Жаңалықтар

Қорытынды

Осы дәуірде дербес халықтың жаңа мазмұнды ұлттық әдебиетінің негізін қалап, көркемдік әлемін белгілеуде шешуші қызмет еткен тұлғалар жыраулар болды.
31.03.2014 11:28 20640

Қазақ халқының елдік тарихында хандық дәуір қаншалықты тарихи маңыз иеленсе, осы дәуірде жасалған әдеби мұралар да соншалықты тарихи-көркемдік маңызға ие. Өйткені қазақ руларының ортақ шаңырақ астында ұйысып, дербес ел ретінде өзіне тән өмір салтын қалыптастырған дәуірі дәл осы хандық билік жүйесі аясында өткерген ғасырлар болса, қазақ халқының өзіне ғана тән төл әдебиеті мен мәдениетінің бет-бағдарын айқындай қалыптасқан уақыты да осы дәуір еншісінде.

Қазақ халқы дербес ел ретінде тарих сахнасына шыққан ХV ғасырдан басталып, ХVІІІ ғасырдың соңына дейін ұласқан жыраулар поэзиясы кейінгі дәуірлерде кемелдене өркендеген ұлттық әдебиетіміздің негізгі көркемдік проблемалары мен қаһармандар жүйесін белгілеумен ғана шектелген жоқ, сонымен бірге қазақ әдебиетінің көркемдік даму тұрғысынан бет түзер кеңістігін де бағдарлады. Осы дәуірде дербес халықтың жаңа мазмұнды ұлттық әдебиетінің негізін қалап, көркемдік әлемін белгілеуде шешуші қызмет еткен тұлғалар жыраулар болды.

Ал өзгені қайталамайтын өзіндік мазмұны мен пішіні айқын танылатын жаңа әдебиетті қалыптастырған қазақ жырауларыныңшығармашылық тұлға ретіндегі қасиеттері қандай? Оларды өзге халықтар мәдениетінен белгілі әдеби шығармашылық иелерінен даралай танытатын сипаттар қандай?

1456 жылы дербес Қазақ хандығы құрылғаннан бастап жыраулар мәдени даму үдерісінде әдеби шығармашылық иелерінің қазақ халқына ғана тән жаңа типі ретінде жарқырай танылды.Жыраулардықазақхалқынағанатәншығармашылық күштер ретінде тануға жол ашатын негізгі себеп – олардың шығармаларында кеңінен көрініс тапқан көркемдік сипаттар мен жан-жақты жарқырай пайдаланылған көркемдік әдіс-тәсілдердің өзге халықтар еншісіндегі әдеби мұраларда қазақ жыраулары белгілеген деңгейде көрінбейтіндігі. Әрине, бұл пікір өзге халықтар әдебиетінде жыраулар поэзиясымен үндес дүниелер жоқ дегенді білдірмейді. Дегенмен, қазақтың жыраулар поэзиясында қалыптасқан әдеби-поэтикалық бейнелер мен бейнелеу үлгілері басқа ешбір әдебиеттен кезікпейтіні анық. Өйткені ұқсастық, үндестік еш уақытта тепе-теңдікті білдіре алмайды. Осы тұрғыдан келгенде, жыраулар – қазақтың төл әдебиетінің ізашарлары.

Ұлттық әдебиетіміздің ізашарлары жыраулар екенін тиянақтайтынмаңызды факторлардың бірі – олардың поэзиясында көрініс тапқан көркемдік сипаттардың кейінгі дәуірлердегі қазақ әдебиетінде кеңінен өркен жая өрістеуі және бүгінгі таңда да көркемдік маңызын жоғалтпай, дамып келе жатқандығы. Ал жыраулар поэзиясында қалыптасқан көркемдік сипаттар дегенде, қандай мәселелерге ден қою абзал және сол сипаттардың жетекші мән иеленуіне қандай жағдайлар себеп болған?

Бұл сұрақтардың жауабын табу үшін жыраулар поэзиясы пайда болып, қалыптасқан дәуірдегі тарихи жағдайлар мен қоғамдық-әлеуметтік өмір ерекшеліктеріне зер салу ләзім. Себебі қандайда бір мәдени процестің өз уақытындағы тарихи оқиғалар мен қоғам өмірінен тыс қала алмайтыны мәлім. Осы жәйтті ескерсек, жыраулар поэзиясының жаңа мазмұнды әдебиет үлгісі ретінде туып, қалыптасуында шешуші роль атқарған тарихи жағдай дербес Қазақ хандығының құрылуы және сол мемлекет аумағында жаңа мәдениетке ие халықтың өзіне ғана тән өмір салтын орнықтыруы екендігіне шәк келтіру орайсыз болмақ. Нақтылай айтқанда, өз жері, өз мемлекеті бар халық өзінің дербес мәдениетін, соның ішінде көркем әдебиетін туғызды. Ұлттық жаңа әдебиеттің алғашқы көрінісі жыраулар поэзиясы болды.

Жоғарыда айтылғандай, жыраулар поэзиясы хандық дәуірдеөркендеді. Бұл дәуірде қазақ халқының тағдыр-талайы бірнеше мәрте сынға түскені тарихтан мәлім. Дәл осы құбылмалы кезеңдерде өмір сүріп, жыр-толғауларын жарыққа әкелген жыраулардың өз халқының тағдырынан қалыс қалмағаны түсінікті. Ел мен жер амандығы жолындағы Ұлы жорықтар мен қанкешу шайқастардың бел ортасында жүрген қазақ жыраулары үшін ерлік пен батырлықтың ең маңызды тақырыпқа айналуы, соған орай, ел мен жерді қорғау идеясының маңызды орын алуы заңды жәйт еді. Асқақ арман мен ұлы мұраттарға ұмтылған жыраулардың шығармашылығында романтикалық сезім мен пафостың бел алуы да сондықтан.

Дегенмен,қазақжырауларынатәнромантиканыкейтұстарда өмірлік шындықтан алшақтап кететін батыс әдебиетіндегі романтизммен шендестіре тануға келмейді. Өйткені жыраулар поэзиясындағы романтика өмірлік ақиқаттардан бастау алып жатты. Қазақ жыраулары өздері жырлаған өмірді, немесе қаһарманды романтикалық бейнеге айналдырған жоқ, туған халқы мен сол халықтан шыққан қаһармандардың рухани болмысын асқақтата жырлады. Сол себепті жырауларға тән романтизм өмірлік шындықпен астаса көрінді. Соның нәтижесінде жыраулар поэзиясында романтизм мен реализм тығыз ұштаса дамып, жыраулар поэзиясының жаңа мазмұнды әдебиет үлгісі ретінде қалыптасуына жол ашты. Демек, жыраулар поэзиясы – романтизм мен реализм әдістерін шебер тоғыстырған әдебиет үлгісі. Жыраулар поэзиясына етене осы қасиет хандық дәуірдің барлық кезеңінде де сақталды.

ХVІІІ ғасырдың соңғы ширегіне қарай орныққан біршама қалыпты тіршілік әдеби өмірде ақындар поэзиясының көрінуіне мүмкіндік ашты. Жорықтар мен шайқастар үстінде қалыптасқан жыраулар поэзиясына қарағанда, ақындар поэзиясы күнделікті өмір шындығына бет бұруымен, соған сәйкес, ел өмірін реалистік аяда бейнелеуімен ерекшеленді.

Хандық дәуірдегі әдебиеттің осы ерекшеліктері назарға алына отырып, бұл оқулықта аталмыш дәуір әдебиетін айшықтайтын көркемдік сипаттардың ХV-ХVІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген жыраулар мен ақындардың шығармаларында қандай үлгіде көрінгені уақыт ерекшелігімен сабақтастырыла және нақты мәтіндер негізінде қарастырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға