Қазақстандағы кедейлік: қай өңірлерде жағдай күрделі?

 жасанды интеллектпен жасалды
Фото: жасанды интеллектпен жасалды

Қазақстанда кедейлік деңгейі тұрақты сақталғанымен, өңірлер арасындағы тұрмыс айырмашылығы ұлғайып барады. Кей аймақтарда халық табысы төмендеп, бай мен кедей арасындағы алшақтық күшейген.

Ұлытау мен Маңғыстауда жағдай күрделі

Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, 2025 жылы елдегі кедейліктің тереңдігі – 0,8%, ал «өткірлігі» 0,2% деңгейінде болған. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда өзгермеген.

Сонымен қатар табыс теңсіздігі аздап төмендеген. Джини коэффициенті 0,296-дан 0,291-ге түссе, қорлар коэффициенті 6,20-дан 5,98 есеге дейін азайған.

Оқи отырыңыз:

Алайда мамандар өңірлер арасындағы айырмашылық артқанын айтады.

Елдегі ең проблемалы өңір ретінде Ұлытау облысы көрсетілген. Мұнда кедейліктің тереңдігі 1,6%, ал «өткірлігі» 0,7% болған. Екі көрсеткіш те бір жыл ішінде өскен. Джини және қорлар коэффициенті аздап төмендегенімен, өңірдегі мүліктік теңсіздік әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.

Екінші орында – Маңғыстау облысы. Бұл өңірде кедейліктің тереңдігі 1,3%-ға жеткен. Бірақ қызығы, Маңғыстау ел бойынша теңсіздік деңгейі ең төмен аймақтардың бірі саналады.

Сарапшылар мұны ерекше жағдай деп бағалайды, яғни табыс халық арасында салыстырмалы түрде біркелкі бөлінгенімен, тұрғындардың бір бөлігінің кірісі өте төмен деңгейде қалып отыр.

Қай облыстарда әлеуметтік теңсіздік күшейген

Абай, Жетісу және Түркістан облыстарында да кедейлік көрсеткіштері жоғары деңгейде сақталған.

Абай облысында жағдай аздап жақсарғанымен, табыс айырмашылығы ұлғайған. Түркістан облысында, керісінше, әрі теңсіздік, әрі кедейліктің «өткірлігі» төмендеген.

Павлодар облысы табыс теңсіздігі бойынша көш бастаған өңір атанды. Мұнда қорлар коэффициенті 7,58 есеге жеткен.

Қарағанды облысында кедейлік те, табыс теңсіздігі де, бай мен кедей арасындағы алшақтық та артқаны байқалған.

Мегаполистердегі жағдай қандай

Алматыда кедейлік деңгейі айтарлықтай өзгермегенімен, табыс теңсіздігі азайған. Астанада кедейлік аздап өссе де, теңсіздік көрсеткіштері төмендеген.

Шымкентте айқын оң динамика байқалады. Қалада кедейліктің тереңдігі 1,6%-дан 1,1%-ға дейін төмендеген. Соған қарамастан, Шымкент әлі де кедейлік деңгейі жоғары аймақтардың қатарында қалып отыр.

Ал ең төмен көрсеткіштер Атырау және Жамбыл облыстарында тіркелген. Бұл өңірлерде кедейліктің тереңдігі 0,3% болған.

Кедейлердің басым бөлігі – көпбалалы отбасылар

Айта кетейік, бұған дейін саясаттанушы Марат Шибұтов Ұлттық статистика бюросының халық табысына қатысты деректеріне талдау жасаған болатын.

Өткен жылдың төртінші тоқсанындағы мәліметке сәйкес, кедей санатына кіретіндердің жалпы саны 988 169 адам болған. Соның 85,33 пайызы немесе 843 201-і бес және одан да көп адамнан тұратын отбасыларға тиесілі.

Сарапшының айтуынша, отбасы мүшелерінің саны көбейген сайын мұқтаждар қатарына ену қаупі де айтарлықтай өседі.

Бес және одан көп адамнан тұратын отбасылар арасындағы кедейлік деңгейі бір адамнан тұратын отбасыларға қарағанда 76 есе жоғары. Яғни көрсеткіш 9,12 пайыз болса, жалғыз тұратын адамдар арасында бұл көрсеткіш небәрі 0,12 пайызды құрайды. Отбасы құрамының 4 адамнан 5 адамға өтуі кедейлікке ұрыну ықтималдығында өзіндік бір шекті кезең секілді көрінеді, – дейді Марат Шибұтов.

Жаһандық салыстыру бойынша Қазақстандағы Джини коэффициенті 0,291 деңгейінде. Бұл көрсеткіш елді табыс теңсіздігі орташа немесе төмен мемлекеттердің қатарына жатқызады. Алайда сарапшылар орташа статистика өңірлер арасындағы үлкен айырмашылықты толық көрсете алмайтынын ескертеді.

Оқи отырыңыз