Ұлдана Мырзуан ісінде жаңа деректер жарияланды

Ұлдана Мырзуан ісінде жаңа деректер жарияланды
Фото: instagram.com/rustemova_aliya

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесінде істің жаңа мән-жайлары белгілі болды. Прокуратура үйдің бұрынғы басшыларының әрекеті бойынша бөлек қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Бұрынғы басшылардың әрекеті бөлек тексеріледі

Прокурордың айтуынша, сот барысында қорғаушы тарап қайғылы жағдайға тек қазіргі мүліктің меншіктенушілерінің бірлестігі (ОСИ) төрағасы емес, үйді бұған дейін басқарған тұлғалар мен құрылыс салушы да жауапты болуы мүмкін деген мәселені бірнеше рет көтерген.

Осыған байланысты мемлекеттік айыптау іс мән-жайларын толық әрі жан-жақты зерттеу үшін қосымша құжаттарды қарауды ұсынды.

Олардың бірі – үйді басқарған бұрынғы басшыларға қатысты материалдарды бөлек өндіріске шығару туралы 2026 жылғы 6 тамыздағы рапорт. Құжатта тергеу барысында басқа тұлғалардың әрекеттерінен де Қылмыстық кодекстің 254-бабында көзделген «Міндеттеріне адал қарамау» қылмыстық құқық бұзушылығының белгілері анықталғаны көрсетілген.

Мемлекеттік айыптаушының түсіндіруінше, бұл құжат бұрынғы басшылардың әрекеттері назардан тыс қалмағанын және оларға бөлек қылмыстық өндіріс аясында құқықтық баға берілетінін көрсетеді.

Құрылыс салушыға қатысты іс неге тоқтатылған? 

Сотта қаралған тағы бір құжат тұрғын үйді салған құрылыс компаниясына қатысты болды. Прокуратура құрылыс салушыға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыны да негізгі істің материалдарына қосуды сұрады.

Бұл мәселе қорғаушы тараптың уәждеріне байланысты көтеріліп отыр. Адвокаттар бұған дейін қайғылы жағдайдың түпкі себебі ғимарат салынған кезде жіберілген кемшіліктер болуы мүмкін екенін айтып, құрылыс салушының жауапкершілігін зерттеуді талап еткен.

Бұған дейін сотта үйдің құрылысын жүргізген «Гражданстрой» компаниясына қатысты тергеу жайы да айтылған. Іс материалдарында көпқабатты үйдің 2005 жылғы 2 ақпанда пайдалануға берілгені көрсетілген. Сотта құрылысқа қатысты ықтимал құқық бұзушылықтарға құқықтық баға беру кезінде қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі мен іске қатысы болуы мүмкін адамдардың өмірден өтуі секілді мән-жайлар ескерілгені айтылды.

Сараптама фасадтағы бірқатар кемшілікті анықтады

3 қыркүйектегі сот отырысында мемлекеттік айыптаушы техникалық сараптама қорытындысын жариялаған еді. Сарапшылардың тұжырымы бойынша, фасадтың құлауына бір ғана фактор емес, бірнеше құрылыс кемшілігінің жиынтығы әсер еткен.

Атап айтқанда, сыртқы көпқабатты қабырғаларды тұрғызу кезінде конструкциялық ақаулар мен кірпіш қалау технологиясының бұзылғаны анықталған. Сараптама материалдарында бұл кемшіліктер уақытында анықталып, тиісті шаралар қабылданғанда, конструкцияның опырылуын болдырмауға мүмкіндік болғаны көрсетілген.

Қорғаушы тарап ұсынған қосымша сараптамада да апаттың негізгі себептері ретінде жобалау және құрылыс кезеңінде жіберілген кемшіліктер көрсетілген. 9 қыркүйекте сот қорғаушы тараптың сот-медициналық сарапшыны қосымша жауап алуға шақыру туралы өтінішін қанағаттандырмады. Сот сарапшының қорытындысында дене жарақаттарының ауырлығы мен өлім себебі жеткілікті түрде көрсетілгенін мәлімдеді.

Сотта ОСИ төрағасы да жауап берді

Қазір іс бойынша айыпталушы ретінде үйдің мүліктің меншіктенушілерінің бірлестігі (ОСИ) төрағасы Сәуле Жұбаниязова сот алдында жауап беріп жатыр. Оған Қылмыстық кодекстің 254-бабы – міндеттеріне адал қарамау бойынша айып тағылған. Сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.

9 қыркүйектегі отырыста Жұбаниязова үйдің техникалық жағдайына қатысты бұрын жүргізілген зерттеулер мен жөндеу жұмыстары туралы айтты. Сот процесі 18 тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында басталған. Істі судья Меруерт Абаева қарап жатыр.

Ұлдана Мырзуан қалай қаза тапты?

Қайғылы жағдай 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайында болды. Көпқабатты үйдің сыртқы кірпіш қаптамасының бір бөлігі опырылып, бірнеше адам зардап шекті. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасымен келген 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан да ауыр жарақат алды.

Дәрігерлер оның өмірі үшін он күн күресті. Алайда Ұлдана 18 қарашада ауруханада көз жұмды. Кейін ол қызметтік міндетін атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен қайтыс болғаннан кейін марапатталды.

Тергеу аяқталған соң қылмыстық іс 6 тамызда сотқа жолданды. Қазіргі сот процесінде тараптар трагедияға нақты қандай факторлар себеп болғанын және тұрғын үйдің техникалық жағдайына жауапты тұлғалардың әрекетіне қандай құқықтық баға берілуі керектігін анықтауға тырысып жатыр.

Оқи отырыңыз