Ерекше оқушы АҚШ-тың ең беделді университетіне оқуға түсті

 ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Алматылық оқушы Мансұр-Сойор Досанов әлемдегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі University of California, Berkeley университетіне оқуға қабылданды. Ол математика және физика бағыты бойынша грант жеңіп алып, өз жетістігімен көпшілікті тәнті етті.

АҚШ университетіне түсуге дайындықты Мансұр 2023 жылдан бастап жүйелі түрде қолға алған. Қабылдау кезінде негізгі талаптың бірі саналатын SAT халықаралық емтиханында ол 1600 мүмкін балдың 1530-ын жинаған. Сонымен қатар ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын IELTS емтиханынан 8.5 балл алып, жоғары нәтиже көрсетті. Бұл көрсеткіштер оның ұзақ жылғы еңбегі мен үздіксіз ізденісінің жемісі болды.

Мансұрдың жетістігін ерекше ететін тағы бір жайт – оның бала кезінен церебралды сал ауруымен өмір сүріп келе жатқаны. Соған қарамастан ол білім алып, өз қабілетін дамыту жолынан бас тартпаған. Керісінше, алға қойған мақсатына табандылықпен ұмтылып, өзінің мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдей білді.

Жас талапкердің өмірінде отбасының қолдауы айрықша рөл атқарған. Ата-анасы ұлының білім алуына, дамуына және арманына жетуіне әрдайым жағдай жасап, жанынан табылған. Мансұрдың бүгінгі табысы – отбасы қолдауы мен жүйелі еңбектің жарқын нәтижесі.

Ол тек оқумен шектелмейді. Мансұр жүзумен айналысады, аспаздыққа қызығады және саксофонда ойнайды. Музыкамен айналысу мен күрделі халықаралық емтихандарға қатар дайындалу одан үлкен тәртіп пен ерік-жігерді талап еткен.

Бүгінде Мансұрдың жетістігі көптеген жасқа мотивация беретін оқиғаға айналды. Оның өмір жолы инклюзивті білім берудің маңызын және әр балаға өз әлеуетін ашуға мүмкіндік беру қажеттігін көрсетеді.

University of California, Berkeley – әлемдегі ең үздік зерттеу университеттерінің бірі. Бұл оқу орнымен ондаған Нобель сыйлығының лауреаттары байланысты. Әсіресе математика, физика, инженерия және компьютерлік ғылымдар бағытындағы ғылыми мектебі жоғары бағаланады. Сондықтан Berkeley университетіне түсу АҚШ-тағы ең бәсекелі әрі беделді жетістіктердің бірі саналады.

Оқи отырыңыз