Трамп әлем чемпионатының жеңімпазына Кубокты өзі табыстайтынын айтты

 © AP Photo / Evan Vucci
Фото: © AP Photo / Evan Vucci

АҚШ президенті Дональд Трамп 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жеңімпаздарына Кубокты жеке өзі табыстыруды жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

FIFA президенті арнайы шақырған

Ол Ақ үйде НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен өткен кездесуде журналистердің сұрағына жауап бере отырып, FIFA президенті Джанни Инфантиноның өзін марапаттау рәсіміне арнайы шақырғанын жеткізді.

Кейін бұл мәліметті Джанни Инфантино да растады. Оның сөзінше, әлем чемпионатының финалдық ойынын бірге тамашалағаннан кейін, екеуі жеңімпаз команданы марапаттау үшін сахнаға бірге көтеріледі.

Турнирдің шешуші кездесуі 2026 жылғы 19 шілдеде АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Ист-Ратерфорд қаласында орналасқан MetLife Stadium стадионында өтеді. Әлем чемпионаты кезінде аренаға уақытша «New York New Jersey Stadium» атауы беріледі.

Трамп бұған дейін де қатысқан

Трамп бұған дейін де футбол турнирінің марапаттау рәсіміне қатысқан. 2025 жылы осы стадионда өткен клубтар арасындағы жаңартылған әлем чемпионатының финалынан кейін ол жеңімпаз атанған лондондық «Челси» клубына жүлдені табыстаған еді. Сол сәтте оның футболшылармен бірге сахнада ұзақ қалып, мерекелік сәтке белсенді араласуы қоғамда түрлі пікір туғызған болатын.

Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты алғаш рет 48 құраманың қатысуымен ұйымдастырылып жатыр. АҚШ, Мексика және Канада бірлесіп қабылдап жатқан дүбірлі дода қазір топтық кезең аясында жалғасуда.

Біз бұған дейін, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында  футболшылардың басым бөлігі алаңға қызғылт түсті бутсымен шығып жүргенін жазғанбыз.

Оқи отырыңыз