Швейцария десе көз алдымызға Альпі таулары, көгілдір көлдер, жасыл алқаптың ортасындағы шағын ауылдар мен дәл уақытында келетін пойыздар елестейді. Әлеуметтік желі бұл елді тіпті ертегіге айналдырып жібергендей. Алайда бірнеше секундтық әдемі видеоның ар жағында мұқият құрылған маршрут, қымбат қонақүй, пойыздан пойызға ауысу, құбылмалы тау ауа райы және турист біле бермейтін ондаған ұсақ ереже жатыр.
Швейцарияға бірнеше жылдан бері тұрақты барып, авторлық турлар ұйымдастырып жүрген саяхатшы Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы бұл елді турист ретінде ғана емес, топ бастап жүрген гидтің көзімен де таныған.
Фото: Нұрдәулет Нұрмахамбетұлының жеке мұрағатынан
Түркістан облысының Шардара өңірінде дүниеге келген Нұрдәулет Нұрмахамбетұлының туризмге келуіне таңдаған мамандығы да әсер еткен. Ол 2012–2016 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде география мамандығы бойынша бакалавриатта білім алып, кейін оқуын магистратурада жалғастырды. 2018 жылдан бастап туризм саласында еңбек етіп, 2019 жылдан авторлық турлар ұйымдастыруға кіріскен.
Бүгінде оның Швейцарияға сапары бір реттік туристік қызығушылықтан әлдеқашан асып кеткен. Нұрдәулеттің айтуынша, осы уақытқа дейін бұл елге шамамен 12–13 тур ұйымдастырған. Бір жаздың өзінде бір бағытқа бірнеше мәрте оралатын кездері бар.
Бірақ Швейцарияны жақсы көру – оның әдемі жерлерін жатқа білумен ғана шектелмейді. Керісінше, барған сайын бұрын білмеген жаңа ауыл, жаңа бағыт, жаңа тәжірибе ашыла береді, - дейді саяхатшы.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
Швейцарияға барудағы ең үлкен қателік – жоспарсыз шығу
Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы алғаш рет Швейцарияға барғалы жүрген адамға бір ғана кеңес беру керек болса, ең алдымен жоспар құруды айтар еді. Оның байқауынша, өз бетінше саяхаттайтын адамдардың жиі жіберетін қателігі – «барған соң көрерміз» деп жолға шығу.
Қай күні қай жерге баратыныңыз, бір нүктеден екіншісіне қанша уақытта жететініңіз, пойыз ба, автобус па, әлде аспалы жолды пайдаланасыз ба, сол жерде қанша уақыт өткізесіз – мұның бәрі алдын ала есептелуі керек.
Швейцарияда бұл әсіресе маңызды. Өйткені бір күннің ішінде бірнеше ауылды аралауға мүмкіндік болғанымен, дұрыс жоспар болмаса, уақыттың көбі жолда өтіп кетуі мүмкін.
Саяхатшыға ең қажетті нәрсе – жоспар. Жоспарсыз саяхатта көргің келген дүниелерді көре алмай қалуың мүмкін. Уақытты бос өткізіп немесе ерініп кетесің. Маған бір ғана кеңес айтуға мүмкіндік берілсе де, осыны айтар едім, – дейді кейіпкеріміз.
Авторлық тур иесі маршрут жасарда картамен қатар іздеу жүйелерін, саяхатшылардың пікірлерін және жасанды интеллект құралдарын пайдалануға кеңес береді. Әсіресе көлік билеттерінің түрлерін, топтық және отбасылық жеңілдіктерді алдын ала салыстырған жөн.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
Төрт күн – ең азы, 7–8 күн – қолайлы мерзім
Париж немесе Барселона сияқты бір қаланы екі күнде аралап шығуға болатын шығар. Ал Нұрдәулет Нұрмахамбетұлының пікірінше, Швейцарияға мұндай тәсіл жарамайды. Себебі бұл елдің басты ерекшелігі бір қаланың сәулетінде емес, әр өңірге таралған табиғатында.
Сондықтан ол алғаш келген адамға кемінде төрт күн бөлуді ұсынады. Ал Швейцарияны асықпай танығысы келген адамға 7–8 күн қолайлы. Табиғатты ерекше жақсы көретін саяхатшы үшін 10–15 күннің өзі артық емес екенін айтады.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
Бір күнді Лаутербруннен мен оның маңындағы Венген және Мюррен ауылдарына арнауға болады. Екінші күні Гриндельвальд пен Grindelwald First бағытына шығып, ауа райы мүмкіндік берсе, тауда шағын хайкинг жасауға болады. Уақыт қалса, Интерлакенді де аралап үлгеруге мүмкіндік бар. Тағы бір күнді Бриенц көлі маңына арнап, кемемен серуендеп, Изельвальд пен Лунгернді көруге болады. Ал төртінші күнге Церматт пен Маттерхорн бағытын қалдырған жөн. Қайтар жолда Шпицке соғуға болады, - деп бағым берді саяхатшы.
Ол сондай-ақ, Берн, Цюрих, Женева немесе Люцернді сапардың басталатын және аяқталатын бағытына қарай бағдарламаға қосуға болатынын айтады. Ал бірінші сапарда табиғатқа басымдық берілсе, Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы Интерлакен, Лаутербруннен мен Гриндельвальдты негізгі бағыттардың қатарына қосады.
Лаутербруннен әлеуметтік желінің арқасында Швейцарияның символдарының біріне айналды. Биік жартастар, сарқырамалар мен жасыл алқаптың ортасындағы ауылды көрген адам дәл осы жерге баруды армандауы мүмкін.
Бірақ Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы Швейцарияны тек Лаутербрунненмен шектеуге қарсы. Саяхатшының өзі туристер аз баратын Лунгернді ерекше жақсы көреді. Көл жағасында орналасқан бұл ауылда туристік қарбаластан гөрі жергілікті тіршілікті көбірек сезінуге болады.
Тағы бір сүйікті бағыты – Бриенц көлінің жағасындағы Изельвальд. Мұнда ол тыныштық іздеген адамға ұнайтын қалыпты ерекше атап өтеді.
Ал Шпиц оның маршрутына тіпті кездейсоқ енген. Бір сапарында ауа райы қолайсыз болып, басқа бағыттардың көбінде жаңбыр жауып тұрған. Пойыз бағыттарын қарап отырып, Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы Шпицте күн ашық екенін байқайды да, бұрын арнайы жоспарламаған қалашыққа бара салады.
Пойыздан түскен сәттен-ақ көл жағасындағы көрініс ерекше әсер қалдырған. Кейін Шпиц оның Швейцариядағы авторлық турының бағдарламасына енеді. Бұл оқиға саяхатшыға тағы бір нәрсені түсіндірген – картадан немесе пойыз терезесінен қарағанда бір-біріне ұқсайтын шағын швейцариялық ауылдардың ішіне кірсең, әрқайсысының өз атмосферасы бар.
Сондықтан қазір оның жаңа мақсаты – көпшілік біле бермейтін ауылдарды зерттеу, жаңа жаяу бағыттарға шығу және оларды саяхатшыларға таныстыру.
«Гид тек тур ұйымдастырып, адамдарды апарып, ақша тапсам болды» деген оймен ғана шектелмеуі керек. Кез келген салада даму бар. Біздің дамуымыз – жаңа жерлерді ашу, жаңа дүниелерді көру және бұрын бармаған бағыттарға бару, – дейді ол.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
Швейцарияға қай кезде барған дұрыс?
Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы алғаш баратын адамға мамырдың екінші жартысынан бастап қазанға дейінгі аралықты қолайлы кезең деп есептейді.
Дегенмен таулы елдің ауа райын бір айға қарап нақты болжау қиын екенін ескертеді. Бір күні жаңбыр жауса, келесі күні күн ашық болуы мүмкін. Тіпті төменде күн жарқырап тұрғанда, тау басын қалың тұман басып жатуы ғажап емес.
Оның бірнеше жылдық тәжірибесінде жазғы болжамдағы жаңбырдан шошудың қажеті жоқ. Кейде болжам сапарға бір күн қалғанда өзгеріп кетеді, ал жауын жауған күннің өзінде оның таңнан кешке дейін тоқтаусыз құюы міндетті емес. Бірақ жаңбырлық пен жылы киімді алып жүруді ұмытпау керек екенін ескертеді.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
Төменде күн ашық болса да, таудың басында ештеңе көрінбеуі мүмкін
Швейцарияға келген туристің ең қымбат қателіктерінің бірі – тау басындағы ауа райын тексермей билет сатып алу. Танымал таулы бағыттардың төменгі станцияларында жоғарыдағы жағдайды тікелей көрсететін экрандар болуы мүмкін. Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы билет алар алдында сол көріністі тексеруді ұсынады.
Төменде аспан шайдай ашық болғанымен, жоғарыда тұман тұрса, қымбат билет алып көтерілген турист тау да, панорама да көрмей қайтуы ықтимал. Сондықтан жоғарыда аспан ашық па, тұман бар ма, көрініс көріне ме және аспалы жол жұмыс істеп тұр ма деген төрт нәрсеге мән беру керек.
Тағы бір маңызды мәселе – соңғы рейс.
Таудағы фуникулерлер мен аспалы жолдардың бәрі түнге дейін жүре бермейді. Кей бағыттар кешкі уақытқа жетпей жұмысын тоқтатуы мүмкін. Сондықтан көтерілген сәтте-ақ төмен түсетін соңғы рейстің уақытын білген дұрыс. Уақыттан кешіксеңіз, «тағы бір рет жүргізіп жіберер» деген үмітке сенуге болмайды, - дейді саяхатшы.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
Жаңа аяқкиім әдемі көрінуі мүмкін, бірақ бүкіл сапарды бұзады
Швейцарияда бір күнде 10–15 мың қадам немесе одан да көп жүру қалыпты жағдайға айналуы мүмкін. Сондықтан саяхатқа арнайы сатып алынған су жаңа аяқкиім жақсы идея емес. Мұны Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы өз тәжірибесінен білетінін айтады.
Бір сапарында жаңа аяқкиім киіп шығып, аяғын қажап алған. Кейін туристерінің арасында да дәл сондай жағдай бірнеше рет қайталанған. Содан бері ол топтарына алдын ала ескертеді:
Саяхатқа мүлде жаңа аяқкиіммен келмеңіздер. Алдын ала киіп, аяғыңызға үйретіп алыңыздар. Табаны ыңғайлы, бұрын бірнеше рет киілген аяқкиім әдемі жаңа кроссовкадан әлдеқайда пайдалы болуы мүмкін, - дейді ол.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
«Швейцария қымбат» деген сөз сапардан бас тартуға себеп пе?
Швейцарияға сапар туралы әңгіменің ең жиі тірелетін жері – қаржылық жағдай. Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы да елдегі қонақүй, тамақ және көлік шығынының жоғары екенін жоққа шығармайды. Бірақ оның пікірінше, «қымбат ел» деген бір ғана сөздің астында түрлі бюджетпен саяхаттаудың көптеген жолы қалып қояды.
Ең алдымен шығынның қайда кететінін түсіну керек. Мысалы, мейрамханада күн сайын тамақтану бюджетке қатты әсер етуі мүмкін. Ал негізгі мақсат елді аралау болса, супермаркеттен дайын тағам, сэндвич, нан, көкөніс және басқа қарапайым азық алып шығынды азайтуға болады.
Кейіпкеріміз сұхбат кезінде супермаркеттен бір адамның шамамен 5–6 мың теңге көлемінде тамақтануына болатын мысалдар келтіреді. Ал мейрамханадағы бір асқа бұдан бірнеше есе көп ақша жұмсалуы мүмкін екенін айтады.
Оның ұстанымы қарапайым – сапардың негізгі мақсаты табиғат пен жаңа жерлерді көру болса, ақшаны күн сайын қымбат мейрамханаға емес, басқа жерде ала алмайтын әсерге жұмсаған дұрыс. Мысалы, тауға көтеретін фуникулерге, аспалы жолға немесе мүмкіндік болса, Альпіге жоғарыдан қарауға жағдай жасайтын тікұшаққа қаражатты аямау керек екенін айтады.
Бір рет келіп тұрғаннан кейін көру керек. Тамақтан үнемдеуге болады, ал ерекше эмоция беретін дүниелерден ақша аямаған дұрыс, – дейді саяхатшы.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
Swiss Travel Pass қашан қажет?
Швейцариядағы негізгі шығынның бірі – көлік. Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы бірнеше күн бойы ел ішінде белсенді жүретін туристерге Swiss Travel Pass мүмкіндіктерін міндетті түрде зерттеуге кеңес береді. Оның айтуынша, карта пойыз, автобус, трамвай және бірқатар су көлігі бағыттарында пайдаланылып, кейбір тау көліктеріне жеңілдік алуға мүмкіндік береді.
Ал мұндай карта сатып алмайтын турист пойыз билеттерін ертерек қарастырғаны дұрыс. Топпен немесе отбасымен бара жатсаңыз, арнайы тарифтер мен жеңілдіктердің бар-жоғын да тексеру қажет.
Пойызбен жүруді жеңілдететін тағы бір құрал – SBB қосымшасы. Онда бағытты, жөнелту уақытын, ауысатын станцияны, перронды және кешігулерді бақылауға болады. Перрон ауысса немесе қозғалыста өзгеріс болса, ақпарат қосымшада жаңарып отырады. Бұл әсіресе Цюрих сияқты үлкен вокзалдарда пайдалы. Пойыздағы тағы бір қарапайым, бірақ маңызды нәрсе – билет класы. Егер екінші класқа билет алсаңыз, бірінші класс вагонына отырмау керек, - деп ескертеді авторлық тур иесі.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
Қонақүй кейде қаланың ішінде тегін жүруге мүмкіндік береді
Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы туристердің бәрі бірдей біле бермейді деп атайтын мүмкіндіктерінің бірі – қонақүйден берілетін жергілікті көлік карталары. Кейбір қалалар мен туристік өңірлердегі қонақүйлер, хостелдер немесе орналастыру орындары қонақтарына сол аумақта қоғамдық көлікпен жүруге арналған қонақ картасын ұсынады.
Сондықтан бөлме брондаған кезде тек кереует пен таңғы асқа емес, броньға қандай қосымша мүмкіндік кіретінін де қарау керек. Турист карта туралы білмей, қоғамдық көлікке бөлек билет сатып алып, кейін қонақүйден тегін мүмкіндік барын естісе, артық шығындалған болып шығады.
Көлік пе, пойыз ба?
Бұл сұрақтың жауабы саяхатшының кіммен жүргеніне байланысты. Жалғыз немесе екі адам саяхаттаса, Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы пойызды ыңғайлы нұсқа санайды. Ал балалы отбасы немесе жүгі көп топ үшін көлік жалдау қолайлы болуы мүмкін.
Бірақ шетелде бұрын көлік жалдап көрмеген адамға Швейцариядан бастап тәжірибе жасауға кеңес бермейді. Тұрақ, жол ережесі, ықтимал айыппұл және күтпеген қосымша шығындар бюджетке салмақ салуы мүмкін.
Сондай-ақ Мюррен, Венген, Церматт сияқты кейбір туристік елді мекендерде кәдімгі автокөлік қозғалысына шектеу бар. Сондықтан көлік жалдаған күннің өзінде барлық жерге онымен жете алмайсыз, - дейді саяхатшы.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
Әлеуметтік желідегі әдемі кадрдың артында не бар?
Instagram-нан Швейцарияға қарасаңыз, саяхат өте жеңіл көрінеді: таңертең терезені ашасыз – алдыңызда тау, түсте көгілдір көлдің жағасындасыз, кешке пойыз терезесінен жасыл алқапқа қарап қайтасыз. Шынайы сапардың екінші жағы да бар.
Авторлық тур иесінің айтуынша, танымал туристік өңірлерде тұру қымбат болуы мүмкін. Сұхбат кезінде ол Интерлакендегі қарапайым бөлменің бағасы кей кезеңде бір түнге шамамен 150 мың теңгеден басталуы, ал хостелдегі бір орынның өзі 40-50 мың теңгеге жетуі мүмкін екенін өз тәжірибесінен мысалға келтіреді.
Сондықтан өзі топтарына кейде Берннен қонақүй қарастырады. Оның тәжірибесінде алдын ала іздегенде Берннен 100-120 мың теңге шамасында бөлме табылған кездер болған. Бірақ мұның да күн сайын пойызбен жүру, бірнеше рет ауысу, жолға уақыт жұмсау сияқты өз «бағасы» бар.
Кей пойызда орын болмай, түрегеп баруға да тура келуі мүмкін. Яғни әлеуметтік желідегі бірнеше секундтық кадрдың артында кейде бірнеше сағат жол жүру, ерте тұру және физикалық шаршау жатады.
Швейцарияда туристі дүкендердің жұмыс кестесі де таңғалдырады
Қазақстаннан барған адамға күнделікті тұрмыстағы айырмашылықтар да бірден байқалады. Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы туристерге азық-түлік сатып алуды соңғы сәтке қалдырмауға кеңес береді. Өйткені дүкендер мен түрлі қызмет көрсету орындарының жұмыс кестесі Қазақстандағыдан өзгеше болуы мүмкін. Әсіресе жексенбі күнгі кестені алдын ала тексеру қажет.
Ол азық-түлікке Coop пен Migros секілді супермаркеттерді қарастыруды ұсынады. Ал вокзал маңындағы шағын дүкендердің ыңғайлы болғанымен, бағасы жоғары болуы мүмкін екенін ескертеді.
Тағы бір ұсақ көрінетін шығын – су. Өзіңізбен бірге бөтелке алып жүрсеңіз, ішуге жарамды су көздері бар жерде оны толтырып алуға мүмкіндік болады. Күн сайын бөтелкедегі су сатып алу бірнеше күндік сапарда қосымша шығынға айналады.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
5 немесе 10 франк көзге аз болып көрінуі мүмкін
Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы турист психологиясындағы қызық бір құбылысты да байқаған. Қазақстаннан келген адамның көзі 5, 10 немесе 20 деген санды көргенде оны бірден үлкен сома ретінде қабылдамауы мүмкін. Бірақ франкты теңгеге айналдырғанда жағдай өзгереді. Сондықтан ол алғашқы күндері сатып алатын заттың бағасын теңгеге есептеп көруге кеңес береді.
Әсіресе кәдесыйға келгенде эмоцияға ермеу керек. Гидтің пікірінше, Швейцария атауы жазылған көптеген магнит, баскиім және басқа ұсақ тауардың бағасы оның сапасына сәйкес келе бермейді. Оның орнына елмен тікелей байланысты өнімді таңдаған жөн.
Біреуге магнит апарып бергеннен гөрі, «Швейцарияның дәмін татыңыз» деп шоколад апарған әлдеқайда құндырақ, – дейді ол.
Швейцариядағы тәртіп үлкен заңдардан емес, ұсақ әрекеттерден көрінеді
Қазақстаннан барған туристерді Нұрдәулет Нұрмахамбетұлының байқауынша, қоғамдық тәртіп те таңғалдырады. Пойыз келгенде алдымен вагон ішіндегі адамдар шығады. Мінетіндер есіктің екі жағына тұрып, жолды бос қалдырады.
Эскалаторда қозғалыссыз тұрғандар бір жаққа тұрып, асыққан адамдар өтетін тұсты бос қалдырады. Қоғамдық көлікте телефоннан қатты музыка қою немесе өзгелерге кедергі келтіретіндей дауыстап сөйлеу құпталмайды. Бұл жерде ешкім туристің артынан жүріп, әр қадамын тексеріп тұрмайды. Көп жағдайда тәртіп адамдардың бір-бірінің кеңістігі мен уақытын құрметтеуінен қалыптасады.
Швейцарияның ауылдық жерлерінде де осы қағида маңызды. Әдемі кадр үшін біреудің ауласына, қоршалған жеріне немесе жеке меншігіне рұқсатсыз кіруге болмайды. Қоршаудың аласа болуы ол аумақтың ортақ жер екенін білдірмейді.
Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы елімізден баратын кез келген туристің шетелдегі әрекетін жеке адамның мінезі ретінде ғана қарастырмайды.
Шетелге шыққан кезде адам тек өзінің емес, тұтас бір ұлттың намысын арқалап жүреді. Ол жақта сізді қазақстандық немесе қазақ ретінде қабылдайды. Бір адамның әрекеті арқылы өзгелерде Қазақстан туралы пікір қалыптасуы мүмкін, – дейді ол.
Саяхат барысында оның көңіліне тиген жағдайлар да болған. 2021 немесе 2022 жылы Тбилисиде жүрген кезінде бір топ қазақ қызы суретке түсіп жатқанын көреді. Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы мен жанындағы адамдар кадрға кіріп кетпеу үшін олардың суретке түсіп болғанын күтеді. Кейін амандасқанда қыздардың бірі «тағы да қазақтар екен ғой» деген сарында реакция білдірген.
Бұл сөз саяхатшының есінде қалып қойған. Оның ойынша, шетелде жүрген қазақтар бір-бірін көргенде міндетті түрде ұзақ әңгімелесіп немесе жақын дос болуы шарт емес. Бірақ жылы амандасып, қажет болса көмектесу – қарапайым мәдениет.
«Сәлеметсіз бе! Қалайсыздар? Қай жақтан боласыздар? Сапарларыңыз сәтті өтсін» деп айтудың өзі жеткілікті, – дейді саяхатшы.
Оның түсінігінде көпті көрген адам өзгеден биік болуға емес, керісінше қарапайым болуға тиіс.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
Туристік жерде бір адамның «мінсіз кадрын» бәрі күтіп тұруға міндетті емес
Әлеуметтік желі дәуірінде саяхат мәдениетіне тағы бір қосылған мәселе – фотоға түсу. Лаутербруннен секілді танымал орындарға бір мезетте ондаған адам әдемі кадр түсіру үшін келеді. Бір адамның сол нүктені ұзақ уақыт иемденіп алып, өзгелерді күттіріп қоюын кейіпкеріміз құптамайды.
Бірнеше кадр мен қысқа видео түсіруге көп уақыт қажет емес. Ең бастысы – «мен суретке түсіп жатырмын, қалғаны күте тұрсын» деген көзқарастан арылу. Өйткені саяхаттағы мәдениет те дәл осындай ұсақ әрекеттерден көрінеді.
Гид сіздің тәулігіне 24 сағат қызмет ететін жеке көмекшіңіз емес
Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы бірнеше жыл топ бастап жүріп, туристермен жұмыс істеудің сырт көзге байқалмайтын жағын да көрген. Мысалы, гид пойызға мінер алдында: «Қырық минут жүреміз, мына станциядан түсеміз», - деп бәрін түсіндіреді. Бес минуттан кейін бір турист: «Қанша уақыт жүреміз?» - деп қайта сұрайды. Оған жауап бергеннен кейін екінші адам дәл сол сұрақты қайталайды. Біраздан соң үшінші адам тағы сұрайды. Бір қарағанда күлкілі көрінгенімен, бір топпен бірнеше күн жүрген гид үшін осындай қайталанатын ұсақ сұрақтардың өзі үлкен энергия талап етеді.
Авторлық тур иесі алғашқы жылдары туристерінің бүкіл шаруасын өзі шешуге тырысқанын айтады. Қонақүйде бір нәрсе керек болса, ресепшнге өзі барып, әр адамның мәселесін реттеуге ұмтылған. Кейін басқа елдердегі гидтердің жұмысын бақылап, өзінің туристке шамадан тыс жауапкершілік алып жүргенін түсінген.
Гид – тәулігіне 24 сағат қасыңда жүріп, барлық қалауыңды орындайтын адам емес. Ол қажетті ақпаратты береді, жол көрсетеді. Бірақ турист үшін бүкіл шаруаны істеуге міндетті емес. Гид те – адам, - дейді ол.
Қазір туристеріне қарапайым мәселелерді өздері шешуге мүмкіндік береді. Тіл білмеу де бұрынғыдай үлкен кедергі емес. Телефондағы аудармашы арқылы ресепшннен сүлгі сұрауға немесе қарапайым қажеттілікті түсіндіруге болады. Оның пікірінше, саяхат адамды тек жаңа елмен таныстырмай, өзіне жауапкершілік алуға да үйретуі керек.
Ағылшын тілін білсеңіз жеткілікті ме?
Нұрдәулет Нұрмахамбетұлының тәжірибесіне сүйенсек, негізгі туристік бағыттарда ағылшын тілімен саяхаттауға болады.
Ал тіл білмейтін адам үшін аударма қосымшалары көмекке келеді. Интернет пен eSIM мүмкіндіктері де саяхаттағы тіл кедергісін азайтқан. Дегенмен турист аз баратын шалғай өңірлерде жергілікті тіл қажет болуы мүмкін. Швейцарияның әр аймағындағы тілдік орта әртүрлі болғандықтан, мұндай бағытқа шықпас бұрын қарапайым сөздерді немесе аударма құралдарын дайындап алған дұрыс.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
Швейцария Instagram-нан әдемі ме?
Әлеуметтік желі кейде туристік орынға тым жоғары үміт қалыптастырады. Адам бірнеше жыл бойы бір сарқыраманың ең сәтті маусымда, ең жақсы жарықта, дронмен түсірілген видеоларын көріп жүреді. Өзі барғанда ауа райы бұлыңғыр немесе сарқыраманың суы аз болуы мүмкін.
Бірақ Нұрдәулет Нұрмахамбетұлының Швейцария табиғатынан көңілі қалған кезі болмаған. Керісінше, ол камера табиғаттың шынайы әсерін толық жеткізе алмайды деп есептейді. Оның Швейцарияға алғаш келген түніндегі сезімі әлі есінде. Табиғаттың сұлулығын көріп, Жаратушының ұлылығын ойлаған.
Жер бетінде осындай әдемілік болса, Алла Тағаланың жұмағы қандай екен деп ойладым, – дейді ол.
Сондықтан туристеріне жиі айтатын кеңесінің бірі – табиғатты алдымен телефонның камерасымен емес, көзбен көру.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
Тікұшаққа мінді, бірақ Альпіні телефон экранынан ғана көрді
Нұрдәулет Нұрмахамбетұлының туристерінің бірі Альпі үстінен 10–15 минуттық тікұшақ сапарына шыққан. Қайтып келген соң одан әсерін сұрайды. Сонда турист тікұшаққа мінгеннен түскенге дейін видео түсіріп, айналаны негізінен телефон экраны арқылы қарап шыққанын айтады.
Бұл жағдай гидке қазіргі саяхаттың бір қайшылығын анық көрсеткен.
Біз естелік қалдыру үшін сәтті түсіреміз. Бірақ кейде сол естелікті жасауға тырысып жүріп, сәттің өзін жоғалтамыз. Интернетте Швейцарияның 4K, 8K сапада, дронмен түсірілген мыңдаған видеосы бар. Ал адамның дәл сол сәтте таудың алдында тұрып сезінген эмоциясын кейін YouTube-тан қайта табу мүмкін емес, - деп қынжылады саяхатшы.
Сондықтан оның екінші «алтын ережесі» – алдымен қарау, содан кейін түсіру екенін де атап өтті.
Турист «осыны ертерек білгенімде» демес үшін
Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы сапар алдында қарапайым бірнеше нәрсені де тексеруге кеңес береді. Телефонның жадын босатып қою керек. Фото мен видео көбейгенде сапардың ортасында орын жетпей қалуы мүмкін.
Ақшаның негізгі бөлігін картада сақтап, күтпеген жағдай үшін аздаған қолма-қол ақша ұстаған жөн. Картамен төлем жасайтын адам PIN-кодын білуі керек. Мүмкіндік болса, телефон арқылы төлеу жүйесіне алдын ала қосып қойған ыңғайлы.
Аяқкиімді міндетті түрде сапарға дейін киіп көру керек. Қонақүйдің қандай жеңілдіктер мен көлік карталарын беретінін сұраған жөн. Ал панорамалық пойыздар секілді орын саны шектеулі бағыттардың билетін алдын ала тексеру қажет. Осындай ұсақ дайындықтар сапар кезінде үлкен мәселеден құтқаруы мүмкін.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
«Швейцарияға бару үшін бай болу керек» деген адамға не айтады?
Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы бұл пікірмен толық келіспейді. Оның ойынша, саяхатқа ақша қажет екені сөзсіз. Бірақ адамның сапарға шығуына кедергі болатын жалғыз нәрсе ақша емес. Кейде ақпараттың жоқтығы, жоспарламау немесе өзін алдын ала шектеу де сондай рөл атқарады.
Сондықтан «Швейцария қымбат» деп бірден бас тартпас бұрын нақты маршруттың қанша тұратынын есептеп көруге кеңес береді. Қай шығын міндетті? Қайсысын қысқартуға болады? Қонақүйді қай қаладан алған тиімді? Қандай көлік картасы қажет? Мейрамхананың орнына супермаркет пайдалансаңыз қанша үнемдейсіз? Осы сұрақтардың жауабы табылғанда «қол жетпейтін ел» нақты бюджеті бар сапарға айнала бастайды.
Швейцария – Марс емес. Қазір әлем дамыған, ақпараттың бәрі қолжетімді. Алдымен зерттеу керек. Адам өзін алдын ала шектемеуі керек, – дейді саяхатшы.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
Швейцарияға қайта-қайта оралудың себебі не?
Бір елге он шақты рет барған адам үшін алғашқы әсер жоғалатын сияқты. Ал Нұрдәулет Нұрмахамбетұлында керісінше. Бір жазда бір көлдің жанынан бес-алты рет өтуі мүмкін. Бір тауды қайта-қайта көреді. Бір пойыз бағытымен бірнеше топты алып жүреді. Сонда да терезеден қараудан жалықпайды.
Кейде туристер телефонға үңіліп отырғанда:
– Телефонға емес, пойыздың терезесіндегі табиғатқа қараңыздар, – деп ескертеді.
Өзі бірнеше рет көрген пейзажға туристерден де ұзақ қарап отыратынын айтады. Сондықтан Швейцарияға деген сезімін жай қызығушылық немесе «тағы бір елді көріп қайту» деп сипаттамайды.
Менде бұл елге деген құмарлықтан гөрі махаббат басым сияқты. Қанша рет көрсем де, көзім тоймайды, – дейді ол.
Саяхаттың ең үлкен пайдасы – басқа елді емес, өз еліңді қайта көру
Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы үшін саяхаттың мәні әдемі жерлерді белгілеп, «бардым» деген елдердің санын көбейтумен аяқталмайды. Шетелге шыққан сайын адам еріксіз салыстырады. Неге мұнда аула таза? Неге адамдар кезекті сақтайды? Неге табиғи аумаққа ұқыпты қарайды? Неге біреудің жеке кеңістігіне кірмеу қалыпты әдетке айналған?
Швейцария ауылдарында әр үйдің ауласын көргенде кейіпкеріміз тазалықтың бәрін мемлекет жасап бермейтінін түсінгенін айтады. Үйінің маңын таза ұстау, гүл егу, артық зат жинамау, айналаны көріктендіру – ең алдымен сол жерде тұратын адамның күнделікті таңдауы.
Осы тұста саяхатшының әңгімесі Швейцариядан Қазақстанға ауысады.
Фото: El.kz/Назерке Чакирбаева
Оның пікірінше, өз еліміздегі барлық мәселені тек үкіметке ысыра бермей, адамның өзі жасай алатын нәрседен бастау қажет. Үйдің ауласын тазалау үшін мемлекеттік бағдарлама күтудің қажеті жоқ. Табиғатқа қоқыс тастамау үшін де арнайы науқан керек емес. Шетелден көрген жақсы дүниені таңырқап қайту ғана емес, оны күнделікті өмірге енгізу маңызды.
Сыртқа шыққан сайын адам өз елін басқа мемлекетпен салыстырады. Өз еліңнен озық жерлерін көрсең, қызығасың. «Бізде де осындай болса ғой» деп ойлайсың, – дейді саяхатшы.
Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы саяхаттың қоғамға да әсер ете алатынына сенеді. Көп адам басқа елдегі өмір салтын өз көзімен көріп, елге жаңа тәжірибемен қайтса, күнделікті әдеттер де біртіндеп өзгеруі мүмкін деген пікірде.
Бірақ бұл үшін басқа елді тамашалап қана қою жеткіліксіз. Көргеніңнен қорытынды шығару керек. Өйткені Швейцарияны ерекше ететін нәрсе тек тау мен көл емес. Табиғатты қалай сақтайтыны, адамдардың ортақ кеңістікке қалай қарайтыны және әр адамның өз жауапкершілігін сезінуі де маңызды.
Фото: Нұрдәулет Нұрмахамбетұлының жеке мұрағатынан
Қазақстанның да табиғаты көркем. Бірақ авторлық тур иесінің ойынша, қолдағы табиғатты қорғап, таза ұстап, қадірлей алмасақ, басқа елмен сұлулық жөнінде жарысудың мәні аз. Сондықтан оның саяхат философиясы бір қарағанда қарапайым.
Жоспар құр. Ақшаңды есепте. Ыңғайлы аяқкиім ки. Жергілікті адамның кеңістігін құрметте. Гидке бүкіл жауапкершілікті артып қойма. Әдемі жерде өзгелерді жарты сағат күттіріп суретке түспе. Телефонды анда-санда қалтаңа сал. Ең бастысы – барған жеріңе жай ғана қарап қайтпа. Көр. Сезін. Салыстыр. Содан кейін өз өміріңе не алып қайтатыныңды ойлан. Өйткені жақсы саяхаттың ең бағалы кәдесыйы магнит те, шоколад та, жүздеген видео да емес. Ол – адамның бұрынғы қалпында қайтпауына себеп болатын жаңа көзқарас, -деп қорытындылады Нұрдәулет Нұрмахамбетұлы.