Жаңалықтар

Наурыз: Кәсібін дөңгелеткен арулар

Наурыз: Кәсібін дөңгелеткен арулар
Фото: © El.kz 07.03.2022 21:01 43261

8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барша нәзік жандыларды көктем мерекесімен құттықтады. «Халқымыздың «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл сөзінің терең мән-маңызы бар. Қазақстанда әйелдерге барлық жағдай жасалған. Олар білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт,  өндіріс пен құқық қорғау және басқа да салаларда табысты еңбек етуде. Мемлекеттік органдар мен ірі компанияларда басшылық қызмет атқаратын немесе бизнес саласында кәсібін өркендетіп жүрген әйелдеріміз аз емес. Қыз-келіншектер еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене атсалысуда. Өскелең ұрпаққа өнегелі тәлім-тәрбие беру ісінде әйелдер айрықша рөл атқарады» деді Мемлекет басшысы өз құттықтауында.

Барлық салада жетістікке жетіп жүрген нәзік жандылардың үлесі де Жаңа Қазақстанның ілгерілеуіне септігін тигізетініне сенетіні де нақтылады. Ал ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалатынын атап өтті. Біз осы орайда өз кәсібін ашып, мемлекеттік қолдау алып, бірнеше адамға жұмыс та беріп отырған арулармен сырласып көрдік.

Наурыз: Кәсібін дөңгелеткен арулар

«Кәсібім өмірлік жарымды табуға көмектесті»

Айнұр Өмірзақова бала кезінен тіс дәрігері болуды армандаған. Өйткені оның ата-анасы да осы саланың мамандары. Мектепті ойдағыдай тамамдаған соң, Самара мемлекеттік медицина университетіне оқуға түседі. Дәл осы жерде, өзімен кәсіптес болатын өмірлік жарын кезіктіреді. Екеуі қолұстасып, мамандығын алып шыққан соң, стоматологияда тәжірибе мен шеберлік жинап жұмыс істеген. Айнұр – ортодонтияға, жолдасы Қуаныш Кенеев протездеу ісіне маманданған. Осылайша екеуі 2018 алғашқы клиникаларын ашып, бірнеше адамға жұмыс ұсынады.

«Алғашқы клиникамыз шағын, екі кабинеттік болды. Үш тіс дәрігері және екі ассистент жұмыс істедік. Бірінші ВТБ банкке коммерциялық жылжымайтын мүлік сатып үшін несие алуға өтінім беріп, банк мақұлдаған несиенің пайызын «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында субсидиялап, мөлшерлемесін 6%-ға дейін арзандатты. Осылайша біз армандаған алғашқы клиникамызды аштық», – дейді мамандығын кәсіпке айналдыра алған ару.

Осы уақыт аралығында жас жұбайлар жеке кәсібін дамытуды жоспарлауды доғармайды. Армандау мен мақсат қоя білу алға жетелейді деген Арайлым күн өткен сайын емделушілерінің көбеюі арманынан қанат бітіргенін айтты. Оның айтуынша, мамандық таңдау да, оны өмір бойы табыс көзіне айналдыра білу де қажырлы еңбекті талап етеді. Олар үлкен клинка ашуды армнаудан ұмытқан жоқ. Әрі келушілеріне сапалы қызмет ете жүріп, болашақ кәсібінің клиенттерін қалыптастыра бастады. Осылайша, стоматологиялық клиникаға деген сұраныс күн сайын арта түсіп, екінші клиниканы да ашуға мүмкіндік туатын сәтті күтеді.

«Жолдасым екеуіміз үлкен клиника ашсақ деп армандадық. Бірақ қаражатымыз болған жоқ. Негізі адам алдына мақсат қойса, оған жетеді. Өзіміз армандаған клиникамызды ашқымыз келді. «Даму» қорына барып, мемлекеттік қолдау алдық. Стоматологиялық клиника қазір сапалы медициналық қызмет көрсетіп жатыр. Қазір күнделікті пацинет қабылдап жатырмыз, бос уақыт, бос сағат жоқ жұмыс кестемізде. Сүйікті мамандығымызды жеке кәсібімізге айналдыра алғанымызға қуаныштымыз. Болашақта да тоқтап қалмай дами түскім келеді. Өйткені мен ата-анамнан адалдықты ғана емес, дәл осы кәсіпті игердім ғой. Бұл сала біз үшін, біздің отбасымыз үшін ерекше», – дейді Айнұр Сайынқызы.

Дәл қазіргі уақытта Айнұрдың клиникасында штатта 6 дәрігер, Айнұр мен Қуанышпен 8 дәрігер жұмыс істейді. Медбике, санитарка сияқты мамандарын қосқанда 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Қазіргі таңда кімнен жұмыс сұрайсың? Үкіметтен де, өзге біреуден де жұмыс сұрап отырғанда өз сүйікті ісіңді кәсіпке айналдырып, өзің жұмыс берсең, нағыз бақыт сол ғой. Қазір нарық заманы. Жұтпасаң, жұтылып кетуің мүмкін. Сондықтан әр істің басын бір шалмай, нақты бір іспен айналысып, оны дамыту керек деп ойлаймын. Қазір көп жастың бизнеске деген ынтасы ерекше. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып жатқан да, грант алып жатқан да көбіне жас мамандар. Еліміз шағын және орта бизнеске барынша қолдау жасайды, тек соны пайдалана білу керек деп ойлаймын», – дейді Айнұр Өмірзақова.

Наурыз: Кәсібін дөңгелеткен арулар  

Үш кәсіпті меңгерген ару

Ал Арайлым Мырзабекованың екі жоғары білімі бар. Бірі – музыкант, екіншісі – заңгер. Қазір өзі жеке кәсіппен айналысады. Әкесінің домбырамен айтқан әндерін тыңдап өскен ол өнерге бір табан жақын болып шықты. Оқушы кезінен түрлі байқауларға қатысып, ән салып өседі. Заңгер мамандығы бойынша екі жыл жұмыс істеп, сосын өнерге біржола бет бұрады. 15 жылдай той басқарып, ауыл ауылды аралап, концерт қойып жүреді.

«Кішкентай кезімнен ән салып, өнерге жақын өскен соң, тоғызыншы сыныпты тамамдап, музыкалық колледжге оқуға түстім. Бар арман-мақсатымды өнермен байланыстырдым. Өйткені әкем домбырамен ән салатын. Одан соң Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің музыка факультетінде білімімді жалғастырдым. Бала кезімнен «Әнші балапан», «Балдәурен» байқауларында жүлделі орындар алдым. Кейін тағы да жоғары оқу орнында Заң саласы бойынша білім алып, екі жыл қызмет еттім. Бірақ бәрібір өнер өзіне тартпай қоймайды екен. Ақыры біржола өнер саласына оралдым», – дейді Арайлым Абатқызы.

Оның айтуынша, жолдасы екеуі бірге ән айтуды осыдан бес жыл бұрын бастаған. «Алма ағашынан алысқа түспейді» дегендей, балаларынан да өнерге бейімділік байқалады. Олар да ән шырқайды, би билейді, домбырада ойнайды.

«Алдымен өз балаларымызды үйретіп жүріп, сосын өзгелерден де балаларын үйрету туралы ұсыныс ала бастадық. Осылайша неге арнайы орталық ашып, кәсіп жүргізбеске деген ой туды. 2020 жылы «Бастау» бағдарламасы бойынша оқып жүргенде «Даму» Қоры арқылы музыка мектебі мен мектепке дейінгі білім беру орталығының ғимаратын сатып алдым. «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Сбербанк» АҚ ЕБ арқылы алған несиесінің 8%-ы субсидияланып, жылына 6%-бен ғана қарыз төлеймін. Несие сомасының 70%-ына Қордың кепілдігін де пайдаландым. Осылайша жеке кәсіпкер болып шыға келдім», – дейді Арайлым Мырзабекова.

«Негізі адам өзінің сүйікті ісін дамыту үшін кәсіп ашса, ол кәсіп өте үлкен жетістікке жетеді. Сол үшін қолдан келетінін ғана бастау керек. Менің музыка мектебімнің басты міндеті – музыкаға деген сүйіспеншілікті ояту. Музыка қиялды дамытады. Менің бала кезгі арманымның орындалғаны үшін бақыттымын. Ал өз кәсібін ашып, жүргіземін деген адамға елімізде мүмкіндік көп. Мемлекеттік қолдау да жақсы болады. Шағын және орта бизнес өкілдеріне деген сұраныс өте жоғары. Президентіміздің өзі кәсіп саласын дамытуды тапсырды емес пе?! Ендеше біз неге қолымыздан келіп тұрса, кәсіппен айналыспасқа?. Қазір біздің өнер мектебімізде еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін білім ала алады. Өйткені кішкентай балаларды барынша қолдасақ, үлкендердің бала кезгі арманын, ішіндегі әншілік қабілетін сыртқа шығарып, орындауға мүмкіндік береміз», – дейді ол.

Арайлымның айтуынша, кез келген мәселеде отбасы – бірінші қолдау, бір-біріне деген сенім, қорғаныш, махаббат. Осы арқылы да бүгінде біраз шаруаны жолдасымен бірге жүргізіп келеді.

 Наурыз: Кәсібін дөңгелеткен арулар

Жүк көлігін кәсіп кеткен әйел

Гульфия Зангирова 15 жылдан бері кәсіппен айналысады. Және ерекше кәсіпке де ойламаған жерден келген. Ол жүк көліктерінің тасымал қызметін кәсіп еткен. Атап айтқанда ірі жүк көліктері қалааралық, халықаралық нарықта қызмет етіп, сапалы жұмыс істеп отыр.

«2008 жылы үй салып, құрылыс материалдарын алуға базарға жиі баратынмын. Алған материалдарымды жеткізетін көлік табу өте қиын болатын. Осы кезде маған нарықта жүк тасымалдайтын көліктердің жеткіліксіздігі туралы ой келді. Келесі жылы жолдасым екеуіміз алғашқы жүк көлігімізді алдық. Әйел адамға еш қиындығы жоқ, бір көргенде бәрі қиын деп ойлайды. Ерлер шешуі керек мәселенің бәрінде жолдасым көмектеседі. Қазіргі таңда Қызылорда, Алматы, Петропавл, Шымкент, Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстаннан тапсырыс алып, қатынайтын 8 жүргізушіміз бар. Барлық техникалық мәселелерге жолдасым жауап берсе, мен логистика-бухгалтерия жағына жауап беремін. Қазір ұлымыз да логистика саласы бойынша атсалысып келеді», – дейді Гульфия Зангирова.

Қазір отбасының негізгі табыс көзі – алысқа жүк тасымалдау. Сегіз көлік жүргізушісі, ТЖО технигі, бас аяғы 15-ке жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Гульфия Қазақстан тасымалдаушылар одағына кірген. Одақта 300 үздік тасымалдаушы бар. Еуропа мен Қытай нарығына шығу мүмкіндіктері де зор.

«Мен өз кәсібімді өте жақсы көремін. Өзіме өте қызық. Өз ісімізді бұдан да әрі ілгерілетуге бар күш-жігерімізді саламыз. Мен бизнес үшін мемлекеттің қолдауы өте жақсы деп есептеймін. Көп адам бұл қолдауды дұрыс түсіне бермейді, дұрыс пайдалана алмайды. Бөлінген қаржыны бос жұмсап жіберуі мүмкін. Егер біз осы мәселені жақсы түсініп алсақ, бизнес саласы жаңа сатыға көтерілер еді. Қазіргі қиын жағдайдың өзінде мемлекет бізге барынша қолдау білдіріп отыр. Жұмыс істеуге, табыс табуға мүмкіндік беріп тұрғанда, оны неге сәтті пайдаланбасқа?!», – дейді Гульфия Зангирова.

Айта кетейік, бұл Гульфияның отбасылық кәсібі. Жолдасы, баласы үшеуі бірігіп жүргізіп отыр. Кәсіпкердің өзі логист, менеджер, есепші қызметін атқарады. Күйеуі машиналардың техникалық жағдайына, кадрларды іріктеуге және жүргізушілерге психологиялық қолдау көрсетуге жауап береді. Ұлы да логистика мен жүргізушілердің біліктілігін арттыруға жауапты.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға