Қазақстанда болашақтың көлігі саналатын аэротакси жобасы қолға алынбақ. Үкімет Алатау қаласын жаңа технологияларды сынайтын пилоттық алаңға айналдыруды жоспарлап отыр. Егер жоба сәтті жүзеге асса, алматылықтар мен туристер Медеуге, Қапшағайға немесе тау кластеріне кептеліссіз небәрі 10-15 минутта жететін болады.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба Орталық Азиядағы көлік жүйесіне үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін. Сонымен қатар қалада арнайы квадропорттар салу жоспарланып отыр. Бұл – тік ұшып-қонатын әуе таксилеріне арналған жаңа буындағы инфрақұрылым.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев Алатау дрондар мен аэротакси технологияларын алғаш болып енгізетін қалалардың бірі болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, қалада дрондар мен аэротаксилерді 120 метрден жоғары биіктікте сынауға мүмкіндік беріледі. Қазір мұндай тәжірибе әлемде тек Қытайдың Шэньчжэнь қаласында ғана бар.
Үкімет бұл бағытта АҚШ пен Қытайдың жетекші компанияларымен келіссөз жүргізіп жатыр. Себебі дәл осы елдер электрлік аэротакси мен жүк тасымалдайтын дрондарды дамытуда әлемдік көшбасшы саналады. Қазақстан сол тәжірибені пайдаланып, жаңа әуе көлігі жүйесін қалыптастыруды көздейді.
Жоба аясында салынатын квадропорттар Алатау, Қонаев, Алматы және туристік аймақтарды өзара байланыстырады. Мәселен, турист халықаралық әуежайға қонған соң, кептелісте уақыт жоғалтпай, бірден аэротаксиге отырып, Медеуге немесе Қапшағай жағалауына бірнеше минут ішінде жете алады.
Сағатына 350 шақырым жылдамдықпен ұшады
Аэротаксилер сағатына 300-350 шақырым жылдамдықпен ұшады. Ал алғашқы кезеңде, яғни алдағы 2-3 жыл ішінде Алматы, Алатау және Алматы облысы арасындағы қатынас ұшқышсыз әуе көлігі арқылы жүзеге асуы мүмкін.
Үкімет бұл жобаның туристік әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Болжам бойынша, аэротакси жүйесінің арқасында Алматы агломерациясындағы туристік бағыттарға жыл сайын шамамен 8 миллион адам қатынай алады. Жоба Оңтүстік Корея тәжірибесі негізінде жүзеге асырылмақ.
Ал күні кеше Alatau City компаниясының өкілдері аэротакси қызметінің бағасы қарапайым премиум таксимен шамалас болатынын мәлімдеді. Alatau City Authority компаниясының CEO-сы Әлішер Әбдіқадаров Қазақстан бұл бағытта халықаралық тәжірибеге сүйеніп отырғанын айтты.
Әр шақырымы – 1 доллар
Оның сөзінше, шетелде бір жолаушының бір шақырым ұшуы орта есеппен 1 доллар тұрады. Қазақстандағы тарифтер де осыған жақын болуы мүмкін. Яғни қазіргі бағаммен шамамен 450-460 теңге көлемінде болады деп күтілуде.
Әбдіқадаров аэротаксидің басты артықшылығы – кептелісті толық айналып өтіп, бір нүктеден екінші нүктеге тікелей жету мүмкіндігі екенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай көлік түрі әсіресе туристер арасында үлкен сұранысқа ие болуы мүмкін. Болашақта бағыттарды тау кластеріне, Қапшағайға және басқа да туристік аймақтарға қосу жоспарда бар.
Аэротакси қатынайтын алғашқы сынақ бағыттары да белгілі болды. Олардың қатарында:
- Алматы халықаралық әуежайы;
- мегаполистің теміржол вокзалдары;
- тау туризмі кластері мен курорттық аймақтар;
- Қапшағай су қоймасы бар.
Алайда қазақстандықтар аэротаксиге биыл міне алмайды. Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 2026 жыл толықтай жаңа техниканы Қазақстанның климаттық жағдайында сынақтан өткізуге арналады.
Оның сөзінше, барлық бағыт жолаушысыз тексеріледі. Мамандар ұшу биіктігін, жоғары вольтты желілердің әсерін, аэромагниттік өрістерді және төрт мезгілдегі ауа райының техникаға ықпалын зерттейді. Қауіпсіздік мәселесі басты назарда болады.
Егер 2026 жылғы ауқымды сынақтар сәтті аяқталса, алғашқы коммерциялық рейстер 2027 жылы іске қосылуы мүмкін.
Үкімет өкілдері бұл жобаға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейтінін де атап өтті. Қазақстандағы аэротакси жүйесі толықтай жеке инвесторлардың есебінен қаржыландырылады. Инвесторлар қатарында ірі отандық компаниялар бар. Сонымен қатар ұшу қауіпсіздігі стандарттарын әзірлеуге Қытай мен АҚШ-тың тәжірибелі мамандары тартылып жатыр.
Сарапшылар пікірінше, егер жоба сәтті жүзеге асса, Қазақстан Орталық Азияда аэротакси жүйесін енгізген алғашқы елдердің біріне айналуы мүмкін. Бұл тек көлік саласына ғана емес, туризм мен өңірлік инфрақұрылымның дамуына да жаңа серпін береді.