Қазақстан 1-орын алды: Көшпенділер ойындарындағы медаль дауына нүкте қойылды

Қазақстан 1-орын алды: Көшпенділер ойындарындағы медаль дауына нүкте қойылды
Фото: El.kz архиві

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысына байланысты туындаған медаль дауына пікір білдірді. Оның айтуынша, нәтижелерді қайта есептегеннен кейін Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған.

«Қазақстан бірінші орын алды»

Асқат Алагөзов Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жоғары деңгейде ұйымдастырылып, үлкен спорт мерекесіне айналғанын атап өтті. Әсіресе көк бөрү мен жер улак сайыстарында Қазақстан және Қырғызстан құрамалары тартысты ойын көрсеткен.

Оның сөзінше, спорттық бәсеке жарыс алаңында қалған. Қазақ және қырғыз жанкүйерлері арасында ешқандай келіспеушілік болмаған. Ал жалпыкомандалық есептегі түсініспеушілік медальдарды санау кезінде жіберілген техникалық қатеден туындаған.

Командалық есепті шығару кезінде медальдарды санауға байланысты техникалық мәселе туындады. Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстан Республикасының үш спортшысына тиесілі медальдардың әрқайсысын жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленді. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз! – деп жазды Асқат Алагөзов.

«Басты жеңіс – бауырлас халықтардың бірлігі»

Баспасөз хатшысы Қырғызстан спортшыларының да жарыста лайықты өнер көрсетіп, күш-жігері мен шеберлігін танытқанын жеткізді. Оның пікірінше, медальдық есеп ойындардың негізгі мақсатын көлеңкеде қалдырмауы керек.

Медальдық есеп – спорттың бір ғана бөлігі. Бұл ойындардың басты жеңісі – жарысты өзара құрмет пен адал бәсекелестік рухында өткізіп, бауырлас халықтардың бірлігі мен ынтымағын тағы бір мәрте көрсете алғанымыз, – деді ол.

Медаль дауы неден шықты?

Еске салайық, Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі Бішкекте өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық құрама 74 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алғанын хабарлаған еді. Қазақстандық спортшылар 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде иеленді.

Алайда кейін ойындардың ресми Instagram парақшасында басқа медаль кестесі жарияланды. Онда Қырғызстан 30 алтын, 29 күміс және 13 қола медальмен 1-орынға қойылды. Ал Қазақстанға 29 алтын, 16 күміс және 19 қола жүлде есептеліп, 2-орын көрсетілген.

Бұл кестеде Қазақстанның жалпы медаль саны 64 болып, еліміздің спорт ведомствосы жариялаған көрсеткіштен 10 жүлдеге аз шыққан. Кейін даулы жазба ресми парақшадан өшірілді.

Осыдан соң Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт мемлекеттік агенттігі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес, елдер арасында ресми медальдық және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейтінін мәлімдеген болатын.

Оқи отырыңыз