Шашыңыздың түсіне қараңыз: далапты қалай таңдау керек

Шашыңыздың түсіне қараңыз: далапты қалай таңдау керек
Фото: © pixabay.com

Далап – кез келген макияждың соңғы штрихы. Ол тұтас образдың сипатын айқындап, бет әлпетіне ерекше реңк береді. Бір ғана далаптың көмегімен макияжды қанық әрі әсерлі немесе, керісінше, нәзік те табиғи етіп көрсетуге болады. Ең бастысы, өзіңізге жарасатын реңкті дұрыс таңдасаңыз болғаны.

Далап таңдағанда көбіне көздің түсі мен терінің реңіне мән береміз. Алайда көбісі ескере бермейтін тағы бір қарапайым тәсіл бар: шаш түсіне назар аудару. Нақтырақ айтқанда, шаштың астыңғы реңкі мен далабыңыздың түсі бір-бірімен үйлесуі керек. Сонда макияж да бет-әлпетіңізбен жарасымды көрінеді.

Мұның сыры қарапайым: шашыңыздың реңкі жылы болса, жылы түсті далап таңдаған жөн. Ал шашыңыз суық реңкті болса, соған сәйкес суық түстер жарасады. Бұл – кәсіби визажистер жиі қолданатын тәсілдердің бірі. Сондықтан далап таңдарда осы кеңесті ескеріп көріңіз.

Төменде шаш түсіне қарай қандай далап реңктерін таңдаған дұрыс екенін ұсынамыз.

Қара шашты қыздарға қандай далап жарасады?

Қара шаш пен ашық терінің арасындағы табиғи контраст бет әлпетіне айқындық береді. Ал қанық түсті далап осы ерекшелікті одан әрі айшықтай түседі. Сондықтан қара шашты қыздар шарап түстен бастап, лағыл реңкіне дейінгі қою түстерді батыл таңдай алады.

Селена Гомес / Christopher Polk / 2026GG / Getty Images
Селена Гомес / Christopher Polk / 2026GG / Getty Images

Дегенмен мұндай шаш түсіне қанық далаптар ғана жарасады деуге болмайды. Табиғи реңктер де үйлесімді көрінеді. Мәселен, шашы қоңыр әрі жылы реңкті қыздарға карамель және қоңырқай қызғылт түстер жарасады. Ал суық реңкті қоңыр шашқа кофе мен шоколад түстес далаптар жақсы үйлеседі.

Аққұба қыздарға қандай далап жарасады?

Ақшыл шашты қыздардың макияжында далаптың орны ерекше. Себебі ашық түсті шаш аясында ерін бірден көзге түсіп, образдың басты акцентіне айналады. Сондықтан далаптың реңкі шаш түсімен үйлесіп, жалпы келбетке жарасымды болғаны маңызды.

@emilychengmakeup
@emilychengmakeup

Шашы алтын түстес аққұбаларға маржан, қызанақ қызылы және бал түстес реңктер жарасады. Қоңырқай сары шашты қыздар беж-қызғылт және қоңыр түстерді таңдай алады. Ал күлгін реңкті және платина түстес ақшыл шашқа суық қызғылт, ашық күлгін және ұнтақ түстес нәзік реңктер үйлеседі.

Шашының түсі қоңыр қыздарға қандай далап жарасады?

Қоңыр, мыс түстес шаш иелеріне шашының реңкін толықтыратын, онымен үйлесім табатын далап таңдаған дұрыс. Мұндай жағдайда тым өткір контраст жасамайтын жылы түстер жақсы жарасады.

Эмма Стоун / Shutterstock: Fred Duval
Эмма Стоун / Shutterstock: Fred Duval

Мыс түстес шашқа терракота, қоңыр және жылы реңкті табиғи далаптар үйлеседі. Ал ашық сары шашты қыздар сәбіз түстес қызғылт сары және шабдалы реңктеріне назар аударса болады. Қоңырқай қызыл шаш иелеріне қанық емес, бәсең жидек түстері жарасады.

Ақ шашқа қандай далап жарасады?

Ақ және күміс түстес шашқа суық реңкті табиғи әрі бейтарап түстер жақсы үйлеседі. Олар бет әлпетін сергітіп, жалпы образдың үйлесімін бұзбайды. Ал макияжға аздап қанықтық қосқыңыз келсе, жидек түстес, классикалық қызыл немесе жұмсақ қара өрік реңктерін таңдауға болады.

Мэрил Стрип / ©Walt Disney Co./Courtesy Everett Collection
Мэрил Стрип / ©Walt Disney Co./Courtesy Everett Collection

Далаптың түсімен қатар, оның құрылымына да мән берген жөн. Ақ шашқа сатин тәрізді жылтырлығы бар далаптар жақсы жарасады. Кремді құрылымы ерінді ылғалдандырып, оның бетін тегістей түседі.

Бұған дейін сымбатты көрінуге көмектесетін тегін сұлулық құпиялары туралы жазғанбыз. 

Оқи отырыңыз