Қоғамдағы әдеп, бала тәрбиесі, жастардың ұстанымы мен қазіргі әдебиеттің бағыты – бір-бірінен бөлек мәселе емес. Себебі ұлттың болмысы күнделікті қарым-қатынастан басталып, отбасындағы тәрбиемен қалыптасады. Ал сол тәрбиені бойына сіңірген жас ұрпақ өз заманының мәселесін түсініп, ел дамуына үлес қоса алады. Нұртөре Жүсіп осы мәселелерге тоқталып, қазақ қоғамындағы бірқатар маңызды түйткілге қатысты пікір білдірді.
Дастархан басындағы әдепке мән беру керек
Нұртөре Жүсіп қазақ қоғамында амандасу мәдениетіне қайта мән беру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, дастарқан басында отырған адамдардың әрқайсысымен сырттан келген адамның жеке-жеке қол алысып амандасуы уақытты алып қана қоймай, әдеп пен гигиена талаптарына да сай келе бермейді.
Ол мұндай жағдайда көпшілікке ортақ «Сәлем бердік!» деп амандасудың жеткілікті екенін айтты. Сондай-ақ бұрынғы қазақ қоғамында «Мал-жан аман ба?» деп амандық сұрасу қалыпты дәстүр болғанын еске салып, мемлекеттік тілдегі амандасу мәдениетін жаңғырту қажет екенін жеткізді.
Қоғамды сынамас бұрын, бала тәрбиесіне көңіл бөлу қажет
Нұртөре Жүсіп қоғамдағы мәселелерді сырттай сынаудан бұрын әр адам өз отбасындағы тәрбиеге назар аударуы керек деп есептейді. Оның айтуынша, еңбекқорлық, адалдық, жауапкершілік және үлкенді құрметтеу секілді қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады.
Ол қоғамдағы барлық мәселе үшін тек мемлекетті кінәлау дұрыс емес екенін айтып, әр азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін атап өтті. Нұртөре Жүсіптің пікірінше, саналы қоғам әр адамның өз міндетін адал атқаруынан басталады.
Жастар материалдық құндылықпен шектелмеуі керек
Нұртөре Жүсіп жастардың өмірлік мақсаты қымбат телефон мен сәнді көлікке қол жеткізумен ғана шектелмеуі керек екенін айтты.
Оның пайымдауынша, адамдық пен надандықтың мәңгілік майданында жас ұрпақ ар, ұят және намыс жолын таңдауы маңызды. Құр көрсеқызарлық, көреалмаушылық пен бос сөз адамды надандық жетегінде қалдыруы мүмкін.
Сондықтан әрбір жас айналасына, елі мен жұртына пайдасы тиетін шынайы азамат болуға ұмтылуы қажет. Ол бүгінгі жастарды сыртқы жылтырға ғана қызықпай, рухани әлемін байытуға шақырды. Абай көрсеткен адамдықтың ақ жолы мен иманды күшейту әр жастың басты мақсат-мұратына айналуы тиіс екенін айтты.
Қазақ әдебиеті бүгінгі қала өмірін жазуы керек
Нұртөре Жүсіп қазіргі жазушылар өткеннің қасіреті мен батырларын ғана жаза бермей, бүгінгі заманның тынысын көрсетуі қажет деп санайды.
Оның айтуынша, қазақ халқын тек ат үстінде жүрген көшпелі жұрт ретінде көрсету дұрыс емес. Қазақ ұлты Отырар мен Сығанақтан бастап қала салып, мәдениет қалыптастырған.
Сондықтан қазіргі әдебиет жаңа технология заманындағы қала қазағының болмысын, оның күнделікті тіршілігі мен ішкі арпалысын жазуы керек. Нұртөре Жүсіптің пікірінше, әлемдік қаламгерлер секілді қазақ жазушылары да арамызда жүрген қарапайым адамдардың тағдырын арқау етіп, бүгінгі қоғамның шынайы бейнесін көрсетуге тиіс.