Жаңалықтар

"Қателігімді мойындаймын". Басы дауға қалған радио директоры кешірім сұрады

"Қателігімді мойындаймын". Басы дауға қалған радио директоры кешірім сұрады
Фото: Видеодан кадр 05.12.2023 12:25 4572

Қазақ тіліндегі әндер туралы пікір білдірген "Бизнес FM" радиостанциясының бас директоры Рүстем Мақсұтов халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Рүстем Мақсұтов өзін-өзі қорғау үшін сотқа жүгініп, сөздерінің ақ-қарасын ажырату мақсатында филологиялық сараптама жасатқан.

Рүстем Мақсұтовтың бейнежазба арқылы көрсетілген сөздерінде ұлт араздықты қоздыру белгілері жоқ. Азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері жоқ. Рустам Мақсұтовтың сөздерінде қазақ тілінің беделін түсіретін белгілер табылмады. Қазақстан Республикасында қазақ тілін шектеу қажеттілігі туралы сөз айтылмаған, – делінген Мақсұтовтың өзі оқып берген сот сараптама нәтижесінде.

Stan.kz ақпарат агенттігінің мәліметінше, Рүстем Мақсұтов қазақша әндер туралы айтқан сөздері көпшіліктің көңіліне тиіп кеткенін мойындайды. Ол таралған бейнежазбада “мен қазақша әндерді жақсы көрмеймін” деп айтпағанын алға тартады. 

Менің сөздерім екі жақты қабылданды. Бұл менің кінәм және мен оны мойындаймын. Мен бұл сөздерді айтқан кезде ойымда мүлдем басқа ниет болды. Осы сәтте мені қолдағандар болды және керісінше мені даттағандар да табылды. Сол азаматтардың алдында ресми түрде кешірім сұраймын. Өз-өзіме деген сенімділіктің құрсауына түсіп қалғандай күйдемін. Мен қателік жасағанымды мойындаймын. Мен сізден кешірім сұраймын, – деді "Бизнес FM" радиостанциясының бас директоры.

Айта кетейік, қазақ әндерінің көпшілігі радиоға жарамайтыны туралы атап өткенін жазған едік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға