Жаңалықтар

Сергей Емельянов пен Руфина Искакова жұбы Әлем кубогы кезеңінде алтын алды

Сергей Емельянов пен Руфина Искакова жұбы Әлем кубогы кезеңінде алтын алды
Фото: Спортты дамыту дирекциясы 15.05.2023 20:05 753

Мажарстанның Сегед қаласында байдарка мен каноэде ескек есуден биылғы Әлем кубогының алғашқы кезеңі аяқталды. Бұл туралы Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Шешуші жарыс күні Сергей Емельянов пен Руфина Искакова (C2 mix) 500 метрге жарыста жеңіске жетті. Отандық жұп каноэде бұл қашықтықты 1:51.97 секундта жүзіп өтті. Одан кейін мәреге Польша мен Мажарстан құрамасының дуэті жетті. Осы финалда тағы бір қазақстандық жұп ағайынды Емельяновтардың сыңары Тимофей мен Маргарита Торлопова (1:53.62 секунд) жүлдеге сынық сүйем жетпей, 4-сатыда қалды.

Айта кетейік, бұған дейін отандасымыз Мария Бровкова 1000 метрге жарыста алдына жан салмаған. Одан кейінгі сатыға әлем чемпионатының күміс жүлдегері мажарстандық Жофия Кисбан мен оның отандасы Жофия Каталин Чорба тұрақтады.

Жалпы Сегед қаласындағы жарыс жолы 18 жастағы қазақ спортшысына жақсы таныс. Мария былтыр осы қала қабылдаған 23 жасқа дейінгілер арасындағы каноэ мен байдаркада ескек есуден әлем чемпионатында С-1 1000 метрде жеңімпаз атанған.

Қазақстан құрамасы 2 алтын медальмен жалпы есепте 8-орын алды. Көш басында тұрған Мажарстанға Испания мен Румыния (3 алтыннан) жете алмай, үздік үштікті түйіндеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға