Дәстүрлі садақ атумен небәрі екі жылдан бері айналысып жүрген Әсемгүл Ғалымжанова Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында топ жарды. Ол Орта Азия нысанасы бойынша 40 метр қашықтықтан дәлдік танытып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды. El.kz тілшісіне сұхбат берген мерген дәстүрлі садақ атуға қалай келгенін, алғашқы жарысы мен чемпиондық жеңісі туралы баяндады.
«Алғашында жебені жіберуге қорқатынмын»
Әсемгүл Ғалымжанова 1994 жылы дүниеге келген. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында тұрады. Туған жері – Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылы. Негізгі мамандығы – медбике.
Спортшы дәстүрлі садақ атумен екі жылдан бері айналысады. Бүгінде халықаралық жарыста ел намысын қорғаған мерген алғашқы жаттығу кезінде садақты тарта алмай, жебені жіберуге қорыққанын жасырмады.
Дәстүрлі садақ атумен айналысып келе жатқаныма екі жыл болды. Садақты алғаш ұстаған сәтім әлі есімде. Ол кезде садақ тартуға, тіпті жебені жіберуге қорқатынмын. Нысанаға бір жебем тисе де, соған мәз болатынмын, – дейді Әсемгүл.
Қызығушылық ретінде басталған әуестік уақыт өте келе үлкен мақсатқа айналды. Спортшының қабілетін байқап, дәстүрлі садақ атуға бағыттаған адам – жолдасы әрі алғашқы жаттықтырушысы Асхат Ищанов.
Фото: Әсемгүлдің жеке архивінен
Алғашқы жарысқа бес айлық қызымен барған
Әсемгүлдің спорттағы алғашқы қадамы облыстық жарыстан басталған. Сол кезде Орал қаласының атынан сынға түсетін садақшы қыз болмағандықтан, оған жарысқа қатысу ұсынылған. Ол бұл ұсынысты бірден қабылдапты.
Алғаш қатысқаным облыстық жарыс болды. Сол кезде Орал қаласының атынан шығатын садақшы қыз болмады. Маған: «Жарысқа шығып көресің бе?» – деп ұсыныс айтты. Мен қуана келісіп, «Иә, шығамын» дедім. Ол кезде қызым небәрі бес айлық еді. Оны өзіммен бірге алып жүріп, жарысқа қатыстым, – дейді чемпион.
Бес айлық сәбиін қасынан тастамай, жарысқа қатысуы оның спортқа деген ынтасын бәсеңдетпеді. Керісінше, алғашқы сыннан кейін жаттығуын жалғастырып, шеберлігін шыңдай түсті. Нәтижесінде екі жылдың ішінде ұлттық құрама сапына қабылданып, әлемдік додада топ жарды.
фото: Әсемгүлдің жеке архивінен
«Бар ойымды финалға жинақтадым»
Қырғыз елінде өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – Әсемгүл Ғалымжанованың осы деңгейдегі алғашқы жарысы. Ол бұған дейін 2024 жылы Қазақстанда өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуды армандаған. Алайда сол уақытта ұлттық құрама сапында болмаған әрі тәжірибесі де аз еді.
Бұл – менің Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына алғаш рет қатысуым. 2024 жылы ойындар өз елімізде өткен кезде мен ұлттық құрама сапында болған жоқпын. Ол уақытта садақты да қазіргідей жақсы тарта алмайтынмын. Дегенмен жарысқа қатысқым келіп, қатты қызығатынмын. Биыл сол арманым орындалды. Барлық ойымды финалға жинақтадым. «Жеңуім керек» деген мақсат болды. Алғаш рет қатысып отырғандықтан, жүлделі орын алуды қатты қаладым, – дейді спортшы.
Чемпиондық нәтижесі жарияланған сәтте мерген ең алдымен төккен тері мен бапкерінің үмітін ойлаған.
Жеңіске жеткенімді білгенде, қаншама еңбегім мен төккен терімнің ақталғанына қуандым. Бізге үлкен үміт артқан бапкерімнің сенімін ақтай алдым деп те ерекше қуандым, – деді ол.
Қазір Әсемгүл Ғалымжанова Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетеді. Оның жаттықтырушысы – Диас Ахметов.
Фото: Әсемгүлдің жеке архивінен
Қай елдің спортшыларымен сынға түсті?
Дүниежүзілік додада қазақстандық мерген Қырғызстан, Иран, Ресей, Түркия, Малайзия және Қазақстан атынан қатысқан спортшылармен бәсекеге түсті. Әсемгүл Ғалымжанова қарсыластарының арасынан біреуін ғана бөліп-жармайтынын айтады.
Қырғызстан, Иран, Ресей, Түркия, Малайзия және Қазақстан спортшыларымен кездестім. Қатысушылардың әрқайсысы жақсы дайындалған, мықты қарсылас болды, – дейді чемпион.
Оның айтуынша, дәлдікпен қатар, спортшының ішкі сенімі мен мінезі де жеңіске тікелей әсер етеді. Мерген жарыс кезінде қарсыласына емес, ең алдымен нысанаға назар аударуы керек.
Спортшының өзіне деген сенімі болуы керек. Нысанамен күресе білу қажет. Бар ойың тек нысанада болуы тиіс. Сонымен қатар адамның бойында мінез бен қайсарлық болуы қажет деп ойлаймын, – дейді мерген.
Фото: Әсемгүлдің жеке архивінен
Әсемгүл Ғалымжанованың негізгі мамандығы – медбике. Оның сөзінше, медицина саласындағы тәжірибесі кез келген жағдайға дайын болуға, сабыр сақтап, төзімділік танытуға үйреткен. Бұл қасиеттер спортта да көп көмектеседі.
Негізгі мамандығым – медбике. Өзімнің ішкі жан дүниемді сезініп, сонымен жұмыс істеймін. Медицина мені әр жағдайға дайын болуға және төзімділік танытуға үйретті. Бұл қасиеттер спортта да көмектеседі, – дейді ол.
Спортшының екі қызы бар. Кәсіби спорт пен отбасылық жауапкершілікті қатар алып жүру оңай емес. Мұндайда оған ата-анасы қолдау көрсетеді.
Қазіргі уақытта спорт пен отбасын қатар алып жүрмін. Көп жағдайда ата-анамыз көмектеседі. Қолдау білдіріп жүрген ата-анама алғысым шексіз, – дейді мерген.
Фото: Әсемгүлдің жеке архивінен
«Ұлттық спортты дәріптеу – мәртебе»
Әсемгүл үшін дәстүрлі садақ ату жай ғана спорттық бәсеке емес. Ол мұны халқымыздың тарихын, ұлттық киімін, салт-дәстүрі мен мәдениетін танытудың бір жолы деп біледі.
Ұлттық спорттың өзі қандай керемет! Бұл – қанымызда бар дүние. Ұлттық киім киіп, бұрынғы салтымызды ұстанып, оны дәріптеп жүрудің өзі – үлкен мәртебе, – дейді чемпион.
Енді спортшы халықаралық жарыстарда жүлде алып, Қазақстанның көк байрағын әлемдік ареналарда желбіретуді мақсат етеді. Сонымен бірге ізінен еріп келе жатқан жастардың ұлттық спортқа қызығуына үлес қоспақ.
Алдағы мақсатым – әлемдік жарыстардан жүлделі орын алып, Қазақстанымыздың туын желбірету. Артымыздан еріп келе жатқан жастарға ұлттық спортымызды танытып, оны дәріптеп көрсету, – деді Әсемгүл Ғалымжанова.
Айта кетейік, күні кеше Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 74 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде иеленіп, 1-орынға жайғасты.