Мемлекет басшысы қоғамдағы әдеп пен мінез-құлық мәдениетін сақтаудың маңызын жиі атап өтеді. Қуантарлығы, Президент көтерген осы құндылықтарды мәдениет қайраткерлері де қолдап, қоғамдағы өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығарып жүр. Солардың қатарында Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Бұхарбай сынды азаматтармен бірге дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев та ұлттық әдеп, мәдениет және адамгершілік құндылықтары туралы өз ойын ортаға салды.
Ақ пейіл – мәдениеттің бастауы
Арман Жүдебаевтың айтуынша, қазақ халқының дүниетанымында ақ пейіл ұғымының орны ерекше.
«Ақ пейіл – тек адамның таза ниеті ғана емес, өзгеге деген құрметі мен ізетінің күнделікті өмірдегі көрінісі. Ол адамның амандасуынан, сөйлесу мәнерінен, үлкенге көрсеткен құрметі мен кішіге танытқан ізетінен, айналасындағы адамдардың қадір-қасиеті мен жеке кеңістігін сыйлай білуінен аңғарылады. Сондықтан мәдениет музейден де, кітапханадан да бұрын әр адамның мінез-құлқынан басталады деп ойлаймын», – дейді ол.
Өнер қайраткерінің сөзінше, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени құндылықтары күнделікті қарапайым әрекеттерден бастау алады.
«Жылы сөз айту, алғыс білдіру, орын беру, жөн-жоралғыны сақтау – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени құндылықтарының ажырамас бөлігі. Солардың ішінде сәлем беру әдебіне қазақ халқы айрықша мән берген. «Сәлем – сөздің анасы» деген нақылдың өзі осының дәлелі», – дейді Арман Жүдебаев.
«Сәлем – сөздің анасы»
Ол әр халықтың өзіндік сәлемдесу мәдениеті болатынын айтып, қазақы амандасу әдебінің мәніне тоқталды.
«Әр халықтың өзіндік сәлемдесу мәдениеті бар. Бұл – жай ғана күнделікті әрекет емес, тұтас ұлттың дүниетанымын, тәрбиесін және адамға деген көзқарасын танытатын мәдени белгі. Қазақ үшін амандасу – ең алдымен құрметтің көрінісі. Қолды жүрек тұсына қойып, «Ассалаумағалейкум!», «Сәлеметсіз бе?» деп ізет білдіру – сыртқы рәсім ғана емес, ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі», – дейді ол.
Қазақы әдепке жат көріністер
Сонымен қатар Арман Жүдебаев соңғы жылдары қазақы болмысқа жат кейбір қарым-қатынас үлгілерінің белең алып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
«Өкінішке қарай, соңғы жылдары халқымыздың болмысына жат кейбір қарым-қатынас үлгілері белең алып келеді. Әсіресе, бір-бірін жақын танымайтын адамдардың құшақтасып немесе беттен сүйіп амандасуы қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Мұндай әрекет қазақы әдеппен де, ұлттық таныммен де толық үйлесе бермейді», – дейді ол.
Өнер қайраткері әдеп ұғымының мәніне де тоқталды.
«Әдеп – тек сыпайылық емес. Әдеп – адамның шекарасын сезіне білу, өзгенің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу. Амандасу да осы ұстанымнан бастау алуы тиіс. Өйткені әрбір адам – бір әулеттің перзенті, біреудің жары, анасы, әкесі, бауыры. Оған құрметпен қарау – өз мәдениетімізге деген құрмет», – дейді Арман Жүдебаев.
Өзгені құрметтеу – маңызды іс
Оның айтуынша, бұл ойды өзге мәдениеттерге қарсы қою ретінде қабылдауға болмайды.
«Мұны өзгеге тыйым салу немесе өзге мәдениетті жоққа шығару деп түсінбеуіміз керек. Әр халықтың өзіне тән әдебі бар. Өзгені құрметтеу – өз болмысыңнан бас тарту деген сөз емес. Керісінше, әлемнің байлығы – әр ұлттың өз ерекшелігін сақтай білуінде», – дейді ол.
Өнер адамы бұл ойын оркестрдегі үйлесіммен салыстырды.
«Өнер жолында жүріп бір ақиқатты терең түсіндім. Оркестрдегі әрбір аспаптың өз үні бар. Домбыра қобыздың үнін қайталамайды, қобыз сыбызғының орнын баспайды. Әрқайсысы өз табиғаты мен бояуын сақтағанда ғана үйлесімді әуен дүниеге келеді. Егер барлық аспап бір-біріне ұқсауға тырысса, оркестрдің сәні де, сазы да жоғалар еді. Өмірде де дәл солай. Халықтар арасындағы жарасым әркімнің өз мәдени үнін сақтай білуінен басталады. Амандасу әдебі, сөйлеу мәдениеті, үлкенге құрмет, кішіге ізет, адамның жеке кеңістігін сыйлау – мұның бәрі халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қайталанбас рухани болмысы», – деді Арман Жүдебаев.
Ұлт мәдениеті күнделікті өмірден бастау алады
Ол ұлттық мәдениет күнделікті өмірдегі қарапайым қарым-қатынастан басталатынын ерекше атап өтті.
«Ұлттың мәдениеті тек үлкен мерекелерде немесе салтанатты жиындарда емес, күнделікті қарапайым қарым-қатынастан көрінеді. Ақ пейілімізді, ізетімізді, амандасу мәдениетімізді және бір-бірімізге деген сыйластығымызды сақтай алсақ, ата-бабамыз аманаттаған рухани мұрамыздың да ғұмыры ұзақ болмақ», – дейді ол.
Сөз соңында өнер қайраткері ақ тілегін жеткізді.
«Жүрегімізден ақ пейіл, сөзімізден ізгілік, ісімізден құрмет арылмасын. Баршаңызға амандық, береке және өзара сыйластық тілеймін!» – деп түйіндеді Арман Жүдебаев.
Бұдан бұрын қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп қоғамды өзгерткісі келген адам алдымен өз тәрбиесіне қарауы керегін айтқан еді.