Қазақстанда мектеп бағдарламасы заман талабына сай жаңартылып, жасанды интеллект (ЖИ) білім беру жүйесінің маңызды бағытына айналуда. Бұл өзгеріс тек пән атауларының ауысуымен шектелмейді. Енді оқушылар жасанды интеллектіні қолдануды ғана емес, оның жұмыс істеу қағидаттарын түсініп, цифрлық ортада жауапкершілікпен әрекет етуге үйренеді.
Жасанды интеллект неге мектеп бағдарламасына енгізілді?
Соңғы жылдары жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып, экономикадан бастап медицина, өндіріс, білім беру және мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық салаға еніп келеді. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары еңбек нарығында ЖИ құралдарын тиімді пайдалана алатын мамандарға сұраныс бірнеше есе артады.
Осыған байланысты Қазақстанда білім беру мазмұнын жаңарту жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Республикалық педагогтердің тамыз конференциясында берген тапсырмасына сәйкес басталды. Кейін бұл бағыт заңнамалық деңгейде бекітіліп, 2025 жылы «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Ал 2026 жылғы Президент Жарлығы орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні кезең-кезеңімен енгізуге құқықтық негіз қалады.
Пән атаулары ғана емес, мазмұны да өзгерді
Жаңартылған мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес бастауыш сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп аталады.
Алайда басты жаңалық – атауда емес, мазмұнында. Бағдарламаға жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер енгізіліп, жалпы саны 43 жаңа оқу мақсаты әзірленді.
Бұл қадам оқушылардың цифрлық технологияларды тұтынушы ғана емес, оларды түсінетін әрі саналы пайдаланатын азамат болып қалыптасуына бағытталған.
Бастауыш сынып оқушылары нені меңгереді?
1-4-сыныптарда оқушылар «Медиасауаттылық және жасанды интеллект» бөлімі бойынша білім алады.
Бағдарлама аясында олар:
- жасанды интеллектінің күнделікті өмірдегі қолданылу мысалдарымен танысады;
- цифрлық қауіпсіздік негіздерін үйренеді;
- жеке деректерді қорғаудың маңызын түсінеді;
- интернеттегі жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастырады.
Бұл кезеңде күрделі бағдарламалау емес, балалардың цифрлық сауаттылығы мен қауіпсіздік дағдыларын дамытуға басымдық беріледі.
Орта буында сыни ойлау мен қауіпсіздікке басымдық беріледі
5-9-сыныптарда жасанды интеллектіні тиімді қолдану дағдылары тереңдетіледі. Оқушылар:
- ЖИ құралдарын оқу барысында тиімді пайдалануды;
- сапалы сұраныс (prompt) құрастыруды;
- алынған нәтижелердің шынайылығын сыни тұрғыдан бағалауды;
- академиялық адалдық талаптарын сақтауды;
- киберқауіпсіздік қағидаларын меңгереді.
Бұл дағдылар қазіргі цифрлық қоғамда ақпаратпен дұрыс жұмыс істеудің негізгі құзыреттерінің бірі саналады.
Жоғары сыныптарда күрделі технологиялар оқытылады
10-11-сыныптарда оқыту мазмұны практикалық және қолданбалы бағытқа көшеді. Бағдарламада:
- машиналық оқыту;
- нейрондық желілер;
- үлкен деректерді талдау;
- қолданбалы криптография;
- жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс істеу принциптері қамтылады.
Яғни мектеп түлектері жоғары оқу орнына немесе еңбек нарығына қажетті бастапқы цифрлық құзыреттермен шығады.
Мұғалімдердің рөлі де өзгереді
Жаңартылған бағдарламаны енгізу тек оқушыларға ғана емес, педагогтерге де жаңа талаптар қояды. Осыған байланысты мұғалімдерге арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр.
Олар білім беру процесінде жасанды интеллектіні тиімді әрі қауіпсіз қолдану, оқушылардың академиялық адалдығын сақтау және цифрлық этика талаптарын орындау бағытында жұмыс істейді.
Біз бұған дейін Қазақстан мектептерінде 1 қыркүйектен бастап маңызды өзгерістер енгізілетіні туралы жазған едік.