Педагогтерге жаңа мүмкіндік: қалай робототехника тренері атануға болады?

 Оқу-ағарту министрлігі
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Маңғыстау облысында STEM бағытындағы білім беруді дамытуға арналған жаңа жоба іске қосылады. Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен және «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында жүзеге асатын STEM Hanym бастамасы өңір педагогтеріне жаңа мүмкіндіктер ұсынбақ.

Жоба аясында 300-ден астам әйел-педагог робототехника және заманауи STEM бағыттары бойынша тегін оқудан өтеді. Бағдарлама Ақтау мен Жаңаөзен қалаларын, сондай-ақ Шетпе, Бейнеу және Құрық ауылдарын қамтиды.

STEM Hanym жобасына онлайн оқудан өтіп, конкурстық іріктеуден сәтті өткен үміткерлер қатыса алады. Бағдарлама педагогтерге, педагогикалық бағыттағы студенттерге, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға, сондай-ақ технология саласында дамуға қызығушылық танытқан әйелдерге арналған.

Оқу-ағарту министрлігі 

STEM саласындағы жаңа буын мамандар

Жобаның негізгі мақсаты – әйелдердің STEM саласындағы рөлін күшейту, өңірлерде инженерлік білім беруді дамыту және робототехника бағытында жаңа буын тренерлерін даярлау.

Оқыту жергілікті деңгейде ұйымдастырылады. Тәжірибелі мамандар өңірлерге арнайы барып, қатысушыларға практикалық сабақтар өткізеді.

Бағдарлама барысында қатысушылар 3D модельдеу, робототехника, жасанды интеллект негіздері, инженерлік ойлау және командалық жұмыс дағдыларын меңгереді. Сонымен қатар олар оқушыларды халықаралық деңгейдегі технологиялық жарыстарға дайындау қабілетін де игереді.

Алдыңғы тәжірибе

STEM Hanym жобасының алғашқы легі 2025 жылы Атырау облысында жүзеге асырылған. Ол кезде 300-ден астам әйел-педагог оқудан өткен болатын.

Оқу-ағарту министрлігі 

Бағдарлама түлектері бүгінде Қазақстан атынан түрлі республикалық және халықаралық робототехника чемпионаттарына қатысып жүр. Олардың қатарында АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен FIRST әлем чемпионаты да бар.

Жоба ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар өңірлерде цифрлық білім беруді күшейтіп, жаңа технологиялық мамандарды даярлауға жол ашады.

Оқи отырыңыз