Қазақстан – ТМД-дағы көші-қон үшін ең қолайлы ел

 ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды
Фото: ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

Қазақстан ТМД елдері арасында көші-қон үшін ең қолайлы мемлекет атанды.

Америкалық Remitly компаниясы жариялаған Immigration Index 2026 халықаралық рейтингінде еліміз ТМД кеңістігінде бірінші орынға ие болды.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстан әлемнің 82 мемлекеті қамтылған рейтингте 53-орыннан көрінді. Осылайша ел посткеңестік кеңістіктегі рейтингке енген мемлекеттердің барлығынан озып шықты.

Тізімде Қазақстаннан кейін Молдова – 56-орынға, Әзербайжан – 66-орынға, Армения – 74-орынға, ал Өзбекстан 75-орынға жайғасты. Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Украина бұл зерттеуге енгізілмеген.

Рейтингті әзірлеушілер елдерді 34 көрсеткіш бойынша бағалаған. Олар 16 негізгі санатқа біріктірілген. Атап айтқанда, қауіпсіздік деңгейі, денсаулық сақтау мен білім беру сапасы, экологиялық жағдай, жұмысқа орналасу мүмкіндігі, өмір сүру құны, тұрғын үйдің қолжетімділігі, қоғамдық көлік жүйесінің дамуы, отбасыларға көрсетілетін қолдау және мигранттар қауымдастығының болуы сияқты факторлар ескерілген.

Оқи отырыңыз:

Әлемдік рейтингтің көшін Швейцария бастады. Алғашқы бестікке Исландия, Люксембург, Аустралия және Германия енді. Тізімнің соңғы сатысында Куба орналасқан.

Remitly сарапшыларының айтуынша, рейтингті жасау кезінде экономикалық көрсеткіштер ғана емес, сонымен қатар өмір сапасы, қауіпсіздік, отбасылар үшін қолайлы орта және мигранттардың ұзақ мерзімді бейімделу мүмкіндіктері де назарға алынған.

Зерттеу қорытындысы қазіргі таңда көші-қонға шешім қабылдайтын адамдар үшін қауіпсіздік, сапалы медицина, білім беру және тұрақты болашақ құру мүмкіндігі басты өлшемдердің бірі екенін көрсетеді. Осы көрсеткіштердің жиынтығы бойынша Қазақстан 2026 жылы ТМД елдері арасындағы ең қолайлы мемлекет деп танылды.

Иммигранттарға арналған онлайн-тестілеу

Қазақстанға жақында ғана тұрақты тұруға көшіп келетін иммигранттар үшін онлайн-тестілеу іске қосылғаны белгілі болды. 

Ұлттық тестілеу орталығы Қазақстанға тұрақты тұруға келген иммигранттарға арналған онлайн-тестілеудің кестесін жариялап, тестілеуден өту тәртібін түсіндірді.

Qumash.kz мәліметінше, енді үміткерлер қазақ тілін меңгеру деңгейін қашықтан бағалауға мүмкіндік беретін КАЗТЕСТ жүйесі бойынша онлайн-диагностикалық тестілеуден өте алады.

Тестілеуге қатысу үшін үміткерлер app.testcenter.kz платформасында тіркелуі қажет. Ол үшін сайтқа кіріп, жеке аккаунт ашқаннан кейін «Өтінім беру» бөлімін таңдау керек. Одан соң «Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – КАЗТЕСТ» қызметін таңдап, «Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген иммигранттарға арналған онлайн-диагностикалық тестілеу» бөлімі арқылы өтінім жолдай алады.

Диагностикалық тест екі бөлімнен тұрады. Оның алғашқысы – тыңдалым (аудирование), мұнда қатысушыларға 20 тест тапсырмасы ұсынылады. Екінші бөлім – оқылым (оқу), онда 40 тапсырма қарастырылған.

Тестілеудің жалпы ұзақтығы 70 минутты құрайды. Ал қатысу құны – 9 мың теңге.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, бұл жүйе Қазақстанға қоныс аударушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтауға және олардың елдегі әлеуметтік ортаға бейімделуіне қолдау көрсетуге бағытталған.

Оқи отырыңыз