«Витрувиан адамы», ұшу аппараттары: Астанада Леонардо да Винчидің ерекше туындылары қойылды

 El.kz
Фото: El.kz

Астанада бірнеше ғасырға артқа шегінгендей әсер сыйлайтын ерекше көрме ашылды. Бейбітшілік және келісім сарайында әлемдік мәдениет пен ғылым тарихындағы ең әйгілі тұлғалардың бірі Леонардо да Винчидің шығармашылығына арналған «Leonardo da Vinci: Genius of the Renaissance» халықаралық көрмесі өтіп жатыр.

Көрме 19 мамыр мен 30 қыркүйек аралығында жалғасады. Мұнда келушілер әйгілі суретшінің картиналарымен ғана емес, оның бірнеше ғасыр бұрын сызған механизмдері мен инженерлік жобаларымен де таныса алады. Экспозицияда ұшу аппараттары, әскери құрылғылар, парашют пен түрлі механикалық модельдер қойылған.

Фото: El.kz 
Фото: El.kz 
Фото: El.kz 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің басты мақсаты – қазақстандық көрерменге Леонардо да Винчидің өнерден бөлек, ғылым мен техника саласына қосқан үлесін де кеңінен таныстыру.

Көрме жетекшісі Нарима Мұхамбеталинаның сөзінше, жоба ашылған күннен бастап келушілердің қызығушылығы жоғары. Оның айтуынша, көрмеге балалар да, ересектер де көп келіп жатыр. Әсіресе көпшілікті Леонардо да Винчи ойлап тапқан механизмдер ерекше таңғалдырады.

Кадрда Нарима Мұхамбеталина/фото: El.kz 

Көрменің мақсаты – қазақстандықтарға және Астанаға келетін қонақтарға әйгілі Леонардо да Винчидің шығармашылығын таныстыру. Біз көрмеге 40-тан астам механизм әкелдік. Соған қарап XV ғасырда өмір сүрген Леонардо да Винчидің қазіргі заманға жақын дүниелерді ойлап тапқанын байқайсыз. Ол өз дәуірінен озып туған тұлға болған, – дейді Нарима Мұхамбеталина.

Фото: El.kz 
Фото: El.kz 
Фото: El.kz 
Фото: El.kz 

Экспозиция көлемі жағынан да ерекше. Көрме Бейбітшілік және келісім сарайының ең үлкен залында орналасқан. Жалпы аумағы 3000 шаршы метрді құрайтын кеңістік бірнеше тақырыптық аймаққа бөлінген. Олардың қатарында «От», «Ауа», «Су», «Жер», «Биография», «Шеберхана» және «Галерея» бөлімдері бар.

Көрмедегі экспонаттардың барлығы Италиядан жеткізілген. Әріптестеріміз тасымалдау жұмыстарына үлкен көмек көрсетті. Көрмеге Рим қаласындағы Леонардо да Винчи музейінен және Флоренциядан арнайы жеткізілген экспонаттар қойылып отыр, – дейді көрме жетекшісі.

Жоба Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және «Астана Концерт» компаниясының ұйымдастыруымен жүзеге асқан. Көрмеде заманауи технологияларға да ерекше көңіл бөлінген.

Фото: El.kz 
Фото: El.kz 

Экспозиция ішінде LED-туннельдер, интерактивті видеолар, LED-кубтар және шағын кинотеатр қойылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жұмыстарға қазақстандық мамандар мен жасанды интеллект технологиялары кеңінен қолданылған.

Көрме барысында келушілерге гидтер Леонардо шығармашылығы жайлы кеңінен ақпарат береді. Солардың бірі – гид Диана Абдуллақызы. Оның сөзінше, көрмедегі ең ерекше туындылардың бірі – әйгілі «Витрувиан адамы».

Кадрда Диана Абдуллақызы/фото: El.kz 

Леонардо да Винчидің ең танымал әрі жұмбақ еңбектерінің бірі – «Витрувиан адамы». Бұл сурет арқылы ол адам денесінің үйлесімділігі мен анатомиялық мінсіздігін көрсеткісі келген. Қайта өрлеу дәуірінде адам басты құндылық ретінде қарастырылды. Бұл еңбек соның символына айналды, – дейді гид.

Экспозицияда суретшінің діни бағыттағы еңбектері туралы да кеңінен айтылады. Гидтің сөзінше, XVI ғасырда шіркеу қоғам өмірінде үлкен рөл атқарғандықтан, Леонардоға көптеген тапсырыс діни ұйымдардан түскен.

Фото: El.kz 
Кадрда «Мона Лиза» картинасы/фото: El.kz 

Көрмедегі келушілер көп жиналған аймақтардың бірі – әлемге әйгілі «Мона Лиза» картинасының репродукциясы. Мамандардың айтуынша, туынды шамамен 1503-1519 жылдар аралығында салынған. Картинадағы жұмбақ күлкі мен нәзік эмоция ғасырлар бойы өнер сүйер қауымның қызығушылығын жоғалтқан емес.

Фото: El.kz 
Фото: El.kz 
Фото: El.kz 
Фото: El.kz 
Фото: El.kz 

Сондай-ақ көрмеде Леонардо да Винчи ойлап тапқан түрлі механизмдер ұсынылған. Олардың қатарында парашют, ұшу аппараттары, алғашқы әскери техникалардың үлгілері, брондалған арба мен механикалық құрылғылар бар. Бұл жобалар оның бірнеше ғасыр бұрын-ақ болашақ технологияларды болжай алғанын көрсетеді.

Көрмеге келген астаналықтар да ерекше әсер алғандарын айтты. Қала тұрғыны Алмас Байжанов көпшілік Леонардоны тек белгілі картиналары арқылы ғана танитынын айтады.

Кадрда Алмас Байжанов/фото: El.kz 

Біз көбіне Леонардо да Винчиді «Мона Лиза» мен «Кеш құпиясы» арқылы ғана білеміз. Ал бұл көрмеде оның қаншалықты жан-жақты тұлға болғанын көресің. Осынша механизм ойлап тапқанын білгенде таңғаласың, – дейді ол.

Ал елорда тұрғыны Әсем Ахметова көрменің балалар мен жастар үшін танымдық маңызы зор екенін атап өтті.

Кадрда Әсем Ахметова/фото: El.kz 

Леонардо Да Винчи көрмесі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мен балаларыммен келдім. Әсіресе жасанды интеллект көмегімен жасалған 3D-экспозициялар қатты ұнады. Осындай көрмелер балалардың өнер мен ғылымға деген қызығушылығын арттырады, – дейді қала тұрғыны.

Фото: El.kz 
Фото: El.kz
Фото: El.kz

«Leonardo da Vinci: Genius of the Renaissance» көрмесі – өнер мен ғылымды қатар танытатын ерекше жоба. Көрме арқылы келушілер бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген Леонардо да Винчи идеяларының бүгінге дейін маңызын жоғалтпағанын көре алады. Экспозиция елорда тұрғындары мен қонақтарына Қайта өрлеу дәуірінің атмосферасын жақынырақ сезінуге мүмкіндік береді.

Бірлесіп орындаған: MNU 2-курс студенті Аружан Қали

Оқи отырыңыз