Қазақстандағы такси нарығында бірнеше көлік моделі ұзақ жылдар бойы сұраныстан түскен жоқ. Олардың қатарында Kia Rio, Hyundai Accent, Volkswagen Polo Sedan және Chevrolet Cobalt бар. Бұл кездейсоқ таңдау емес.
Такси жүргізушісі үшін көліктің сыртқы дизайнынан бұрын жанармай шығыны, қосалқы бөлшектердің бағасы, жөндеу құны және ұзақ уақыт бойы ауыр жүктемеге төтеп беруі маңызды. Екінші нарықта осы модельдердің жиі кездесуі де олардың такси саласында кең қолданылатынын көрсетеді. Әр көліктің өз артықшылығы мен әлсіз тұсы бар.
Kia Rio: бағасын сақтайды, күтімі салыстырмалы арзан
2015 жылғы Kia Rio көлігінің екінші нарықтағы орташа бағасы шамамен 5,1 млн теңге. Модельдің жасы ұлғайғанына қарамастан, ол такси жүргізушілері арасында танымалдылығын жоғалтқан жоқ.
Көлік иелері Rio-ның негізгі артықшылықтарының бірі ретінде қозғалтқыштың сенімділігін атайды. Уақытылы техникалық қызмет көрсетілген жағдайда қозғалтқыш майды шамадан тыс жұмсамайды. Автоматты беріліс қорабы да тиісті күтім жасалса, ұзақ уақыт қызмет ете алады.
Такси үшін тағы бір маңызды фактор – отын шығыны. Қала ішінде белсенді пайдаланған кезде көліктің орташа шығыны шамамен 8-10 литрді құрайды.
Дегенмен модельдің кемшіліктері де бар. Жүргізушілер көбіне дыбыс оқшаулауының әлсіздігін және артқы қатардағы орынның салыстырмалы түрде тар екенін атап өтеді. Алайда күнделікті жұмысқа пайдаланылатын көлік үшін бұл кемшіліктер оның негізгі артықшылықтарының орнын баса бермейді.
Hyundai Accent: жүріс бөлігіне сенетіндер көп
Hyundai Accent те Қазақстандағы такси жүргізушілері жиі таңдайтын модельдердің бірі. 2014 жылғы көліктің орташа бағасы шамамен 4,6 млн теңге.
Accent-тің басты артықшылықтарының бірі – қарапайым әрі төзімді конструкциясы. Көлік иелерінің арасында 150-300 мың шақырым жүрген, қозғалтқышы мен беріліс қорабына күрделі жөндеу жасалмаған автомобильдер бар. Мұндай жағдайда көбіне техникалық қызмет көрсету кезінде ауыстырылатын шығын материалдарымен ғана шектеледі.
Такси жүргізушілерінің бір бөлігі Rio және Volkswagen Polo модельдерімен салыстырғаннан кейін Accent-ті таңдағанын айтады. Оған қосалқы бөлшектердің салыстырмалы түрде арзан болуы және оларды Қазақстанның көптеген қаласынан табуға болатыны себеп.
Сонымен бірге Accent-тің жиі кездесетін мәселелері де бар. Жүргізушілердің пікірінше, шамамен 50-70 мың шақырымнан кейін кергіш ролигі мен рульдік рейкаға қатысты ақаулар байқалуы мүмкін.
Volkswagen Polo Sedan: ескі болса да, кузовы мықты
Volkswagen Polo Sedan – бұл қатардағы салыстырмалы түрде арзан көліктердің бірі. 2014 жылғы модельдердің бағасы шамамен 3,3-4 млн теңге аралығында кездеседі. Алайда мұндай автомобильдердің жүрісі кейде 300 мың шақырымнан асып кетеді.
Polo иелері модельдің мықты тұсы ретінде кузовын жиі атайды. Мырышталған металл көлікті тоттанудан жақсы қорғайды. Сондықтан бірнеше жыл бұрын пайда болған ұсақ сызаттар мен бояу зақымдары бірден тат басып кетпеуі мүмкін.
Модельдің тағы бір ерекшелігі – газ тарату механизмінде тізбекті жетектің қолданылуы. Бұл ременьнің үзіліп кетуіне байланысты болатын кейбір тәуекелдерді азайтады.
Polo-ның негізгі кемшіліктерінің бірі – дыбыс оқшаулауы. Әсіресе трассада салонға сыртқы шу көбірек естіледі. Қала ішінде такси ретінде пайдаланған кезде бұл мәселе аса маңызды болмауы мүмкін.
Chevrolet Cobalt: жаңа көлік керек пе, әлде тексерілген ескі модель ме?
Chevrolet Cobalt-тың бұл модельдер қатарындағы ерекшелігі – оны жаңа күйінде де сатып алуға болады. Сондықтан такси жүргізушілері арасында бұл көлікке қатысты пікір екіге бөлінеді.
Жаңа Cobalt-тың бағасы жинақтамасы мен сатылым орнына байланысты шамамен 6,5-9 млн теңге аралығында. Ал 2022-2023 жылдары шығарылған көліктердің екінші нарықтағы бағасы 5-7 млн теңге шамасында.
Модельді жақтайтын жүргізушілер оның басты артықшылығы ретінде жаңалығын, зауыттық кепілдігін және ауыр пайдалануға бейімделген қозғалтқышын атайды. Қозғалтқыштағы шойын блок пен газ тарату механизміндегі тізбекті жетек көліктің ұзақ жүріске есептелгенін көрсетеді.
Алайда Cobalt-қа қатысты сын да аз емес. Кейбір көлік иелері құрастыру сапасына, есік саңылауларының уақыт өте босап кетуіне және беріліс қорабының ауысқан кезде дірілдеуіне шағымданады.
Қала ішіндегі отын шығыны көбіне 8-11 литр шамасында. Бұл көрсеткіш оны аталған төрт модельдің ішіндегі ең үнемді көлікке айналдырмайды.
Такси жүргізушілері қайсысын таңдайды?
Бұл төрт модельдің әрқайсысының өз аудиториясы бар.
- Kia Rio – техникалық қызмет көрсету құны мен сенімділіктің арасындағы тепе-теңдікті іздейтін жүргізушілерге қолайлы.
- Hyundai Accent – қосалқы бөлшектері қолжетімді, жөндеуі салыстырмалы түрде қарапайым көлік іздейтіндер үшін тиімді нұсқалардың бірі.
- Volkswagen Polo Sedan – жүрісі жоғары болса да, кузовтың беріктігі мен екінші нарықтағы төмен бағасын маңызды санайтын жүргізушілерге қызық.
- Chevrolet Cobalt – ескі көлікпен байланысты тәуекелді азайтып, жаңа автомобиль мен зауыттық кепілдік алғысы келетіндерге арналған нұсқа.
Такси үшін көлік таңдағанда тек сатып алу бағасына қарау жеткіліксіз. Күн сайын ондаған, тіпті жүздеген шақырым жүретін автомобильдің отын шығыны, техникалық қызмет көрсетуі, қосалқы бөлшектерінің бағасы және жөндеу жиілігі бірнеше жыл ішінде көліктің нақты құнын айқындайды.
Сондықтан такси жүргізушілері үшін ең маңызды өлшем – көліктің қанша тұратыны емес, оның күн сайын табыс әкелу барысында қанша шығын талап ететіні.
Біз бұған дейін Қазақстанда көлікке қай отын тиімді екені туралы жазған едік.