Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында оның әріптесі Дильназ Байзақова куәлік берді. Ол қайғылы оқиға болған күнді еске алып, Ұлдананың жарақат алған сәтін айтып берген кезде сот залында көзіне жас алды, деп хабарлайды El.kz BAQ.KZ тілшісіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға қалай болған?
Куәгердің айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашада ол Ұлдана Мырзуанмен алғаш рет бір ауысымда жұмыс істеген. Сол күні таңертең олар ауысымды қабылдап, алғашқы шақыртуды орындаған. Кейін қосалқы станцияға қайтып келген кезде бірінші жеделдік санатындағы тағы бір шақырту түскен. Шақыртуда ғимараттың қабырғасы құлағаны көрсетілген.
Фельдшерлер қажетті медициналық жабдықтарды алып, көрсетілген мекенжайға барған. Алайда шақыртуда дүкеннің нақты атауы болмаған. Оқиға орнына келген кезде көшедегі адамдар жедел жәрдем қызметкерлеріне қай жерге бару керектігін көрсеткен. Дүкеннің ішінде адам көп болған. Куәгердің айтуынша, бір әйел отырған, тағы бір ер адам мен әйел жерде жатқан.
Адамдар бізге «көмектесіңіздер, оларға көмек керек» деп жатты. Біз бірден қастарына бардық. Басында нақты ненің құлағанын түсінбедік. Жерде кірпіштер жатты, – деді Дильназ Байзақова сотта.
Медицина қызметкерлері зардап шеккендерге көмек көрсетуге кіріскен. Алайда сол сәтте жоғарыдан тағы бір зат құлаған.
«Айнала шаң болып, ештеңе көрінбеді»
Дильназ Байзақова өзі де құлаған заттан жарақат алғанын айтты.
Нақты не түскенін білмеймін. Бірақ қатты ауырсынғаннан үстіме кірпіш түскенін түсіндім. Мен құлап қалдым. Айнала шаң болып, ештеңе анық көрінбеді, – деді ол.
Орнынан тұрғаннан кейін фельдшер әріптесі Ұлдананы байқаған. Марқұм етпетінен жатқан. Куәгердің айтуынша, ол Ұлдананы көтеруге тырысып, кейін оны көтерген. Сол кезде әріптесінің құлағы мен мұрнынан қан аққанын көрген. Осы сәтті сотта еске алған Дильназ Байзақова көз жасына ерік берді.
Ұлдананы кейін басқа жедел жәрдем бригадасы алып кеткен. Ал Дильназ оқиға орнында қалып, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуді жалғастырған.
ТЖМ қызметкерлері келген
Куәгердің сөзінше, Ұлдананы алып кеткеннен кейін оқиға орнында тағы үш зардап шеккен адам болған. Ол аға дәрігерге хабарласып, қосымша жедел жәрдем бригадаларын жіберуді сұраған. Көп ұзамай оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері келген.
Олар адамдарды құтқарып жатқанда мен аға дәрігермен сөйлестім. Шамамен 5-10 минуттан кейін басқа жедел жәрдем бригадалары жетті. Оған дейін зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсеттім, – деді фельдшер.
Сотта куәгерден Ұлдананың үстіне нақты қандай зат құлағаны сұралды. Дильназ Байзақова бұл сәтті өзі көрмегенін айтты. Ол сол уақытта өзі де жарақат алып, құлап қалған. Кейін Ұлдананың үстінде кірпіштер жатқанын көрген.
Куәгердің айтуынша, ТЖМ қызметкерлері келген бойда үйінді астында жатқан ер адам мен әйелді құтқаруға кіріскен.
Фельдшердің өзі де жарақат алған
Дильназ Байзақова кейін өзінің жағдайы нашарлағанын айтты.
Кейін мен тағы да құлап қалдым. Санам бұлыңғыр болды. Одан арғысын есіме түсіре алмаймын. Палатада есімді жидым, – деді ол.
Куәгер миы шайқалып, жабық бас-ми жарақатын алғанын және амнезия болғанын жеткізді. Сараптама қорытындысында оның денсаулығына келтірілген зиян орташа ауырлықтағы жарақат ретінде бағаланған.
Сотта Ұлдананың оқиға кезінде есін жиған-жимағаны да сұралды. Куәгер оның есін жимағанын кейін естігенін айтты.
Қорғаушы тарап істі прокурорға қайтаруды сұрады
Сот отырысында қорғаушы тарап қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық-процестік заңнама талаптары елеулі түрде бұзылғанын мәлімдеді.
Адвокаттар істі прокурорға қайтарып, анықталған кемшіліктерді жоюды және қосымша тергеу жүргізуді сұрады. Қорғаушы тарап бұл өтінішін Қылмыстық-процестік кодекстің 323-бабына сүйеніп негіздеді.
Адвокаттардың айтуынша, қосымша зерттеуді қажет ететін мәселелер бар. Атап айтқанда, ғимараттың техникалық жағдайына бұған дейін кім жауапты болғанын анықтау, техникалық құжаттарды қайта қарау, тиісті тұлғалардан жауап алу және қажет болған жағдайда қосымша сот сараптамаларын жүргізу қажет.
МИБ төрағасының жауапкершілігіне қатысты мәселе
Қорғаушы тараптың мәліметінше, іс бойынша фигурант Жұбаниязова көппәтерлі үйдің мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрағасы қызметіне 2025 жылғы мамырда ғана кіріскен.
Адвокаттар оның ғимаратты жобалауға немесе салуға қатыспағанын, құрылыс жұмыстарын жүргізбегенін, техникалық қадағалау өкілі болмағанын және нысанды пайдалануға қабылдамағанын атап өтті. Сондай-ақ қорғаушы тарап оның құрылыс немесе инженерия саласында арнайы білімі жоқ екенін айтты.
Осыған байланысты адвокаттар Жұбаниязова төраға болғанға дейін ғимараттың техникалық жағдайына кім жауап бергенін анықтау қажет деп санайды.
«Куәгерден күдіктіге айналды»
Қорғаушы тарап фигуранттың процестік мәртебесінің өзгеруіне де назар аударды. Адвокаттардың айтуынша, Жұбаниязова тергеудің басым бөлігінде куәгер мәртебесінде болған. Тек тергеудің соңғы кезеңінде күдікті ретінде танылған.
Қорғаушы тарап істің материалдарында процестік мәртебені өзгерту, тиісті қаулыларды жариялау, жауап алу, сараптама қорытындыларымен таныстыру және қорғаушының іске қатысуына қатысты мәселелер бар екенін мәлімдеді.
Адвокаттар Жұбаниязованың өзіне тағылған күдіктің мәнін нақты қашан білгенін және сол кезден бастап оның қорғану құқығы толық қамтамасыз етілген-етілмегенін анықтау қажет деп есептейді.
Сондай-ақ қорғаушы тарап сараптама тағайындау туралы қаулылармен және сарапшылардың қорытындыларымен танысу рәсіміне қатысты да бірқатар кемшілік болғанын айтты. Кейбір құжаттарда танысу уақыты көрсетілмеген, ал жекелеген материалдарда қорғаушының қолы жоқ екені айтылды.
Сот соңғы шешімді қабылдайды
Қорғаушы тарап аталған мән-жайларды жиынтық түрде бағалап, істі осы күйінде қарауға бола ма, әлде ҚПК-нің 323-бабына сәйкес прокурорға қайтару қажет пе деген мәселені шешуді сұрады.
Әзірге бұл – қорғаушы тараптың ұстанымы. Сот аталған процестік заң бұзушылықтар болғанын түпкілікті анықтады деген сөз емес. Өтініш бойынша соңғы шешімді сот қабылдайды.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2025 жылғы қарашада Астанадағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбеті опырылған кезде болған. Қасбеттегі кірпіш пен кондиционердің ілгіші құлап, бес адам жарақат алған. Олардың арасында екі медицина қызметкері болған.
23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, 18 қарашада алған жарақатынан қайтыс болды. Кейін Президент қаза тапқан фельдшерді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Сот барысында марқұмның әріптесінің куәлігі қайғылы оқиғаның алғашқы минуттарындағы жағдайды нақтылауға мүмкіндік берді. Ал қорғаушы тарап көтерген сұрақтар ғимараттың техникалық жағдайына жауапты тұлғаларды анықтау және тергеу барысында жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын бағалау мәселелеріне қатысты болып отыр.
Бұған дейін Ұлдананың күейуі Әділет Зейнел жаңа отбасын құрып, үйленуге неге асыққанын түсіндірген еді.