Қожа, Сұлтан және Алпамыс: Абдолла Қарсақбаевтың балаларға арналған фильмдері неге ұмытылмайды?

Қожа, Сұлтан және Алпамыс:  Абдолла Қарсақбаевтың балаларға арналған фильмдері неге ұмытылмайды?
Фото: El.kz коллажы

Қожа, Сұлтан, Алпамыс... Бұл есімдер қазақ көрермені үшін жай ғана кино кейіпкерлері емес. Бірнеше буын олармен бірге күліп, мұңайып, балалық шақтың қызығы мен қиындығын бірге өткерді. Осы кейіпкерлерді экранда шынайы сөйлеткен режиссер, қазақ балалар киносының атасы – Абдолла Қарсақбаев. Биыл көрнекті кинорежиссердің туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай El.kz тілшісі режиссердің балалар әлемін шынайы бейнелеген туындыларына шолу жасады. 

Балалықты жүрегімен түсінген режиссер

Абдолла Қарсақбаев 1926 жылы 2 қазанда Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарақастек ауылында қарапайым малшының 16-шы баласы болып дүниеге келген. Оның балалық шағы қазақ даласын алапат ашаршылық жайлаған жылдарымен тұспа-тұс келеді. Бала кезінде анасынан айырылған Абдолла ағалары соғысқа кеткенде ауру әкесіне қарап, отбасының арқа сүйер тірегіне айналады.

Бала Абдолла 1933 жылы Алматы қаласындағы №12 мектеп интернатына қабылданады. Қапан, Ернияз деген ағалары майданнан оралмайды. Кейін өзіне сүйеу болған әкесінен де айырылып жетім қалады. Абдолла 1942 жылы орта мектепті бітіреді.

Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетін тәмамдап, 1947 жылдан өмірінің соңына дейін «Қазақфильм» киностудиясында еңбек етті.

Видеодан скрин: AI көмегімен өңделді
Видеодан скрин: AI көмегімен өңделді

Қарсақбаев шығармашылығын тек балалар киносымен шектеуге болмайды. Ол тарихи және әлеуметтік тақырыптарға арналған көркем фильмдер түсіріп, деректі кино саласында да еңбек етті. «Даладағы қуғын», «Қарбалас таң» сияқты картиналары – соның дәлелі. Сондай-ақ «Қазақ халқының қолөнері», «Торғай шегі», «Черкасск қорғаны», «Ақтөбе» секілді деректі туындылар түсірген.

Дегенмен Қарсақбаевтың есімі қазақ киносы тарихында балалар тақырыбымен ерекше сабақтасып қалды.

Оның фильмографиясындағы «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Менің ағам», «Қатарыңнан қалма», «Оу, ковбойлар!», «Алты жасар Алпамыс», «Балалық шақтың кермек дәмі» сияқты картиналардың өзі режиссердің балалар мен жасөспірімдер әлеміне қаншалықты терең бойлағанын аңғартады.

«Менің атым Қожа»: фильмнің құдіреті неде?

Көре қалсақ, экраннан көз тайдыруға мүмкіндік бермейтін бұл фильмнің құдіреті неде?

Бір қарағанда, басты кейіпкердің тәртібі тым нашар. Оқу үлгерімі де мәз емес. Тіпті сол кезеңдегі «үлгілі кеңестік оқушы» бейнесіне оның ешбір қылығы сәйкес келе бермейді. Иә, сотқар десе – сотқар. Десе де, ол әжесінің сүйікті немересі, анасының ақылды тентегі. Ал көрермен әр көрген сайын «Қожа енді не бүлдірер екен?» деп оның келесі әрекетін қызыға күтеді.

Бірақ Қожаны жақсы көргізетін де оның осы мінезі. Ол жасанды кейіпкер емес. Өкпелейді, ашуланады, қателеседі, ұялады, жақсы көрген адамына ұнағысы келеді. Бірде жасаған ісіне өкінсе, бірде өзін өзгерткісі келеді. Қысқасы, режиссер бұл фильмде балалық шақтың боямасыз қалпын шынайы жеткізе алған. Фильмнің құдіреті де осында шығар.

AI көмегімен өңделді 
AI көмегімен өңделді 

«Менің атым Қожа» балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың аттас повесінің желісі бойынша түсірілді. Басты рөлдегі Қожаны Нұрлан Сегізбаев сомдады. Арада алпыс жылдан астам уақыт өтсе де, Қожаның мектептегі қызықтары, алғашқы сезімі, үлкендердің алдында өзін дәлелдеуге тырысуы бүгінгі балаға да бөтен емес.

Фильм Қазақстан шекарасынан асып, халықаралық деңгейде де танылды. Картина 1964 жылы Орталық Азия мен Қазақстан кинематографистерінің байқауында диплом иеленді. Кейін Канндағы халықаралық кинофестиваль аясында да марапатқа ие болды. Бірақ режиссер Қожамен тоқтап қалған жоқ.

«Балалық шаққа саяхат»: балалықтың тәттісі мен кермек дәмі

Қарсақбаев Бердібек Соқпақбаев шығармашылығына тағы бір мәрте оралып, «Балалық шаққа саяхат» фильмін түсірді. Алайда мұндағы балалық Қожаның сотқарлығына толы көңілді әлемнен өзгеше.

Басты кейіпкер Бердібектің балалық шағы жоқшылық пен ауыр тұрмыс қатар жүрген кезеңге тап келеді. Қарны тоқ, көйлегі көк баланың алаңсыз тіршілігі мұнда жоқ. Өмір оны ерте есейтеді. Соған қарамастан оның да ойнағысы, күлгісі, қатарынан қалмай, бала болып өмір сүргісі келеді.

Видеодан скрин: AI көмегімен өңделді
Видеодан скрин: AI көмегімен өңделді

Қарсақбаев кейіпкерін аянышты етіп көрсетуге ұмтылмайды. Керісінше, қиындыққа қарамастан қуана білетін, армандайтын, намыстанатын баланың мінезін алға шығарады. Сондықтан «Балалық шаққа саяхат» – өткен дәуірдің тұрмысын ғана көрсететін картина емес. Ол қандай заман болса да, баланың бала болып қалатынын сездіретін фильм.

«Алты жасар Алпамыс»: мектепке асыққан бала

Мектепке баланы жеті жастан қабылдау керек деген тәртіпке жасы сәйкес келмей, сабақты мектеп сыртынан оқуға тура келген Алпамыс образы да ерекше.

Алпамыстың бар арманы – мектепке бару. Жасының кішілігі ғана оның алдынан кедергі болып шығады. Бірақ ол алған бетінен қайтпайды. Қалиқан досы да одан көмегін аямайды. Мұнар атасының көршісі Валияның үйреткені де аз емес. Сөйтіп, білім алуға деген талпынысы мен табандылығының арқасында алты жасар Алпамыс ақыры мектеп оқушысы атанады.

Видеодан скрин: AI көмегімен өңделді
Видеодан скрин: AI көмегімен өңделді

Оқиғасы қарапайым болғанымен, кішкентай кейіпкердің мінезі есте қалады. Режиссер оның бойындағы табандылықты, намысты, білуге деген құштарлықты алдыңғы қатарға шығарады.

Алпамыстың бейнесінде жасандылық аз. Қарсақбаев балалармен жұмыс істегенде дәл осы табиғилықты сақтауға ұмтылғандай. Сондықтан оның фильмдеріндегі бала актерлер «рөл ойнап тұрғандай» емес, камера алдында өз өмірін сүріп жүргендей әсер қалдырады.

«Оу, ковбойлар!»: бала қиялының шекарасы жоқ

Бала кезде кім болмадық дейсіз? Бір күні батырмыз, бір күні саяхатшымыз. Экраннан көрген кейіпкерге еліктеп, айналамыздағы қарапайым дүниелердің өзін үлкен оқиғаға айналдыратын кезіміз де болды.

«Оу, ковбойлар!» фильмінде Қарсақбаев баланың осы қиялшыл әлеміне үңіледі. Ковбойларға еліктеген балалардың ойыны бір қарағанда қарапайым ермек сияқты. Бірақ сол ойын үстінде олардың әрқайсының мінезі ашылады.

Бала үшін ойын – жай уақыт өткізу емес. Ол өзін батыр сезінетін, достықты сынайтын, жеңілістің ащы дәмін тататын, кейде өз қылығы үшін жауап беруді үйренетін тұтас әлем.

Видеодан скрин: AI көмегімен өңделді
Видеодан скрин: AI көмегімен өңделді

Қарсақбаев тағы да оқиғаға үлкендердің емес, балалардың көзімен қарайды. Ересек адам үшін болмашы көрінген дүние бала үшін үлкен мәселе болуы мүмкін. Режиссер осыны түсінді және көрерменге де сезіндіре алды.

«Балалық шақтың кермек дәмі»: ерте есейткен кезең

Балалық шақтың бәрі бірдей тәтті естеліктен тұрмайды. Бір буынның есінде мектептегі қызық пен ауладағы ойын қалса, енді бір буынның балалық шағы соғыс жылдарының ауыртпалығымен тұспа-тұс келді.

«Балалық шақтың кермек дәмі» осы балалардың тағдырына үңіледі. Майдан алыста болғанымен, соғыстың салмағы ауылдағы әр шаңыраққа жетеді. Үлкендермен бірге балалар да еңбекке араласып, ересектер көтеруге тиіс жауапкершілікті тым ерте арқалайды.

Видеодан кадр: AI көмегімен өңделді 
Видеодан кадр: AI көмегімен өңделді 

Бірақ режиссер оларды тек қиындық көрген ұрпақ ретінде көрсетпейді. Олар бәрібір бала болып қала береді. Достасады, ренжіседі, қуанады, армандайды. Тек олардың балалық шағының тәтті дәміне заманның кермек дәмі араласып кеткен.

Осы фильм арқылы да Қарсақбаев бала өмірін қоғамнан бөліп қарамайтынын аңғартады. Оның кейіпкерлері өмірдің ортасында жүреді. Қиындық көреді, содан сабақ алады, кейде уақытынан бұрын есейеді.

El.kz коллажы
El.kz коллажы

Қарсақбаевтың балалары неге ұмытылмайды?

Қарсақбаевтың балаларға арналған фильмдерін қатар қойып қарасақ, кейіпкерлерінің бір-біріне мүлдем ұқсамайтынын байқаймыз.

Қожа – сотқар. Алпамыс – мектепке баруға асыққан өжет бала. «Балалық шаққа саяхаттағы» Бердібек – тұрмыстың қиындығын ерте көрген кейіпкер. «Оу, ковбойлардағы» балалардың әлемі ойын мен қиялға толы. «Балалық шақтың кермек дәміндегі» балаларды заман ерте есейтеді. Олар тентектік жасайды, қырсығады, үлкендерге өкпелейді, ұялады, армандайды, достасады.

Бір сөзбен айтқанда, экранда бала болып өмір сүреді. Қарсақбаев киносының құдіреті де осында: режиссер бізге балалық шақтың қандай болуы керектігін емес, оның шын мәнінде қандай болатынын көрсетті.

Оқи отырыңыз