Жаңалықтар

Ұлыбританияда қазақстандық композитор операсының премьерасы өтті

Ұлыбританияда қазақстандық композитор операсының премьерасы өтті
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 18.02.2024 16:40 403

Ұлыбританияның Глазго соборында «Болашақ» бағдарламасының докторанты, дарынды композитор-пианист Рахат-Би Әбдісағин жазған «Брюс» операсының әлемдік премьерасы өтті. «Қазақ Моцарты» атанған композитор Шотландияның ең атақты патшаларының бірінің 750 жылдығына орай опера жазған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қойылымда Шотландия Корольдік консерваториясының солистері, хоры және дирижерлер өнер көрсетті.

Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, опера Глазго университетінің Шотландия әдебиетінің профессоры, ақын Алан Риачтың жанды дауыста оқуымен Рахат-Би өзі орындаған он минуттық орган увертюрасымен ашылды.

«Брюс» операсы Рахат бидің Шотландия Корольдік консерваториясындағы докторлық зерттеуінің бір бөлігі ретінде жазылған және Джон Барбурдың ортағасырлық поэмасына негізделген. Либретто Шотландияның ең әйгілі патшалары мен әскери жетекшілерінің бірі Роберт I Брюстің тарихын баяндайды. Роберт Брюстің әскери жетістіктері Шотландияның тәуелсіздігін сақтауда маңызды рөл атқарды.

Премьера күні тарихи собордың қабырғасында аншлаг болды. Көрнекті ғалымдар, тарих зерттеушілері, музыка өнерінің өкілдері, жазушылар, журналистер және Шотландия тұрғындары автордың жаңа опера жанры – соборлық операны алғашқылардың бірі болып тыңдау үшін премьераға қатысты.

Премьера болатын жер кездейсоқ таңдалмаған. Дәл Глазго соборында Роберт I Брюс Шотландия королі ретінде алғаш рет танылды.

Мен ертедегі шотландтардың тарихи контекстін және айтылуын анықтау және зерттеу үшін жетекші лингвистермен, тарихшылармен жұмыс істедім. Біз мәтінді метафоралық және әріптік жолмен дешифрлауда маңызды жұмыс жасадық. Музыка мұқият жасалған және собор кеңістігінде керемет дыбыс әлемін жасау үшін органның ұлылығын пайдаланады. Батыстың беделді консерваториясында білім алып, әлемдік өнерге өз үлесімді қосуға мүмкіндік берген «Болашақ» халықаралық стипендиясы мен Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігіне алғысымды білдіремін, – деді Рахат-Би Әбдісағин.

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға