болатын Әлімханұлы әлеуметтік желіде.

Айта кетейік, Канело Жәнібектен үш жас үлкен (36 және 33 жаста). Сонымен қатар мексикалық кәсіпқой рингте 68 жекпе-жек өткізіп, қазақстандықтың 17 кездесуінен шамамен төрт есе көп тәжірибе жинаған.

Канело бұған дейін екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атанып, бірнеше салмақ дәрежесінде чемпиондық белбеулерді иеленген.

Дисквалификация және жаңа мүмкіндік

Жәнібек Әлімханұлының мансабы былтыр желтоқсанда допингке қатысты жағдайға байланысты уақытша тоқтатылған еді. Кубалық Эрисланди Лараға қарсы үшінші чемпиондық белбеу үшін өтетін жекпе-жек алдында оның қанынан мельдоний табылып, кездесу кейінге шегерілді.

Осыдан кейін IBF ұйымы қазақстандықтың чемпиондық белбеуін қайтарып алды. Ал WBO уақытша чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізуге рұқсат беріп, оны британдық Дензел Бентли жеңіп алған болатын.

Кейін Әлімханұлы белбеуден ресми түрде бас тартқаннан кейін, Бентли толыққанды WBO чемпионы атанды.

Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы қазіргі әлем чемпионы Хамза Шираз болуы мүмкін екені хабарланған еді.

Оқи отырыңыз