Неліктен 2026 жылғы әлем чемпионатында футболшылар қызғылт бутсымен ойнап жүр?

 Luke Hales/Getty Images
Фото: Luke Hales/Getty Images

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында футболшылардың басым бөлігі алаңға қызғылт түсті бутсымен шығып жүр. Мұның себебі неде және қандай жұлдыздар бұл үрдістен бөлек жол таңдады? Осыған жан-жақты тоқталып өтейік.

11 маусымда басталған әлем чемпионатында түрлі құрамалардың ойыншылары алаңға шамамен бірдей реңктегі, яғни қызғылт түсті бутсымен шығып жүр.

Бұл кездейсоқ та емес, футболшылар арасындағы жасырын келісім де емес. Мұның артында жетекші спорт брендтерінің маркетинг қадамы жатыр. Олар түс таңдауда алғаш рет осындай ортақ шешімге келіп отыр.

Қара түстен қызғылтқа дейін

Бір кездері футбол бутсылары тек қара түсте шығарылатын. Соңғы 25 жыл ішінде өндірушілер көзге түсу үшін кемпірқосақтың барлық түсін қолданып көрді. Алайда 2026 жылғы әлем чемпионатында жағдай қайта өзгерді. Ойыншылар тағы да бір түсті аяқ киіммен ойнап жатыр, бірақ бұл жолы ол – қызғылт түс.

Мехикода өткен Мексика мен Оңтүстік Африка арасындағы ашылу матчында-ақ алаңдағы футболшылардың басым бөлігі ашық қызғылт бутсы киген еді. Кейін бұл үрдіс басқа құрамаларға да тарады.

Мысалы Шотландия құрамасының 22 ойыншысының 19-ы қызғылт бутсымен ойнаған. Ал Оңтүстік Корея құрамасының жаттығуында 26 ойыншының 25-і қызғылт элементтері бар аяқ киім киген. Тек жартылай қорғаушы Хван Ин Бом ғана ақ түсті Mizuno бутсысын таңдаған.

David Ramos/Getty Images

Брендтердің стратегиясы: бәсекелестік емес, ортақ тренд

Әдетте ірі турнирлерде спорт жабдықтарын өндірушілері ерекше дизайн мен түстер арқылы ерекшеленуге тырысады. Бірақ биыл Nike, Adidas, Puma, New Balance және Skechers компаниялары әлем чемпионатына арналған арнайы топтамаларын қызғылт реңктерде шығарды.

Топтамалардың атаулары:

  • Nike – Breakout Pack – қанық фуксия түстес қызғылт;
  • Adidas – Road to Glory Pack – жеңіл қызғылт-сары реңкі бар Solar Turbo түсі;
  • Puma – Showtime Pack – Vibrant Poison Pink градиенті;
  • New Balance – Pure Ambition Pack – қызғылт, ақ және алтын түстер үйлесімі;
  • Skechers – Sunset Pack – қызғылт, қызғылт сары және күлгін түстердің ауысуы.

Брендтер қызғылт түстің сәнге айналатынын қайдан білді?

Жауап тұтынушы трендтерінің ұзақ мерзімді болжауында жатыр. Мәселен 2024 жылы WGSN аналитикалық компаниясы «электр фуксияны» 2026 жылдың жазының басты түстерінің бірі деп атаған.

Футбол бутсысының жаңа моделін жасау екі жылға дейін созылатындықтан, өндірушілер өнім нарыққа шыққан кездегі сән үрдістерін алдын ала есептеуге тырысады. Нәтижесінде жетекші брендтердің барлығы бір-бірімен келісім жасамаса да, бірдей түстік шешімге келген.

Жасыл алаңмен айқын контраст

Дегенмен бұл тек сән мәселесі емес. Ең басты практикалық себеп – көрнекілік.

Қызғылт түс жасыл шөппен ең жоғары контраст жасайды. Nike жүргізген сынақтарда дәл осы түс алаңда ең жақсы байқалатыны анықталған.

Бұл әсіресе матчтарды смартфоннан немесе әлеуметтік желілердегі қысқа видеолар арқылы қарайтын жанкүйерлер үшін маңызды. Қызғылт бутсылар жылдам эпизодтарда, қайталауларда және қысқа роликтерде бірден көзге түседі.

Nike компаниясының футбол аяқ киімдері жөніндегі жаһандық бөлім басшысы Одинга Нимаконың айтуынша қызғылт түс жасыл алаң аясында ерекше көзге түседі.

Ол стадионда отырған көрерменге де, теледидардан көріп отырған адамға да жақсы байқалады. Біз визуалды әсерді күшейтуді мақсат еттік, – дейді ол.

Сонымен қатар әлем чемпионатына қатысатын 48 құраманың ешқайсысы қызғылт түсті негізгі форма түсі ретінде пайдаланбайды. Сондықтан бутсылар ойын формасымен араласып кетпейді.

Түс – сенімділік құралы

Психологиялық тұрғыдан да қызғылт түстің әсері бар. Nike зерттеуі ашық түсті аяқ киімнің ойыншының өзіне деген сенімін арттыратынын көрсеткен. Компания өкілдерінің пікірінше, мұндай жарқын түсті кию белгілі бір батылдықты талап етеді және спортшыға өзін ерекше сезінуге көмектеседі.

Заманауи спорт психологиясы да ашық түстер ойыншылардың өзін жылдамырақ әрі серіктестеріне жақсырақ көрінетіндей сезінуіне ықпал ететінін растайды.

Қызғылт бутсының тағы бір артықшылығы бар. Қара түстер күн сәулесін көбірек жұтады, ал ашық неон-қызғылт материалдар жарықты жақсырақ қайтарады.

Әлем чемпионаты Солтүстік Америкада жаз мезгілінде өтіп жатқандықтан, мұндай таңдау практикалық жағынан да тиімді болып шықты.

Ережеден тыс қалған жұлдыздар

Қызғылт түстің үстемдігіне қарамастан, бірнеше әйгілі футболшы басқа түстерді таңдады:

Аргентина жұлдызы Лионель Месси (Adidas) Аргентина туының түстерін қайталайтын ақ-көгілдір және алтын элементтері бар бутсы киеді. Модель El Último Tango («Соңғы танго») деп аталады.

Португалиялық Криштиану Роналду (Nike) алтын түсті арнайы бутсыны таңдаған. Ол Роналдудың алтыншы әлем чемпионатына арналып жасалған.

АҚШ құрамасының ойыншысы Кристиан Пулишич (Puma) АҚШ туына сілтеме жасайтын көк жұлдыздары бар ақ бутсымен шығып жүр.

Ал ФИФА талаптарына сәйкес төрешілер классикалық қара түсті бутсы киюді жалғастыруда.

Warren Little / Getty Images

Қызғылт бутсы бұрын да болған

Қызғылт бутсы әлем чемпионаттарында алғаш рет қолданылып отырған жоқ. Бірақ бұрын ол сирек кездесетін ерекше дизайн болса, 2026 жылы көптеген футболшылар үшін негізгі таңдауына айналды.

Ең есте қалған мысалдардың бірі – 2014 жылғы Бразилиядағы әлем чемпионаты. Сол кезде Puma Tricks топтамасын таныстырып, бір бутсыны қызғылт, екіншісін көк түсте шығарған болатын. Мұндай бутсымен Марио Балотелли, Яя Туре, Сеск Фабрегас, Серхио Агуэро, Марко Ройс және Радамель Фалькао ойнаған.

Ал әлем чемпионаттары тарихындағы ең танымал аяқ киім оқиғаларының бірі 1970 жылы болған. Пеле Перуге қарсы матч алдында аяқ киімінің бауын байлау үшін үзіліс сұрап, телекамералар оның аяғына назар аударған. Осы сәтте бүкіл әлем Puma King логотипін көрген. Бұл спорт тарихындағы алғашқы ірі әрі мұқият жоспарланған өнімді жарнамалау оқиғаларының бірі ретінде саналады.

Оқи отырыңыз