Жаңалықтар

Табақ тарту

Табақ тартуға әдетте ыңғайлы киінген, жөн-жосықты білетін сыпайы жас жігіттер сайланған. Тәртіп бойынша, табақ жасауға, табаққа үйдегі қонақтардың дәрежесіне сай мүшелердің салынып тартылуын басқаратын жасы үлкендеу адамдар тағайындалған.
27.08.2014 09:25 13240

Табақ тартуға әдетте ыңғайлы киінген, жөн-жосықты білетін сыпайы жас жігіттер сайланған. Тәртіп бойынша, табақ жасауға, табаққа үйдегі қонақтардың дәрежесіне сай мүшелердің салынып тартылуын басқаратын жасы үлкендеу адамдар тағайындалған. Үлкенге, аса құрметтілеріне жамбас, жілік тартылып, екі-үш адамға бір табақтан айналған. Жоғарыда айтылғандай, бірнеше жүз үй тігілген ауылдың қашықтығы кейде 0,5-1,5 шақырымға дейін созылған. Ас үйлер әдетте қонақ үйлерден алыстау жерге тігіледі. Қонақ үйлер есіктеріне бір-бір жігіттен қойылып, үйге сырттан адам кіргізбей, іштен шығармай, қонақтардың жайлы отыруын қамтамасыз етіп, үйдегі адам саны қанша, неше табақ керектігін бақылап, басқарушы адамға мәлімдеп отырады. Табақтардың кіріс-шығысы есептелініп отырады.

Ошақ пен үйлер арасы әжептәуір жер болғандықтан, табақты атпен жүріп тартты. Табақшылар асқа таза, ықшам киініп, атын күміс ер-тұрманымен сайлап шығады. Табақ таратуға бір кісі басшы болады, оның көмекшісін айдаушы деп атайды, ол табақтың  алдын ала белгіленген бағыт бойынша тартылуын қадағалап отырады. «Ас беру әр халықта бар: сарт ас берсе палау, ноғай ас берсе түрлі тағам, қазақ ас берсе ет пен қымыз, қосымша ерекшелігі ат шаптыру» (Қ.Халид).

Талай мың қонақты күтіп алып, абыроймен шығарып салудың  қамындағы  елдің  қызметін  Мұхтар  Әуезов:

«Табақ  тартуға  өңшең  жорға  аттарды  сайлапты. Барлық  ат  күміс  ер-тоқыммен  ерттелген.  Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болады», – деп ас беру үрдісінің этнографиялық пошымын дәл суреттеді.

 Табақ тарту

Табақ тарту. Суретші Е.Оспанұлы

Осы аса жауапты қызметті мінсіз атқару үшін табақ тартушы жігіттер алдын ала арнайы дайындықтан өтетін. Ол үшін табақ алып қашу немесе мүше алып қашу ойындары өткізілген. Шауып келе жатқан аттың үстінде қолына табақ толы ет көтеріп, оны төкпей-шашпай апаратын жеріне дұрыстап жеткізуді жетік меңгергендер ғана табақ тартуға таңдап алынды. Ақжолтай Ағыбай батырдың ас беруіне жиырма мыңнан аса адам жиналған екен. Ұлы жүз бен Орта жүз және Кіші жүздің игі жақсылары жиналған осы үрдісте жүз табақшы қызмет атқарған. Қонаққа қоғамдағы әлеуметтік мәртебесіне сай, өзіне тиісті жілік мүшесін тартпау немесе шатастырып, ауыстырып жіберу ұят саналған және адамды қорлаудың белгісі болып табылады. Мұндай жаңылыс қонақтардың өкпе-ренішінің тууына әкеліп соғатын. Сонымен бірге, ас беруге қанша халық келсе де, олардың ешқайсысы ас беру барысында тамақтың тапшылығын сезбеуі тиіс. Бұл дәстүрлі ортада бұлжымас қағида болып орныққан.

ас берудің тәртібі бойынша асқа тігілген әр үйдің «иесі» болады, солар қонақ күтуші болып саналып, қонақ күтуге қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуді өз мойнына алады. ас берудің алғашқы күні осы үй иелері жан-жақтан келіп жатқан қонақтарды ас басқарушының бұйрығы бойынша өз үйлерінде қарсы алады. Әдетте, асқа сауын айтуға немесе асқа дайындыққа арналып өткізілген алқалы жиын шешімі арқылы әр ауыл, әр үй өздері қарсы алуға тиісті қонақтардың кім екенін, қайдан келетінін т.б. жай-жапсарларын алдын ала біліп отырады. Соған арнап сый-сыяпат  дайындайды. Келген адамдар саны жиырма-жиырма бестей болса, оларды бір үйге түсіреді. Егер де 40 адам болса, екі үйге бөліп орналастырады. Қоғамдағы алатын орнына қарай таңдаулы үйлерге жайғастырылады. Әр үйде бір-бірден күтуші, саба-саба қымыз болады. Даяшылар құзырына тек қана ас тартып, табақ тартып, қымыз-шай құю ғана емес, өз ауылының (үйінің) сән-салтанатын өлең-жырмен әспеттеп көрсету қызметі де кіреді. Асқа келушілердің бас-аяғы жиналып болған соң, табақ тарту басталады. Әр үйдің үлкен-кішілігіне қарай он-он бес табаққа дейін тартылады. Киіз үй ішінде дөңгелене толық отырғаннан кейін, айналдыра қолға су құйылып, қол шайылады. Ортаға шыт немесе бөз мата жайылып, әкелінген, астауға салынған етті үй- үйге тарқата бастайды. Табақтардың алты-жетісіне кәделі, сүбелі мүшесімен, міндетті түрде қой немесе жылқы басы салынып, жалпы 15 табақ болып тартылады. Елге белгілі, ерекше қадір тұтатын адамдар алдына жеке бір табақтан тартылып, қалған 3-4 адамға бір табақтан тартылады. Асқа ешкі, сиыр сойылмайды.

Табақ жасаудың да өзіндік мәні бар. Кімге арналған табақ екенін табақ жасаушы алдын ала біліп отырады. Дәстүр бойынша малдың он екі жілігі және басқа мүшелері адамның қоғамдағы орны мен жолына лайықталып тар- тылмаса, төрелер, бектер мен билер дереу наразылығын білдіретін болған. Мүшені келістіре таратып, бас табақтарға бас, шеке, жамбас, жая, асық жілік, ортан жіліктер салынады. Бұдан осы мүшелердің бәрі бір табақтан орын алу керек деген ұғым тумау керек. Табақ сайын әр мүшенің біреуі жүрсе болды, оның жанында басқа етті мүшелер бола береді. Соның өзінде қонаққа тартылатын табақтарға сирақ, ішек-қарын және мойын омыртқа салынбайды. Ал дәстүр бойынша марқұмның артында қалған жесірінің әмеңгері қаралы туды сындырып, өзінің әдет-ғұрыпқа сай мәртебелік жағдайын бекіткенде, тұл аттың еті тек қана асты өткізуге ерекше еңбегі сіңген ел ардақтыларына ғана таратылған. Осы арқылы қазақ қоғамының әлеуметтік қатынастар жүйесінің іргелі принциптері мен нормаларының өміршеңдігі дәріптелінеді.

Ас берудің аяқталуы. ас берудің басы мен соңы сәтті болуы үшін молда ас өтетін жерде дұға оқиды. Орта есеппен 3-5 күнге жалғасқан астың соңғы күні көпшілік аламан бәйгенің аттары көмбеге келгенше, балуандар күресін тамашалайды. Аламан бәйгенің өтуімен сән-салтанат бағдарламасы аяқталып, астың ресми жабылуы жарияланып, келген қонақтар тарай бастайды. ас берудің аяқталуы кезінде қаралы ту сындырылып, тұл ат сойылып, тек марқұмның туған-туыс, руластарының қатысуымен сеп бұзылады. ас беру тарқарда көпшілік атынан елге сыйлы, қадірменді ақсақал қонақасыға бата береді. Қанжығалы Шауыпкел батыр (ХІХ ғ. 80 жж. Қостанай, Өзенкөлде) асының тарқауында берілген батаның бір үлгісі халық аузында сақталған.

Дұға қабыл, тілегіміз дұрыс болсын.

Бақ қарап, дәулет бітіп, ырыс қонсын.

Мәйітке хақ тағалам рахым қылып,

Қабірі жарық болып нұрға толсын.

Алланың рахматының молын берсін,

Сусынға хауыз кәусар көлін берсін.

Дұғасы көпшіліктің қабыл болып,

Ұжмақтан мәңгі-бақи орын берсін.

Ас беруге жұмсалған шығын және берілетін жүлде. ас беруге өте мол қаржы, көп мал жұмсалған. ас беруде ойналатын ойын жеңімпаздарына қомақты бәйге берілген.

1803 жылы берілген Сырым Датұлының асында 2500 қой, 200 жылқы сойылып таратылған, 1000 саба қымыз болып, 5000 шелек қымыз ішілген. Шай, қант пен тоғыз нарға тоқаш артып, шекті Көтібар батырдың өзі келген.

Шөмекей руында өткізілген Кәрібай асы туралы И.В. Аничков асқа 200 қой, 40 жылқы сойылып, 200 пұт күріш даярланғандығын, саба-саба қымыздың көптігі  сол  – әр үйге бір-бір сабадан қойғанда, оның саны 200-ден артатындығын айтқан.

1860 жылы «Ерден көлінде» Ерден Сандыбайұлына ас берілгенде 500 үй тігіліп, 160 жылқы, 200 қой сойылған. Ат бәйгесі 100 жылқы болған. Ерден байға осындай дәрежеде үш рет ас берілді. Үш астың жалпы шығыны 1860 жылқы, 600 қой, 1000 саба қымызды құраған.

1860 жылы Қаракөл деген жерде өткен жаппас Құламбаевтың әкесіне берген асы туралы жазған В.Плотниковтың есептеуінше, 600 пұтқа дейін ет (бір адамға шаққанда 5 фунт); 50 пұтқа дейін Сорочин жармасы; 150 сабаға дейін қымыз (әр сабада орташа есеппен 10 шелек қымыз деп санағанда 1500 шелекті құрайды); 25 фунтқа дейін шай, 8 пұт қант жұмсалған. Осыған қосымша осы асқа көрші жаппас ауылдарынан шақырылған, шамамен 400 адамнан тұратын қызметшілерге сойылған және берілген мал саны 20 қой мен 8 жылқыны құрап, 8 пұт Сорочин жармасы, 2 бас қант және 4 фунт шай жұмсалған.

1861 жылы өткен Байдәулет  Құлбекұлының  асында бас бәйгеге 100 жылқы 100 қой, 1 ақ отау, 10 түйе берілген. 1874 жылы Лабақ Қуат баласының асы болған. 300 жылқы, 500 қой сойылып, 700 үй тігілген.

Сағынайдың асына кеткен шығын атақты Тәж-Махал мавзолейіне жұмсалған қаржымен бірдей болған деседі. Сағынай асына 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұқар кілемі ілінген, 5 тонна шай әкелінген, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынған. 10 мың көрпе-жастық төселіп, қонақтарды сыйлауға 500 бұқар шапаны келген. Сібірден 500 аң терісі алынған. 20 мың қой, 1000 жылқы сойылған. 500 жігіт атпен табақ тартып, 300 қыз қонақтарға дастарқан жайып, қызмет еткен. Бәйгеге 500 тұлпар қатысқан. Ақанның әйгілі Құлагері осы аста мерт болды.

1894 жылы Жаманбала Құрмановтыңасына Қарқаралы, Павлодар және Ақмола уездерінен қонақ шақырылған. Ас Нұра өзенінің бойындағы Қорық деген жерде өтіп, 100 жылқы, 160 қой сойылып, қап-қап қант, шай алынып, бірнеше ондаған қап бауырсақ дайындалған.

Мұса Шормановтың асында 200 жылқы, 300 қой сойылып, 20 мың шелек қымыз ішіліп, жиналғандардың басым көпшілігіне шай, бауырсақ, тоқаш, өрік-мейіз таратылған. Құрметті қонақтар үшін палау дайындалған. «...Әрине мұның барлығы тек марқұмның балаларынан шыққан шығын емес. Көп көмекті бай қазақтар көрсетті», – деп жазды Д.Путинцев аста-төк молшылыққа таңырқап.

Баян-Өлгийде Ұлтарақ бай қайтыс болғаннан кейiн үшiншi жылында ас берілген. Бұл ас беру 1909 жылы күзде Баян-Өлгий аймағының Дайын өлкесінің Жалаңаш, Тастыбұлақ жерiнде атқарылды. ас беруге 2000 жылқыны айдап келіп, шалмаға іліккен 40 жылқыны сойған. Оның ішінде  небір  жорға,  жүйріктері  де  болған.  Үлкендер «бұлай істемеңдер, таңдап сойыңдар», дегенге «өзіне бұйырмағанда кімге бұйырады» деп, Дүтбай зәңгі бастаған ұлдары көнбей қойған. Алтай, Қобда бетi Шүй қазағына (Қосағаш), яки 9 таңбалы найман, 12 абақ- керейге түгел сауын айтылған, үй тігіп, ру-руымен түсірген. Асқа деп күнiне қырық жылқы, қосымша қисапсыз қой сойылған. Бiр аптаға жалғасқан аста 500 ат бәйгеге шауып бiрiншi келген атқа 9 жамбы тiккен, ең соңғы келген атқа дәстүрлi «көк бұқа» немесе «көк өгiз» сыйына да 9 тайынша берілген.

Мойынбайұлы Бурылбайдың асына 200 киiз үй тiгiлiп, 8 жерошаққа тайқазан асылған. 10 күн созылған асқа 200 қой, 80 жылқы сойылып, 300 бие байланған.

М.Леваневский өз жазбаларында өткен ғасырдың ортасында Ырғыз бойында өткен Жүсіп Жолаев деген кісінің асында жүз шақырымға шабылған ат бәйгесінде 9 жүлде белгіленіп, бірінші аттың бәйгесіне – 500 қой, 100 түйе, 40 жылқы, 90 құндыз және бір жетім қыз (күң) берілгендігін келтіреді. И.Аничков пен Ы.Алтынсарин де XIX ғ.-дың 70-жылдары бәйгеден келген аттың бәйгесіне мал мен т.б. бұйымдарға қоса жетім берілетіндігін де ай- тып өтеді. І.Жансүгіров осы үрдістің көл-көсір дарқан образын былайша суреттеді:

Осындай болып жатты ұлы жиын,

Жиынның мыңнан бірін айту қиын.

Еті тау, қымызы көл деуге болар,

Айтқанда тартыңқырап астың сыйын.

Жоғарыда айтылғандай, ас беру дәулетті адамдардың, ұйымшыл елдің ғана қолынан келген. Абылай ханның асы, Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың асы, Қанжығалы Шауыпкел батырдың асы, Керей Сағынайдың асы, Дулат Сыпатай батырдың асы бүкіл елге мәлім болып, аңызға айналған той болды. Дегенмен, ас беру көпшілікпен бірге атқарылар шара болғандықтан, тек бір әулетке немесе бір руға ғана салмақ түсірілмеген. Шақырылғандар да аруаққа деп сойыс малдарын және қымыз толы сабаларын өздерімен бірге әкелген. Сонымен ас беру үрдісі ел бірлігінің нығаюында айырықша рөл атқарған институттардың бірі болды.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға