Жаңалықтар

Қазақстан құтқарушылары Түркияда 7 адамды құтқарды

Қазақстан  құтқарушылары Түркияда 7 адамды құтқарды
Фото: ТЖМ 10.02.2023 12:41 1534

Қазіргі уақытта Қазақстан ТЖМ құтқарушылары төрт учаскеде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.  Бұл туралы ТЖМ мәлімдеді.

Бүгінгі таңда Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 14  адамның, оның ішінде бір баланың денесі үйінді астынан шығарылды. Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері запдап шеккен адамдарға тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетуде.

Газиантеп қаласы бірінші эшелонның жұмыс жүргізу ауданы болып белгіленді. Мұнда жұмыстар тәулік бойы екі ауысымда үш учаскеде жүргізілуде.

Құтқарушылардың бірінші тобы тоғыз қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат толығымен қираған, кинологиялық есептоптар барлау және үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жерде үйінділердің астынан 4 адам құтқарылды, 4 қаза тапқан әйелдің денесі шығарылды.  

Құтқарушылардың екінші тобы алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат ішінара қираған, апатты, қирау динамикасы байқалады, тұрақсыз құрылымдарға байланысты ғимараттардың толық қирау қаупі бар. Ғимараттың 3-қабатына дейін инженерлік техниканы пайдалана отырып, демонтаж жүргізілді, қайтыс болған 5 әйелдің денесі шығарылды.

Үшінші топ та алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат толығымен қираған. Барлау және үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жүргізілуде, қайтыс болған әйелдің денесі шығарылды.

Екінші эшелон үшін іздеу орны Нурдагы - Газиантеп қаласынан 69 шақырым жердегі толығымен қираған ғимарат бекітілді. Бұл нысанда қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстарын жүргізді.

Қазақстандық құтқарушылардың үлкен тереңдіктегі үйінділердің астынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін жол ашу жұмыстарын орындап,  жедел және сауатты іс - қимылдың, сондай-ақ зардап шеккендерді блоктан шығару бойынша уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгін түнде көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш тірі адамды - ер адам мен екі әйелді шығаруға мүмкіндік туды. Адамдар дереу медициналық қызметтеріне жеткізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Хатай елді мекеніне құтқарушылар тобы және кинологиялық есептоптар жіберілді. Іздеу объектісі - толығымен қираған алты қабатты үй, үйіндінің көлемі 18 мың м3 асады.

Құтқарушылардың жұмысы көптеген үйінділермен, тұрақсыз құрылымдармен күрделене түседі. Қазақстандық құтқарушылар барынша тиімді жұмыс істеуде.

Қазіргі уақытта осы объектіде үйіндінің астынан қайтыс болған үш адамның денесі шығарылды, оның бірі – Қазақстан азаматы, екеуі – Түркия азаматы.

Іздеу-құтқару жұмыстары жалғастырылуда.

Қазақстан Түркияға гуманитарлық көмек ретінде $1 млн бөлді. Сонымен қатар Қазақстандықтардың екінші тобы Түркиядан қайтарылды.

Түркияда жойқын зілзаладан қаза болғандар саны 14 мыңнан асты, тағы 63 мың 794 адам жараланғанын жазған болатынбыз.

Кеше ТЖМ Юрий Ильин қазақстандық құтқарушылардың жұмысы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген еді.

ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан іздестіру-құтқару жұмысына қатысты соңғы ақпаратпен бөліскен болатын.

Осыған дейін Түркияда жоғалған қазақстандық  Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтің денесі табылғандығын хабарлаған болатынбыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға