Жаңалықтар

Түркияда қолға түскен Серік Күдебаевтың қайда екені анықталды

Түркияда қолға түскен Серік Күдебаевтың қайда екені анықталды
Фото: © Polisia.kz 05.05.2023 10:55 860

Желіде жақында 10 жылға сотталған Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастысы Серік Күдебаевтың Астанаға ауыстырылатыны туралы ақпарат тараған болатын. Осыған қатысты құқық қорғау органдары түсінік берді деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Талдықорған қалалық сотының Серік Күдебаевқа қатысты үкімі заңды күшіне енген жоқ. Қазіргі уақытта сотталушы Талдықорған қаласының №71 мекемесінде қамауда. Сотталған Серік Күдебаевты басқа мекемеге ауыстыру туралы бұйрық түскен жоқ, – деді Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.

Талдықорған қалалық сотының үкімімен С.М. Күдебаев "қаңтар оқиғалары" кезеңінде ауыр зардаптарға (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) және азаптауларға (146-бабы 2-бөлігі) әкеп соққан билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталған болатын. 

Ол орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейді.

Күдебаев  сотта қаңтар оқиғасы кезінде өз халқына оқ атпағанын мәлімдеп, кінәсін мойындамады.

Бұған дейін  Серік Күдебаевтың ұлы Арман Мырзақұлов әкесінің елге өзі оралғанын айтқан. Одан кейін Бас прокуратура ол ақпаратты жоққа шығарды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға