Қымбат косметикадан да маңызды: сымбатты көрінуге көмектесетін сұлулық құпиялары

Қымбат косметикадан да маңызды: сымбатты көрінуге көмектесетін сұлулық құпиялары
Фото: AI көмегімен жасалды

Адамның сырт келбетіне күтім жасау туралы сөз қозғалғанда, әңгіме көбіне косметика мен сұлулық процедураларына келіп тіреледі. Қандай крем сатып алған дұрыс? Массажердің қай түрі тиімді? Беттегі ісікті басып, теріге балғындық беретін қандай процедура бар деп бас қатырамыз. Бірақ күнделікті күтімге мән бермесеңіз, ешбір қымбат крем сіз қалағандай нәтиже бермейді. Ал бұл күтім тегін болуы мүмкін екенін де қаперіңізден шығармаңыз.

Ендеше бүгін біз өзіңізді сергек сезінуге көмектесетін қарапайым әдеттер жайын сөз еткіміз келеді. Олардың ешқайсысына көп ақша қажет емес. Тек уақыт бөліп, тұрақты орындауға және өзіңізге көңіл бөлуге дайын болсаңыз болғаны.

Ұйқының ұзақтығына ғана емес, режиміне де мән беріңіз

Күніне сегіз сағат ұйықтау керегін бәріміз білеміз. Алайда ұйқының ұзақтығымен қатар, оның уақыты да маңызды.

Апта бойы таңғы жетіде тұрып, демалыс күндері түске дейін ұйықтау ағзаға оңай емес. Мұндайда адам сергіп оянудың орнына, керісінше, өзін шаршаңқы сезінуі мүмкін.

Сондықтан күн сайын, демалыс пен мереке күндері де, бір уақытта жатып, бір уақытта тұруға тырысыңыз. Бұл биологиялық ырғақты реттеуге, гормондық жүйенің қалыпты жұмыс істеуіне және көңіл күйдің тұрақталуына көмектеседі. Ұйқы режимін сақтау денсаулық үшін де маңызды.

Үйдегі ауаның ылғалдылығын қадағалаңыз

Ең қымбат крем сатып алып, гиалурон қышқылын салдырып, бетке бірнеше сарысу жаққанның өзінде, үйдің ауасы тым құрғақ болса, теріге күтім жасау қиынға соғады.

Әсіресе жылыту маусымында немесе кондиционер үнемі қосылып тұратын бөлмеде көз құрғап, мұрынның шырышты қабаты тітіркенуі, тері тартылып, таңертең бет ісінуі мүмкін. Мұндай жағдайда мәселені тек косметикадан іздемей, үй ішіндегі ауа ылғалдылығына да назар аударған жөн.

Бөлмедегі ауаның ылғалдылығын қалыпты деңгейде ұстауға тырысыңыз. Кейде терінің жағдайын жақсарту үшін жаңа косметикалық құрал емес, дәл осы қарапайым өзгеріс қажет болуы мүмкін.

Күні бойы жеткілікті мөлшерде су ішіңіз

Бұл әдет алдыңғы кеңеспен де байланысты. Ағзаға сұйықтық қажет, бірақ бәріне бірдей жарайтын нақты су мөлшері жоқ.

Адамдардың бойы, салмағы, өмір сүретін ортасы мен күнделікті белсенділігі әртүрлі. Бірі спортпен айналысады, бірі күні бойы қозғалыста жүреді, енді бірі компьютер алдында отырады. Жүктілік пен бала емізу кезеңінде де ағзаның сұйықтыққа қажеттілігі өзгереді.

Сондықтан суды тек шөлдеген кезде емес, күні бойы біртіндеп ішіп отыру маңызды. Оның үстіне шай мен кофені судың толық баламасы деп қарастыруға болмайды. Күнделікті таза су ішуге де көңіл бөліңіз.

Жаттығуды күнделікті әдетке айналдырыңыз

Таңғы бес-алтыда – үйдегілердің бәрі ұйықтап жатқанда жаттығу жасау оңай емес. Дегенмен 15 минуттық қарқынды жаттығудың өзі денені сергітіп, беттегі домбығуды азайтуға, өңге қан жүгіртуге және көңіл күйді көтеруге көмектеседі.

Ал тұрақты қозғалыстың ұзақ мерзімді пайдасы одан да көп: қан айналымы жақсарады, бұлшықеттер нығаяды, зат алмасу мен дене сымбатына оң әсер етеді. Ең бастысы, өзіңізге қолайлы жаттығу түрін таңдап, оны әдетке айналдыруға тырысыңыз.

Өзіңізге қуаныш сыйлайтын іспен айналысыңыз

Кейде адамға ерекше күтім де, қымбат демалыс та қажет емес. Көңілін көтеріп, жанын тыныштандыратын қарапайым нәрсенің өзі жеткілікті.

Мысалы, саябақта серуендеңіз. Бірақ оны дүкенге барар жолдағы шаруаның біріне айналдырмаңыз. Қолыңызда сатып алатын заттардың тізімі болмасын, жолай тағы бес жұмысты тындыруға асықпаңыз. Сағатқа қайта-қайта қарамай, айналаңызға назар аударып, серуеннің өзінен ләззат алыңыз.

Кейде осындай қарапайым сәттердің өзі адамға ерекше қуат береді. Мұндай күндерден кейін айнаға қарағанда да жүзіңіздің жадырап тұрғанын байқайсыз. Әрине, әжімдер жоғалып кетпейді. Бірақ көзге қуаныш ұялап, жүзге жан біткендей болады.

Жаңалықтарды талғап оқыңыз

Көңіл күйді түсіріп, мазасыздық тудыратын ақпаратты мүмкіндігінше аз оқуға тырысқан жөн. Әлемдегі оқиғалардан мүлде бейхабар болыңыз демейміз, тек күні бойы жағымсыз жаңалықтар оқи бергеннен ақылды болып кетпейсіз. Қайта ол жүйкені жұқартып, күш-қуатты сарқиды. Сондықтан ақпарат тұтынуға да шек қойған жөн. Қандай жаңалықты оқитыныңызды, әлеуметтік желіде кімдерді бақылайтыныңызды талдаңыз. Психологиялық тыныштығыңызды сақтау да – өзіңізге деген қамқорлықтың бір түрі.

Қолыңыздан келетін нәрсеге назар аударыңыз

Басқа адамдардың шешімі, әлемдегі дағдарыстар, ауа райы немесе интернеттегі бейтаныс жандардың әрекеті – біздің бақылауымыздан тыс нәрселер. Ал жұмысымызды, күн тәртібімізді, үйдегі жағдайды және жақындарымызбен қарым-қатынасымызды өзгертуге мүмкіндігіміз бар.

Мазасыздық күшейіп, ой сан-саққа жүгіре бастағанда, назарды өзіңіз әсер ете алатын дүниелерге ғана аударуға тырысқан жөн. Бәрін бірдей бақылауда ұстау мүмкін емес. Сондықтан күш-қуатты өзгерте алатын нәрселерге жұмсаған дұрыс.

Жүйкеңізді тоздыратын адамдардан алшақ болыңыз

Үнемі көңіліңізді түсіретін, өз мәселесін сізге артып, әр кездесуден кейін бойыңызды шаршау билейтін адамдармен қарым-қатынасты шектеген жөн. Егер ондай адамды өміріңізден мүлде алыстату мүмкін болмаса, жеке шекараңызды белгілеңіз. Әр шешіміңізді қайта-қайта түсіндіріп, ақталудың қажеті жоқ. Өзіңізді жайсыз сезіндіретін әңгімелерге араласпауға және өзгенің ашуы мен ренішін үнемі көтеріп жүруге міндетті емессіз.

Бұл кеңестер косметикаға емес, психологиялық саулыққа қатысты. Адамның ішкі тыныштығы мен көңіл күйі сыртқы келбетіне де әсер етеді. Қазір жан тыныштығын сақтау оңай емес, сондықтан оны бағалап, қорғауды үйрену маңызды.

Әртүрлі әрі маусымдық өнімдерді тұтыныңыз

Дұрыс әрі құнарлы тамақтану міндетті түрде қымбат болуы керек деген түсінік бар. Бірақ шын мәнінде, пайдалы ас мәзірін қарапайым өнімдерден де құрауға болады.

Қазір үлкен қалаларда жыл бойы кез келген жеміс-жидекті табуға болады. Қыста құлпынай, жазда құрма сатылып тұрады. Ал авокадо жемесеңіз, құдды дұрыс тамақтанбайтын секілді көрінуіңіз мүмкін. Дегенмен күнделікті ас мәзірінде маусымдық өнімдерге де орын берген жөн.

Мысалы, күз бен қыста С дәрумені мен талшыққа бай ашытылған қырыққабатты жеуге болады. Жазда дәрумендер мен полифенолдарға бай жидектерді тәтті десерттердің орнына тұтынған пайдалы. Сондай-ақ талшық пен өсімдік тектес омега-3 май қышқылдарының көзі саналатын зығыр дәнін, магний мен өсімдік ақуызына бай қарақұмықты ас мәзіріне қосуға болады.

Пайдалы тамақтану үшін міндетті түрде шетелден әкелінген қымбат өнімдерді іздеудің қажеті жоқ. Ас мәзірінің алуан түрлі болуы маңыздырақ. Сонда ағза қажетті дәрумендер мен минералдарды тек қоспалардан емес, күнделікті тұтынатын тағамнан да ала алады.

Күнделікті тері күтімін ұмытпаңыз

Тері күтімінің тиімділігі қолданатын құралдардың көптігіне немесе олардың құрамындағы белсенді заттардың жоғары концентрациясына байланысты емес. Бұл мәселеде жүйелілік әлдеқайда маңызды.

Теріні жұмсақ тазалау, ылғалдандыру және күннен қорғау – күнделікті күтімнің негізгі қадамдары. Ал қосымша белсенді компоненттерді әлеуметтік желіде танымал болғаны үшін емес, теріңіздің қажеттілігіне қарай таңдаған дұрыс.

Күн сайын тұрақты қолданатын қарапайым күтім құралдары көңіл күйге қарай бірде қолданылып, бірде ұмыт қалатын ондаған өнімнен пайдалырақ.

Әдемілік өзіңізге деген қамқорлықтан басталады

Адамның жақсы көрінуі жаңа крем сатып алудан емес, ұйқы режимінен, тыныс алатын ауамыздан, ішіп-жейтін тағамымыздан, күнделікті қозғалысымыздан және өмірімізге қуаныш сыйлайтын сәттерге уақыт бөле білуімізден басталады.

Оқи отырыңыз