Тұрғын үй кезегін енді смартфоннан бақылауға болады: не білу керек?

Тұрғын үй кезегін енді смартфоннан бақылауға болады: не білу керек?
Фото: El.kz архиві

Отбасы банк тұрғын үйді бөлу процесін цифрландыру арқылы жұмысты үш есе жеделдетті. Бұған дейін әкімдіктерде бұл іске 700-ге жуық қызметкер тартылса, қазір банкте аталған жұмысты небәрі 20 маман атқарады. Бұл туралы Отбасы банк Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Үкімет отырысында мәлімдеді.

Қазір Қазақстандағы ипотекалық портфельдің 55%-ы Отбасы банкке тиесілі. Елде тұрғын үй сатып алуға берілетін әрбір екінші қарыз осы банк арқылы рәсімделеді. Бүгінде банктің 4 млн клиенті бар, ал күн сайын 300-ден астам отбасы ипотека алады.

Ұлттық даму институты мәртебесін алғаннан кейін банкке тұрғын үйге мұқтаж азаматтармен жұмыс істеу міндеті де жүктелді.

Тұрғын үй бөлу процесі автоматтандырылды

Тұрғын үйді бөлу үшін «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» цифрлық платформасы мен orken.otbasybank.kz порталы іске қосылған.

Жүйе 15 мемлекеттік дерекқормен интеграцияланған. Соның арқасында азамат туралы қажетті мәліметтер автоматты түрде тексеріліп, оның тұрғын үй бөлу талаптарына сәйкестігі анықталады. Әр отбасы бойынша цифрлық карта жасалып, негізгі тексерулер адамның араласуынсыз жүргізіледі.

2026 жылдың шілдесінен бастап тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтардың жеке кабинеті Otbasy bank мобильді қосымшасында да қолжетімді болды. Онда азамат өзінің мәртебесін, санатын, есепке қойылған күнін және өңірін көре алады.

Жыл соңына дейін қосымша арқылы тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке тұру және тұрғын үй бөлуге қатысуға келісім беру мүмкіндігі іске қосылмақ. Бұл әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын азаматтарға қызмет алу үшін аудан немесе облыс орталығына бармай-ақ, барлық рәсімді смартфон арқылы орындауға мүмкіндік береді.

Отбасы банк ұлттық даму институты ретінде жұмыс істей бастағалы 30 569 қазақстандық отбасы жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй алған.

Бұған дейін әкімдіктер жылына орта есеппен 7 мың пәтер бөлген және бұл жұмысқа шамамен 700 қызметкер жұмылдырылған. Қазір Отбасы банкте осы бағытта 20 маман жұмыс істейді. Нәтижесінде тұрғын үйді бөлу процесі үш есе жеделдеген.

Жалпы, 2021 жылдан бері тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған 143,4 мың қазақстандық баспаналы болды. 2033 жылға дейін банк бағдарламалары арқылы тағы 292 мың адамды тұрғын үймен қамту жоспарланған.

Бес күндік жұмыс 15 минутқа дейін қысқарды

Цифрландыру ипотеканы рәсімдеуге кететін уақытты да айтарлықтай азайтқан.

2021 жылдан бері банк «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп Blockchain технологиясын қолданып келеді. Ол кепілді және меншік құқығын тіркеу, мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйді жалдау шартын рәсімдеу және кепілді алып тастау кезінде пайдаланылады.

Бұрын кепілді тіркеу бес жұмыс күніне дейін созылатын. Клиент қағаз шартты банктен алып, ХҚКО-ға барып, құжаттың рәсімделуін күтіп, кейін қайтадан банкке оралуы керек еді.

Қазір бұл процесс толығымен электронды форматқа көшіп, 10-15 минутта орындалады.

Blockchain технологиясы іске қосылғалы 254 172 операция жүргізілген. Қазір қарыздардың шамамен 60%-ы осы технология арқылы рәсімделеді. Банктің есебінше, цифрландыру қазақстандықтардың 500 мыңнан астам жұмыс сағатын үнемдеген.

Жасанды интеллект өтініштердің 96%-ын өзі өңдейді

Банк қызметінде жасанды интеллект те кеңінен қолданылып жатыр. Quanysh AI чат-боты клиенттерге қазақ және орыс тілдерінде тәулік бойы қызмет көрсетеді.

Чат-бот өтініштердің 96%-ын оператордың көмегінсіз өңдеп, орта есеппен 3-4 секундта жауап береді. Осы уақытқа дейін жүйе шамамен 3,5 млн өтінішті өңдеген.

Жасанды интеллект ішкі процестерді де жылдамдатқан. Мәселен, бұрын клиенттің төлем қабілетін есептеуге 10-15 минут қажет болса, қазір бұл жұмыс екі минутқа жетпей орындалады.

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша өтінішті қарау және кепілді мониторингтеу бес минутқа дейін қысқарған. Ал депозитті басқа адамға беру операциясына бұрын 135 минут кетсе, қазір небәрі 7 минут қажет.

Қарызды қайта қарау бойынша қорытынды әзірлеу де бірнеше минутқа дейін жеделдеген. Бұрын істің күрделілігіне қарай бұл жұмыс 30 минуттан бірнеше күнге дейін созылатын.

Қазір Отбасы банк операцияларының 95%-ы онлайн қолжетімді. Цифрлық сервистерді 1,44 млн адам белсенді пайдаланады. Соңғы үш жылда олардың саны 10 есе артқан.

Айта кетейік, бұған дейін тұрғын үйдің санаттарын қалай ажыратуға болатыны жайлы жазған едік. 

Оқи отырыңыз