Субұрқаққа түскен балалардың ата-анасы 43 мың теңге айыппұл төлейді

Субұрқаққа түскен балалардың ата-анасы 43 мың теңге айыппұл төлейді
Фото: El.kz

Жаздың аптап ыстығында балалардың субұрқақтарға түсуі қалыпты саналатын. Астана полициясы субұрқақтарға шомылған балалардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Биылғы жаз маусымы басталғалы елордада 5 ата-ана жауапқа тартылып, оларға жалпы сомасы 200 мың теңгеден асатын айыппұл салынған. Қазақстан заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген заңды өкілдер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 1-бөлігі бойынша 10 АЕК, яғни 43 250 теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Субұрқақ неге қауіпті?

Мамандардың айтуынша, қалалардағы сәндік субұрқақтар шомылуға арналмаған. Олардың суы үнемі залалсыздандырылмайды және қайта айналыммен жұмыс істейді.

Фото: El.kz
Фото: El.kz

Сонымен қатар су астында электр жабдықтары, сорғылар мен инженерлік жүйелер орналасқан. Ылғал беттердің тайғақтығы да жарақат алу қаупін арттырады.

Осыған байланысты Астана полициясы жаз бойы саябақтарда, скверлерде және жағалауларда профилактикалық рейдтер өткізеді. Тәртіп сақшылары тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады.

Мамандар ата-аналарға ыстық күндері балаларды тек арнайы жабдықталған жағажайлар мен бассейндерде шомылдыруға кеңес береді. Бұл тек айыппұлдан ғана емес, жазатайым оқиғалардың да алдын алуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін біз көлігін кез келген жерге қоятындарға қатысты заң күшейгені туралы жазған едік.

Оқи отырыңыз