Жаңалықтар

«Суға салса – батпайтын, отқа түссе – жанбайтын» Миттал: «Арселор» басшылығы қызметінен қашан кетеді?

«Суға салса – батпайтын, отқа түссе – жанбайтын» Миттал: «Арселор» басшылығы қызметінен қашан кетеді?
Фото: © Globallookpress 18.08.2023 15:09 1678

«Қазақстан» шахтасындағы апат қара халықтың қабырғасын қайыстырса да, кеншілердің өліміне таңғалмайтын жағдайға жеттік. Өкінішті. Себебі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі кен орындарында шахтерлердің өлімі қатардағы жағдайға айналып кеткендей. Апат болады, бірнеше отбасы қан жұтып қалады, бірақ шахта да, оның басшылығы да жұмысын әрі қарай жалғастыра береді. Жауапқа тартылып жатқан ешкім жоқ, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Басқасын былай қойғандай, дәл осы «Қазақстан» шахтасында тәуелсіздік жылдарында 19 адам көз жұмған. 1994 жылғы 7 шілдеде болған жарылыс 14 адамның өмірін қиды. Ал 2017 жылы 31 тамызда аталған кен орнында болған апаттан кейін үш адамның денесі табылды. Міне, араға тағы алты жыл салып екі шахтердің отбасылары қара жамылды. Әзірге үшеуінің тағдыры белгісіз. 

«Қазақстан» – «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарайтын сегіз көмір шахтасының бірі. Ол Қарағанды облысының Шахтинск қаласында орналасқан. Оның негізі 1957 жылы қаланып, 1969 жылы қолданысқа берілген. Бұл кен орны да 90-жылдардың басында қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп жатқан өзге шахталар секілді миллиардер Лакшми Митталдың қолына өтіп кеткен. 

Шахтадағы апат жайлы 17 тамыз күні таңертең хабарланды. Конвейерлік таспадан өрт шығып, шахта көк түтінге оранған. 227 адамның 222-сі сыртқа шығарылғанымен, бесеуінің тағдыры белгісіз қалып еді. Кейіннен 58 жастағы ер адамның көз жұмғаны анықталса, көп ұзамай екінші кеншінің өлімі расталды. Осыдан аз уақыт бұрын үшінші кеншінің денесі табылды. 

Әрине, бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы әлі анықтала жатар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі апатқа байланысты жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды. Үкімет бұл мәселені жіті назарда ұстауы керектігі де айтылды. Олардың әрі қарай елімізде жұмыс істеуіне қатысты шешім қабылдануы керектігі де ескертілді.

Шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындарда жиі қайталанатын апаттар олардың инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғанын көрсетеді. Аталған жағдайлар олардың Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал етеді, - деді Тоқаев.

Компанияның қайғылы оқиғағаларға немқұрайлы көзқарасы шынымен де шегіне жеткен тәрізді. Митталға тиесілі шахтада апат жылдың басында да болған. Естеріңізде болса, №2 қаңылтыр тарту цехының химиялық блогындағы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде ер адамды тоқ соғып көз жұмған болатын.

Былтыр қарашада Ленин атындағы шахтада болған апат та адам өліміне әкелді. Жер астында 106 адам болса, соның 101-і эвакуацияланғанымен, қалған бесеуі қайтыс болды. Мемлекеттік комиссия қайғылы жағдайға жұмыс берушінің 100% кінәсі барын анықтаған.

Жалпы, 2022 жылдың маусым айынан бастап компания шахталарында болған бес апат 13 адамның өмірін жалмады. Жиілеп кеткен апаттардан соң компанияның кәсіпорындарына тексеріс жүргізілген болатын. Биылғы ақпанда «АрселорМиттал Теміртауда» бір жыл ішінде 2 мыңнан астам бұзушылық тіркелгені расталды. Компанияның жеті шахтасында мерзімі өткен құралдар қолданылып келген екен, сол үшін кәсіпорынға миллиондаған айыппұл да салынды.

2023 жылдың басында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловпен кездесу кезінде ArcelorMittal компаниясының вице-президенті Виджай Гоял мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир қауіпсіздік шараларына бас мән берілетінін айтып, уәдені үйіп-төккен. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас». Компания басшылығы биліктің талабына да, адамдардың өміріне де бас қатырып отырған жоқ. Құдды «ит үреді, керуен көшедінің» кері.

Бірақ бұл жолы мәселе бөлек деп үміттенеміз. Себебі Президент нақты тапсырма берді. Мәжіліс депутаттары компания басшылығының Қазақстанда әрі қарай жұмыс істеуіне жол бермеу керек деп отыр.

AMANAT партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров пен Құдайберген Бексұлтанов көмір шахталарындағы жабдықтардың жай-күйі, сондай-ақ өндірісте еңбек ететін жұмысшылардың бей-берекет қысқартылуы осындай қайғылы оқиғаға әкелді деп отыр.

Бұған дейін AMANAT партиясының депутаттары қаражат үнемдеп, отандастарымыздың өліміне әкеп соқтырарлық шешім қабылдайтын компанияның топ-менеджментін – шетелдік азаматтарын қылмыстық жауапқа тартуды талап еткен еді. Бірнеше ескертуге қарамастан, трансұлттық компанияның басшысы, Миттал мырза отандастарымыз апатқа ұшырамауы, жарақаттанбауы және қаза таппауы үшін тиісті шара қабылдауға мүлдем тырыспады. Біз бұл сөзімізді Үкіметке қарата айтып отырмыз: есеп айырысатын кез келді – Миттал мырзамен жолымыз бір емес! Онымен қоштасатын уақыт келді, – делінген мәлімдемеде.

Халық қалаулылары Бас прокурорға жүгініп, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ басшылығын жауапқа тартуды талап етті.

Миттал үшін отандастарымыз жай ғана шығын материалы іспетті. Қынжылмай құтыла салады. Бізге мұндай инвестордың керегі жоқ, - деді депутат Снежанна Имашева.

Өзі де Шахтинск қаласының тумасы мәжілісмен Никита Шаталов та әріптестерінің сөзін қолдап, жер қойнауының байлығымен қоса адамдарымызды да жоғалтып отырмыз дейді ол.

Біз көмір өндіру және байыту, болат балқыту технологиясын дамытудың ондаған жылын жоғалттық. Ол аз болғандай, осы нысандарда отандастарымыздан айырылып қалып жатырмыз. Бұдан арылудың бір ғана жолы бар – мемлекет Митталдың компаниясын елден шығарып, Қазақстанның жер қойнауы мен отандық өнеркәсіпті пайдалануы туралы онымен жасалған барлық келісімді бұзуы керек. Үндістің ел өнеркәсібін дамытуға титімдей де пайдасы тиген жоқ. Бұдан былай мұндай сорақылыққа неге төзе беруіміз керек екенін түсінбеймін. «Арселор» отандастарымыздың өлімімен байып отыр, - деді депутат.

Мәжіліс депутаттарының сөзі орынды. Бұған жоғарыда көрсетілген сандармен қатар 2006 жылдан бері жүргізілген статистикалық мәлімет те толық дәлел. Себебі соңғы 17 жылда компанияға тиесілі кәсіпорында 100-ден астам адам көз жұмған. Жеке компания жүргізген тексеріс қорытындысына сәйкес, «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарындағы өндіріс қауіпсіздігі мен еңбектің қорғалу деңгейі ТМД мен әлем елдерінен әлдеқайда төмен. 

Айтпақшы, көктемде Қазақстанның арнайы прокурорлары Люксембургтен ArcelorMittal алпауыты басшыларынан жауап алуды сұрап, арнайы хат жіберген болатын.

Арнайы прокурорлар компанияның негізгі акционерлерінің өз кеніштерінде орын алған апаттар мен оның салдары туралы хабардар ма, жоқ па, соны түсінгісі келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға