Қазақстан мектептерінде маңызды өзгерістер енгізіледі: оқушыларды не күтіп тұр?

Қазақстан мектептерінде маңызды өзгерістер енгізіледі: оқушыларды не күтіп тұр?
Фото: El.kz архиві

Қазақстанда мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты жаңартылып, Жаңа Конституцияның нормалары мен құндылықтарына толық сәйкестендірілді. 

Жаңартылған стандартқа сәйкес, білім беру мазмұнына Конституция қағидаттары, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтары, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы және «Заң мен Тәртіп» қағидаты жүйелі түрде енгізілді.

Сонымен қатар оқушылардың жасанды интеллект пен цифрлық ресурстарды тиімді, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалану құзыреттерін дамытуға ерекше назар аударылған.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

Сондай-ақ Конституцияның негіздерін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін, мемлекеттік рәміздердің маңызын, мемлекеттік тілге құрметті және заң үстемдігі қағидаттарын меңгеруге қойылатын талаптар күшейтілді.

Жаңартылған мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын сапалы жүзеге асыру мақсатында республикалық және өңірлік деңгейде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады.

Ведомствоның мәліметінше, енгізілген өзгерістердің барлығы білім сапасын арттыруға, оқушылардың заманауи құзыреттерін дамытуға және білім беру жүйесін Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкес одан әрі жетілдіруге бағытталған.

Қазақстан мектептерінде жаңа пәндер енгізіледі

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан мектептерінің оқу бағдарламасына жаңа міндетті пәндер мен курстар енгізілетіні туралы мәлімдеген еді.

Министрдің айтуынша, жаңа 2026-2027 оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірнеше жаңа міндетті курспен толықтырылады.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. Ал 8-11-сыныптарда «Заң және тәртіп» міндетті курсы оқытылады. Сонымен қатар 5-11-сыныптардың барлығына «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы енгізілмек.

Сондай-ақ келесі оқу жылынан бастап 8-9-сыныптарда «Қазақстан географиясы» пәні қайтадан жеке пән ретінде оқытылады.

Министрдің сөзінше, бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылған «Құқық негіздері» енді барлық оқушы үшін міндетті болады және оның мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына толық сәйкестендіріледі.

Оқулықтар қайта басылады

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жаңа оқу жылына дайындық аясында мектеп оқулықтары кезең-кезеңімен қайта басылып жатыр.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

30 тамызға дейін 3-9-сыныптардың, 30 желтоқсанға дейін 4-9-сыныптардың, ал келесі жылдың 1 сәуіріне дейін 8-сыныптың барлық пән бойынша оқулықтары жаңартылады. Тек «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» пәндері ғана әзірге қайта басылмайды. Себебі бұл пәндер бойынша жеті томдық жаңа академиялық басылымның дайындалуы күтілуде.

Министрдің айтуынша, заң бойынша оқулықтар әр бес жыл сайын қайта басылуы тиіс. Қазіргі таңда қолданылып жүрген кітаптардың басым бөлігі 2017 жылы жарық көрген.

Бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ алынып тасталуы мүмкін

Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) алып тастау мәселесін де қарастырып жатыр.

Фото: El.kz архиві
Фото: El.kz архиві

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бұл мәселені ата-аналар көтерген. Оның пікірінше, бүгінде жиынтық бағалау тапсырмаларының сатылу фактілері анықталып жатыр және мұндай әрекеттерге құқықтық баға берілуі қажет.

Министр әлемнің көптеген дамыған елінде критериалды бағалау жүйесі қолданылғанымен, бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ өткізілмейтінін атап өтті. Бұл мәселеге қатысты министрлік соңғы шешімді дәстүрлі тамыз кеңесінде жарияламақ.

Бес балдық жүйе қайтарыла ма?

Министрдің сөзінше, әлемде оқушылардың жас ерекшеліктері мен білімді меңгеру деңгейіне қарай қолданылатын түрлі бағалау тәсілдері бар. Қазіргі уақытта министрлік жасанды интеллект мүмкіндіктерін ескере отырып, бағалау жүйесін жетілдіру мәселесін талдап жатыр.

Біз бұған дейін мектепке диктант, мазмұндама және шығарма жазу қайта оралса, не өзгеретіні туралы жазған едік.

Оқи отырыңыз