Жаңалықтар

Қазақстан құтқарушылары Түркияда үйінді астынан тағы 3 адамды аман шығарды

Қазақстан құтқарушылары Түркияда үйінді астынан тағы 3 адамды аман шығарды
Фото: ТЖМ 10.02.2023 10:01 1151

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Түркияда үйінділер астынан үш адамды аман алып шықты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Екінші эшелон Түркияға келген сәттен бастап Қазақстан ТЖМ құтқарушылары тәулік бойы құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Екінші эшелон үшін іздестіру-құтқару орны ретінде Нурдагы – Газиантеп қаласынан 69 шақырым жердегі толығымен қираған ғимарат бекітілді.
Бұл нысанда қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудиобайланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстарын жүргізді», - делінген ТЖМ мәліметінде.

Ақпаратқа сүйенсек, құтқарушылардың ыждағатты жұмысының нәтижесінде қирандылар астынан үш адам аман шығарылды.


«Қазақстандық құтқарушылардың үлкен тереңдіктегі үйінділердің астынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін жол ашу жұмыстарын орындап, жедел және сауатты іс-қимылдың, сондай-ақ зардап шеккендерді блоктан шығару бойынша уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгін түнде көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш адам - ер адам мен екі әйелді тірі шығаруға мүмкіндік туды. Олар дереу медицина қызметтеріне жеткізілді», - деп нақтылады ведомстводан.

Айта кетейік, осыған дейін Түркияда жер сілкінісінен қаза болғандар саны 12 391 адамға жеткендігін хабарлаған болатынбыз.

Түркиядағы жер сілкінісінен кейін хабарсыз кеткен Сабина Мамадьярова аман табылды. Бұған дейін Түркияның оңтүстік-шығысындағы жер сілкінісінен кейін бірнеше қазақстандықтың хабарсыз кеткені туралы жазған едік.

Қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны Түркияның Газиантеп қаласына жетті. Қазіргі уақытта жабдықтар мен жеке құрамды түсіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Түркияға гуманитарлық көмек ретінде $1 млн бөлді. Сонымен қатар бүгін Қазақстандықтардың екінші тобы Түркиядан қайтарылды.

Түркияда жойқын зілзаладан қаза болғандар саны 14 мыңнан асты, тағы 63 мың 794 адам жараланғанын жазған болатынбыз.

Кеше ТЖМ Юрий Ильин қазақстандық құтқарушылардың жұмысы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген еді.

ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан іздестіру-құтқару жұмысына қатысты соңғы ақпаратпен бөліскен болатын.

Осыған дейін Түркияда жоғалған қазақстандық Мирболат Құрмашевтің денесі табылғандығын хабарлаған болатынбыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға