Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкіметтегі брифинг барысында демалысын қайда өткізетінін айтып, Қазақстандағы сүйікті туристік бағыттарын атады.
Журналистердің сұрағына жауап берген министр ауылдағы тыныш демалысты жақсы көретінін жеткізді. Оның айтуынша, қызметінің ерекшелігіне байланысты соңғы үш жарым жылға жуық уақыт ішінде толыққанды демалысқа шыға алмаған.
Жаз мезгілінде туристік науқан қызады, қыста Олимпиада, Азия ойындары сияқты маңызды жарыстар өтеді. Күзгі кезеңде де жұмыс көп. Еңбек демалысына шықпағаныма үш жарым жыл болды. Сондықтан демалысқа шығатын болсам, ең алдымен туған ауылымнан бастар едім, – деді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы Қазақстандағы демалысқа қолайлы бірнеше бағытты атады. Оның сөзінше, жазғы маусымда Алакөл туристер үшін ең тартымды орындардың бірі болса, қыс мезгілінде Алматы тау кластері ерекше сұранысқа ие.
Бұдан бөлек, министр Бурабай курорттық аймағын, Маңғыстау облысы өңіріндегі туристік маршруттарды және Түркістан маңындағы тарихи-мәдени нысандарды ерекше атап өтті.
Қазақстанда көлдер де, таулар да, табиғаты көркем өңірлер де жеткілікті. Ел ішіндегі бағыттардың бәрін аралап шығудың өзі әрі жұмыс, әрі демалыс, – деді Ербол Мырзабосынов.